Ұлттық ұланда күзгі шақыру науқаны аяқталды

Бүгін, 09:14 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланында 2026 жылғы күзгі шақыру науқаны аяқталды. 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында 7 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды. Жоспарға сәйкес шақыру науқаны белгіленген мерзімде толық орындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жас сарбаздардың басым бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтау, бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттерін орындайтын бөлімшелердің қатарын толықтырады.

Қажетті дайындықтан өткен соң жас әскери қызметкерлер өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға кіріседі. Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл қызметке күн сайын 7 мыңнан астам ұландық жұмылдырылады. Тағы 2 мыңға жуық әскери қызметкер маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетеді.

Күзгі шақыру науқаны Ұлттық ұланның жеке құрамын толықтырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындауға қажетті күштерді жасақтауға мүмкіндік берді. Әскери қызмет жастардың бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға баулиды.

Отан қорғаушы үшін мерзімді әскери қызмет өмірлік тәжірибе жинақтауға және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әскерде алған білімі мен тәжірибесі олардың алдағы уақытта қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қосуына негіз болады.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз әскери қызмет