Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі шағын құрамда келіссөз жүргізді

Бүгін, 13:28 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Камбоджа табиғи байлығы мол елдер санатында екенін және аталған саладағы ықпалдастықты кеңейтуге болатынын айтты. 

Сонымен қатар келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.