99 жастағы әжей ұшақта ерекше трюк жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енді

Бүгін, 22:47 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/wbairambulance

Ұлыбританияда тұратын 99 жастағы Хельга Даффи ерекше жетістігімен әлемді таңғалдырды. Қария ұшақтың қанатына бекітілген күйде әуеге көтеріліп, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

16 қазанда Хельга Даффи шағын екі қанатты ұшақтың жоғарғы қанатына арнайы қауіпсіздік белдіктерімен бекітіліп, әуеге көтерілген. Осылайша, ол мұндай экстремалды ұшуды жүзеге асырған әлемдегі ең қарт әйел атанды.

Рекорд орнатқан сәтте оның жасы 99 жас 21 күн болған. Әуедегі ерекше сапар шамамен сегіз минутқа созылған.

Ұшақ жерге қонғаннан кейін Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері әжейге жетістігін растайтын арнайы сертификат табыстады.

99 жастағы рекордшы кім?

Хельга Даффи 1927 жылы 23 қыркүйекте Германияда дүниеге келген. Өмірінің басым бөлігін медбике болып жұмыс істеуге арнаған. Қазір Ұлыбританиядағы қарттар үйінде тұрады.

Оның мұндай батыл қадамға баруына 97 жасында ұшақ қанатында ұшып, рекорд орнатқан Бетти Бромейдж туралы жаңалық әсер еткен.

Хельга денсаулығында бірқатар қиындық болғанына қарамастан, арманына жетуден бас тартпаған. Ол остеоартритпен ауырады, сондай-ақ оң тізесінде мәселелері бар. Соған қарамастан, арнайы мамандардың бақылауымен ұшуды сәтті аяқтады.

Рекорд арқылы қайырымдылыққа қаржы жинады

Әжейдің бұл әрекеті тек әлемдік рекорд орнатумен шектелмеді. Ол ерекше бастамасы арқылы Уилтшир мен Бат өңірлеріндегі санитарлық авиация қызметіне көмек көрсету үшін 1300 фунт стерлингтен астам қаражат жинаған.

Бұл шамамен 781,7 мың теңгені құрайды.

Тэгтер:

Ұшақ