Талдықорған әкімі Ұлттық ұланның жас сарбаздарымен кездесті

Бүгін, 12:01 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ұлттық ұлан

Талдықорған қаласында қала әкімі Ернат Бәзіл Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөліміне барып, әскери қызметшілердің қызметтік жағдайымен танысты және оқу пунктінде әскери даярлықтан өтіп жатқан жас сарбаздармен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сапар барысында шаһар басшысы әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, екінші жедел мақсаттағы ротаның қызметін ұйымдастыру, жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.

Сонымен қатар қала әкімі әскери борышын өтеу кезінде ерлік көрсетіп, III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған қатардағы жауынгер Айбат Амановтың құрметіне арналған бұрышты аралады. Мұнда ерлік көрсеткен жауынгердің өнегелі ісі мен оның есімін ұлықтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды.

Сапардың маңызды бөлігі оқу пунктінде әскери даярлықтан өтіп жатқан жас сарбаздармен кездесуге арналды. Ернат Бәзіл Отан алдындағы борышты өтеудің мәртебелі міндет екенін атап өтіп, сарбаздарды әскери тәртіпті қатаң сақтауға, жауапкершілік танытуға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етуге шақырды.

Кездесу барысында әскери даярлықта белсенділігімен, үлгілі тәртібімен және жауапкершілігімен ерекшеленген алты жас сарбаз марапатталды. Атап айтқанда, қатардағы жауынгерлер Әлихан Әлішер, Әлихан Толымбеков, Қайрат Сатывалды, Балғымбек Бітімбай, Рамазан Мусаев және Бекарыс Тоқтар қала әкімінің марапатына ие болды.

Жас сарбаздарға көрсетілген мұндай құрмет олардың әскери қызметке деген ынтасын арттырып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға жігерлендірді. Сонымен қатар бұл бастама әскери ортада тәртіптілік, жауапкершілік және өзара қолдау құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.

Қала әкімінің әскери бөлімге сапары жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық ұлан арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, әскери қызметшілерді қолдауға және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталды.