Батыс Қазақстан облысы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында пациентті тексеру барысында асқазанынан шаштан жиналған тығыз түзіліс – трихобезоар анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Медициналық көрсеткіштерге сәйкес пациентке ота жасалып, асқазанынан салмағы 620 грамм болатын шаш түйіні алынды. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы дәрігерлері үшін бұл – асқазаннан шаш түйінін алып тастау бойынша екінші хирургиялық жағдай.
Хирург дәрігері Алиби Тулегеновтың айтуынша, мұндай жағдай көбіне балалар мен жасөспірімдер арасында кездеседі.
«Шаштың асқазанда ұзақ уақыт жиналуы асқазан-ішек жолының жұмысына кері әсер етіп, түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Ата-ана баланың мінез-құлқындағы мұндай өзгерістерге дер кезінде мән беріп, маманға жүгінсе, мәселені ерте кезеңде анықтап, асқынудың алдын алуға болады», — дейді хирург дәрігер Алиби Тулегенов.