Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 тергеу изоляторында "Қадағалау" режимдік-профилактикалық іс-шарасы барысында тыйым салынған затты мекеме аумағына өткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мекеменің режимдік және жедел бөлім қызметкерлері айыпталушыға арналған сәлемдемені тексеру кезінде донердің ішінен қара түсті "Nokia" телефонын анықтады. Аталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс жүргізілуде.
Тыйым салынған зат тәркіленіп, оны мекеме аумағына өткізуге әрекет жасаған 31 жастағы азамат ұсталды. Аталған факті бойынша оның үстінен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар соттың қарауына жолданды.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерде режим талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тыйым салынған заттардың ішке өтуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Департамент азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.