Қазақстан мен Латвия бес бағыт бойынша бірлескен жобаларды дамытпақ

Бүгін, 16:17 / Інжу Әлихан

Латвияның Қазақстандағы Елшілігінде Қазақстан-Латвия іскерлік кеңесінің алдын ала отырысы өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – екі ел арасындағы нақты бірлескен бастамаларды іске қосу, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырысқа Кеңестің тең төрағалары Роман Абенов пен Риналдс Плавниекс, Латвияның Қазақстандағы Елшісі Даце Рутка, Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Кәріпов, сондай-ақ Латвия Көлік министрлігінің басшылығы өкілі Ингуна Страутмане қатысты.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстың бес басым бағытын айқындады:

Ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелері де бар: Қазақстан машина жасаушылар одағы мен MASOC Латвияның машина жасау қауымдастығы өзара іс-қимылды жолға қойды. Екі елдің салалық бірлестіктері арасындағы серіктестік өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнатуға және бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастыққа да басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы, агроинженерия және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау бағыттары бойынша мамандар даярлау, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған.

Бұл үдерісте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыртқы сауда палатасы маңызды рөл атқарады. Биыл мамыр айында Палатаның қолдауымен Астанада Латвияның ауыл шаруашылығы министрі Армандс Краузенің сапарына орай «Қазақстан – Латвия 2026» бизнес-форумы және бірқатар B2B кездесулер ұйымдастырылды. «Атамекен» ҰКП инвесторлар мен іскер серіктестерді іздеу жұмыстары жалғасатынын және бұл үдеріске салалық қауымдастықтар белсенді түрде тартылатынын растады.

Қазіргі уақытта Кеңестің ұлттық құрамдарын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан тарапынан Кеңес құрамына бизнес өкілдерімен қатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының және даму институттарының өкілдері енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Іскерлік кеңестің толық форматтағы отырысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астанада өткізу көзделген. Іс-шараны экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысымен ұштастыру жоспарланып отыр. Оған дейін тараптар Кеңес құрамын толық жасақтап, бірлескен жобалар бойынша ұсыныстар топтамасын әзірлеуі қажет.

Қазақстан-Латвия іскерлік кеңесі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен құрылды. Оның негізгі міндеті – екі елдің бизнес өкілдері, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары мен жетекші техникалық жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланысты нығайтып, нақты экономикалық жобаларды іске асыруға ықпал ету.