Жапонияда Пара Азия ойындары басталды: Қазақстандық 152 спортшы бақ сынайды

Бүгін, 19:13 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Паралимпиада комитеті

Бүгін, 18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласындағы Мидзухо саябағының жеңіл атлетика стадионында Айти-Нагоя 2026 Ѵ Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық делегациялар шеруіне Қазақстан құрамасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Париж-2024 Паралимпиада ойындарының пара жеңіл атлетикадан қола жүлдегері Дастан Мукашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шықты.

Ойындарда Қазақстан атынан 12 спорт түрінен 152 спортшы өнер көрсетеді: пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және арбадағы теннис. Қазақстанның Азия Пара ойындарына қатысу тарихында алғаш рет ел спортшылары арбадағы теннистен сынға түседі.

Ашылу салтанатында Қазақстан құрамасына Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Кайрат Советаевич Боранбаев, КР ҰПК вице-президенттері Бакыт Аманжолович Сапаров және Диас Тулеутаевич Сулейменов қолдау білдірді.

Кайрат Боранбаев құрамаға сәтті өнер көрсетуді тілеп, қазақстандықтарды спортшыларға қолдау көрсетуге шақырды.