Ресей Болон білім беру жүйесінен шықты

Бүгін, 18:32 / Ербұлан Қайрат

Ресейде 2026 жылғы қыркүйектен бастап жоғары білім беру жүйесін өзгерту жұмыстары кеңейтіледі. Бакалавриат пен магистратураның орнына базалық және мамандандырылған жоғары білім сатылары енгізіліп, аспирантура жеке деңгей ретінде қарастырылады. Жаңа модельге көшу кезең-кезеңімен жүргізіліп, пилоттық жобаны 2030 жылға дейін жалғастыру жоспарланған, деп хабарлайды turkystan.kz gazeta.ru-ға сілтеме жасап.

Болон жүйесінің негізі 1999 жылғы 19 маусымда Италияның Болонья қаласында қаланды. Сол кезде Еуропаның 29 елінің білім министрлері жоғары білім беру кеңістігін біріктіруге бағытталған декларацияға қол қойды. Оның мақсаты – әр елдің университеттері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру және әртүрлі мемлекеттерде алынған дипломдарды салыстыруды жеңілдету еді.

Ресей бұл декларацияға 2003 жылы қосылып, жоғары білім беру жүйесін жаңа талаптарға бейімдей бастады. 2011 жылға қарай Болон моделіне көшу аяқталды. Енді арада шамамен 15 жыл өткенде ел жоғары білімнің ұлттық моделін қалыптастыруға кірісті.

Жаңа модель үш деңгейден тұрады. Ресей Ғылым және жоғары білім министрлігінің түсіндіруінше, негізгі өзгерістердің бірі – бакалавриат пен магистратураның қазіргі құрылымын қайта қарау. 

Бірінші деңгей – базалық жоғары білім. Оқу мерзімі мамандыққа қарай төрт жылдан алты жылға дейін созылады. Бұл кезеңде студенттер мектептен немесе колледжден кейін жоғары білім ала алады. Оқу ұзақтығы мамандықтың күрделілігі мен даярлық талаптарына байланысты белгіленеді.

Екінші деңгей – мамандандырылған жоғары білім. Ол магистратура бағдарламаларын, сондай-ақ медицинадағы ординатура мен ассистентура-тағылымдаманы қамтиды. Оқу мерзімі бір жылдан үш жылға дейін болуы мүмкін. Бұл кезеңде студенттер белгілі бір кәсіби бағыт бойынша білімін тереңдетеді.

Үшінші деңгей – аспирантура. Ол жоғары білімнің өзге сатыларынан бөлек қарастырылып, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауға бағытталады. Яғни аспирантураның негізгі мақсаты – зерттеу жүргізетін және университеттерде сабақ беретін мамандар даярлау.

Ресей билігі реформаны ел экономикасының, еңбек нарығының және ғылыми-технологиялық дамуының қажеттіліктеріне сай маман даярлау талабымен түсіндіреді. Жаңа модель аясында университеттер білім беру бағдарламаларын салалардың сұранысына қарай жаңартып, іргелі пәндерге басымдық беруге тиіс.

2023 жылы басталған пилоттық жобаға бастапқыда алты университет қатысты. 2026 жылдан бастап тәжірибені кеңейту көзделген. Үкіметтің мәліметінше, жаңа модель бойынша білім алып жатқан студенттер саны 2026 жылдың басында 33,5 мыңға жеткен. Пилоттық жобаны 2029/2030 оқу жылына дейін жалғастыру жоспарланған.

Жаңа жүйеге көшу ресейлік дипломдардың шетелде автоматты түрде мойындалмай қалады деген сөз емес. Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық салыстыру кезінде ЮНЕСКО-ның Білім берудің халықаралық стандартты жіктемесіне және мемлекеттер арасындағы келісімдерге сүйенетінін мәлімдеген. 

Дегенмен дипломды тану мәселесі әр елдің заңнамасына, екіжақты келісімдерге және нақты білім беру бағдарламасына байланысты шешілуі мүмкін. Сондықтан жаңа модель бойынша берілетін дипломдардың барлық елде бірдей тәртіппен қабылданатынына кепілдік жоқ.

Реформаның басты ерекшелігі – жоғары білім сатыларын қайта құрып қана қоймай, оқу мерзімі мен бағдарламаларын мамандықтың сипатына қарай бейімдеу. Оның нәтижесі жаңа жүйеде білім алған түлектердің кәсіби даярлығына және дипломдарының халықаралық деңгейде қалай танылатынына байланысты болады.

Тэгтер:

Ресей