Қостанайда көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер елден шығарылады

18 қазан, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Қостанай обл. ПД

Қостанай облысында көші-қон заңнамасын бұзған екі шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылады. Мұндай шешімді полиция жинаған материалдарды қараған сот қабылдады. 

Заңбұзушылықтар Қостанай ауданында «Қауіпсіз үй» және «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шаралары кезінде анықталған.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, шетелдік азаматтар Қазақстанда тіркелудің белгіленген тәртібін бұзған. Сондай-ақ тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген.

Материалдарды қарау қорытындысы бойынша сот екі шетелдікті ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.

Тағы екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 75 687 теңге көлемінде айыппұл салынды. Өндірілген айыппұлдардың жалпы сомасы 151 374 теңгені құрады.