Адам жанының арашашысы – Еркебұлан фельдшер

Бүгін, 16:00 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда тапсырған-тын. Президент өз сөзінде құтқарушылардың кейінгі бес жылда 75 мыңнан астам жедел шақыртуға барып, 240 мыңға жуық адамға көмектескенін атап өтті. Осы шақыртулардың бел ортасында болып, апатқа ұшыраған жандардың жарасын таңып, жәрдем беріп жүрген маман – Еркебұлан Мырзабеков. Еркебұлан – Астана қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апаттар медицинасы орталығының фельдшері. Turkystan.kz сайтының тілшісі құтқарушылардың кәсіби мерекесі күні медицина маманына хабарласып, тілдескен болатын.

«Қазіргі Абай облысы, Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылында дүниеге келдім. Үлгілі малшы ауылының Абай атындағы орта мектебін үздік бітіріп,  Семейдегі Дүйсенбі Қалматаев атындағы жоғары медицина колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасында үш жылдай аға фельдшер болып жұмыс істедім. 2017 жылы Апаттар медицина орталығында конкурс жарияланғанда, құжат тапсырып, конкурстан өтіп, қазіргі жұмысыма тұрдым. Содан бері осында істеп жатқаныма 10 жылға жуықтады. Қазір Астана медицина университетінде жалпы тәжірибелік дәрігер бағытында білімімді жетілдіріп жатырмын», – дейді ол.

Еркебұлан Маратұлы жедел жәрдем стансасы мен Апаттар медицина орталығының жұмыс істеу бағыты бойынша ұқсастық болғанымен,  жұмыстарында әжептәуір айырмашылық бар екенін айтады.

«Жедел жәрдем стансасынан мұнда ауысқан себебім: бұл жер – үлкен сынақ алаңы. Мұнда түрлі төтенше апат, зілзала, жоғары рангты өрт сияқты апат ошақтарына барасың. Тиісінше шыңдаласың. Апаттар медицина орталығының жұмысындағы ең бірінші ерекшелік – темірдей тәртіп. Жұмыс тәртібі ыңғайлы. 24 сағат кезекшілікте болып, екі немесе үш күн демаламыз. Өзіңнің қосымша оқуыңа, тәжірибе алмасуға, біліміңді жетілдіруге өте ыңғайлы. Көп жағдайда апат орнына жедел жәрдемнен бұрын барамыз. Пациенттердің жалпы жағдайын бағалап, ауыр-жеңілдігін саралап, қай науқасты қай ауруханаға апару керектігін нұсқаймыз. Қазір орталықта 5 фельдшер еңбек етеміз. Төрт фельдшер тәуліктік ауысым бойынша жұмыс істейміз. Бір күнде бір дәрігер мен бір фельдшер кезекшілікке түседі», – дейді ол.

Адам өмірін құтқару үшін кәсібилікпен қатар батылдықты талап ететін бұл жұмыста медицина мамандарының өз өмірлеріне де қауіп төнетін кездер аз емес. Олар сонда да күнделікті еңбегімен кәсібиліктің, адамгершіліктің және таңдаған мамандыққа деген адалдықтың маңызын дәлелдеп келеді.

«Бұл жұмысты дәрігерлер мен фельдшерлердің өміріне де қауіп бар. Мысалы, алапат өрт кезінде жүргенде қауіп жоғары екені айтпаса да түсінікті. Ол жерде жедел жәрдем бригадасы болғанымен, жүктеме Апаттар медицина орталығының мамандарына түседі. Қарқаралыдағы дала өрті кезінде қыстақтағы зардап шеккен бес адамды сол жерде бақыладық. Себебі ауруханаға апарар жол алыс, жеткізетін көлік жағы қиын болды. Жол-көлік оқиғасы болсын, кез-келген апат орнына жылдам жетуге тырысу керек. Көмек көрсеткенде де берген көмегің дұрыс болуы керек. Түрлі жағдай болады. Қарағанды – Астана тасжолында үлкен жол апаты болып, 7 адам зардап шеккен. Көбі ес-түссіз жатты. Көлік аударылып, адамдар қысылып қалған. Қысқы уақыт. Көлікті кесіп, адамдарды шығарып алдық. Қыста жол жабық болып, жүкті келіншекті өзіміз босандырған кездеріміз де болды», – дейді ол.

Тэгтер:

дәрігер Төтенше жағдай Құтқарушылар күні апат фельдшер Еркебұлан Мырзабеков Апаттар медицина орталығы