Франциядағы наразылық: шерушілер Лувр музейіне кіруге бөгет жасады

Бүгін, 18:47 / Ербұлан Қайрат

Францияда өмір сүру құнының қымбаттауына және полицияның әрекетіне қарсы наразылық күшейіп жатыр. Дүйсенбі, 19 қазанда Париждегі Лувр музейінің кіреберісін шерушілер бөгеп, әлемдегі ең әйгілі музейлердің бірінің уақытында ашылуына кедергі келтірді. Бұл акция елдегі мектеп оқушыларының қозғалысын қолдау және полицияның әрекетіне қарсылық білдіру мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды turkystan.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

Музей әкімшілігі мен кәсіподақтардың мәліметінше, наразылыққа Лувр мектебінің (École du Louvre) студенттері жетекшілік еткен. Музей маңына ілінген плакатта: «Әлемдегі ең үлкен музейді жауып тұрғанымызды мақтан тұтамыз», – деген жазу болған.

Бастапқыда ел мектептеріндегі жағдайға наразылық білдірген оқушылардың акциялары кейін басқа әлеуметтік мәселелерді де қамтыды. Соның ішінде күнделікті тұрмыс шығындарының өсуі, бағаның қымбаттауы және полицияның әрекеті негізгі талаптардың біріне айналды.

17 қазанда Францияның әртүрлі қалаларында өткен шерулерге жарты миллионнан астам адам қатысты. Бастапқыда бейбіт сипатта өткен акциялар кейбір жерлерде жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Бетперде киген топтар полициямен қақтығысып, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады, дүкендерді тонап, көшелердегі көліктер мен басқа да мүлікті өртеген.

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес дүйсенбі күні кейбір қалаларда полиция жағдайды бақылаудан шығарғанын мойындады. Оның айтуынша, билік наразылықтың мұндай ауқымға жететінін алдын ала болжай алмаған. Сенбі күні ел бойынша шамамен 60 мың полиция қызметкері мен қауіпсіздік күштері жұмылдырылғанымен, олардың саны кейбір қалалардағы жағдайды бақылауға жеткіліксіз болған.

Демалыс күндері 2 300-ден астам адам полицияның қолына түсті. Құқық қорғау органдарының мыңға жуық қызметкері жарақат алған. Франция Сауда палатасы өкілдерінің бағалауынша, ел бойынша 2 мыңнан астам дүкен зардап шеккен, ал келтірілген шығын жүздеген миллион еуроға жетуі мүмкін.

Нуньес қызметінен кету туралы өтініш білдіргенімен, президент Эмманюэль Макрон оны қабылдамады. Оның орнына мемлекет басшысы қауіпсіздік шараларын ұйымдастырудағы және барлау мәліметтерін бағалаудағы кемшіліктерді тексеруді тапсырды.

Ал Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню дүйсенбіде жағдайды тұрақтандыру үшін кейбір қалаларда ішінара коменданттық сағат енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Алайда бүкіл Париж аумағында жаппай коменданттық сағат енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.

Франциядағы әлеуметтік наразылыққа күнделікті шығындардың қымбаттауы да әсер етіп отыр. Ұсынылған деректерге сәйкес, наурыздан бері дизель отынының бағасы шамамен 40 пайызға, бензин 25 пайызға өскен. Ал азық-түлік бағасы 2021 жылдан бері 25 пайызға қымбаттаған.

Макрон жексенбі күні халыққа жасаған үндеуінде зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қажет болған жағдайда жергілікті билікке алдағы күндері кейбір шерулерге тыйым салуға мүмкіндік берілетінін айтты. Дегенмен ол төтенше жағдай жариялау сияқты қатаң шараларға әзірге барған жоқ.

Бағаның өсуіне байланысты наразылықтар Франциямен шектелмейді. Италияның Милан қаласында да демалыс күндері шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болды. Испанияда тұрғын үй құнының шарықтауына қарсы акциялар жалғасып жатса, Португалияның Лиссабон және Порту қалаларында шерушілер баспана мәселесін шешуді талап етіп отыр.

Франциядағы жағдай әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты басталған наразылықтардың қысқа уақыт ішінде кең ауқымды қозғалысқа айналуы мүмкін екенін көрсетті. Ал билік үшін қоғамдық тәртіпті қалпына келтірумен қатар, халықтың тұрмыс шығындарының өсуіне байланысты талаптарына жауап беру де маңызды міндет болып отыр.

Тэгтер:

Франция Лувр