eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылды

Бүгін, 17:46 / Нұрлан Әлинұр
Фото: gov.kz

eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис іске қосылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа сервис 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылып отыр.

"Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады.

Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі", - делінген хабарламада.

Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.

"Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды", - делінген хабарламада.