«Анашым, жәннаттың төрінде шалқыңыз»: Сәкен Майғазиев жүрекжарды жазба жариялады

Бүгін, 18:43 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Танымал әнші Сәкен Майғазиев өмірден өткен анасына арнап әлеуметтік желіде жазба жариялады. Өнер иесі анасының өнегелі өмірін еске алып, жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірген жандарға алғыс айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әнші Instagram парақшасында анасының отбасындағы орны мен өмір жолы туралы тебірене жазды.

«Әрбір тіршілік иесі өлімнің дәмін татады. Алайда, анашым сияқты өнегелі өмір сүріп, ғибратты ғұмыр кешіп, Алла тағаланың бұйырған бес парызын бұлжытпай орындап, ата-ана, ата-ене, адал жардың разылығын алып, он құрсақ көтеріп, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың ұрпақтарының барлығын бауырына басып, емізіп, сосын бейнетінің зейнетін көрген аналардың бірі біздің анамыз», – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Өнер иесі анасының өмір бойы отбасына қамқор болып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән бергенін атап өтті. Сондай-ақ қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан туған-туыстарына, жақындарына және алыстағы ағайынға алғысын жеткізді.

Сәкен Майғазиев анасының ақ жолын қызына, келініне, жұбайына және барлық нәзік жандыларға тіледі. Ол адам баласы жақындарына көбірек көңіл бөліп, жақсылықты тірісінде жасау керегін де еске салды.

«Бір күн уақытым болса ауылға барып анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, “Неге бұдан да көбірек қасында болмадым” деген өкініш өзегіңді өртейді екен. Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, халін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар», – деп жазды әнші.

Жазбасының соңында өнер иесі анасына арнап дұға жасап, оның жәннат төрінде шалқуын тіледі.