Ресей Айға атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Ресей 2030-жылдардың ортасына қарай Айда қуаты кемінде 5 кВт болатын атом энергетикалық қондырғысын іске қосуды көздеп отыр. Ол болашақта Айда құрылатын ғылыми база, ай ровері мен зерттеу жабдықтарын электр қуатымен қамтамасыз етуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевтің айтуынша, Айға арналған атом энергетикалық қондырғысын жасау жұмыстары алдағы онжылдықтың ортасына дейін аяқталуы тиіс. Ол бұл туралы шетелдік ғалымдарға Мәскеудегі ВДНХ аумағында орналасқан «Атом» музейінде экскурсия өткізу кезінде мәлімдеген.

Жоспар бойынша, қуаты кемінде 5 кВт болатын қондырғы он жылға дейін үздіксіз жұмыс істеуге есептелген. Жобаға «Росатоммен» бірге «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы мен Курчатов институты да қатысып жатыр. 

Айдағы тұрақты энергия көзі ғылыми зерттеулер жүргізуге және ұзақ мерзімді инфрақұрылым құруға мүмкіндік береді. Жер серігінде түн шамамен екі аптаға созылатындықтан, күн панельдері энергия өндіре алмайтын кезеңде ядролық қондырғы электр қуатын үздіксіз бере алады.

Дегенмен, жоба әлі жоспарлау және әзірлеу кезеңінде. Қондырғыны Айға жеткізу, оның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және қажетті инфрақұрылымды дайындау секілді күрделі техникалық міндеттерді шешу қажет.

Айды игеруге арналған атом энергетикалық жүйелерін әзірлеу Ресеймен ғана шектелмейді. АҚШ-тың NASA агенттігі де 2030 жылға қарай Ай бетінде ядролық реактор орналастыруға қажетті технологияларды әзірлеу жөніндегі жоспарын жариялаған.

Тэгтер:

Ресей ай атом электр станциясы