Жүрейік, жүрек ауыртпай

Бүгін, 15:45 / Арайлым Жолдасбекқызы
ашық дереккөзден

Елімізде жүрек-қан тамыры аурулары өлім-жітім көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Бұл барлық қайтыс болғандардың 50-55 пайызына жете­ді. Кейінгі жылдары бұл дерттің таралу аумағы өзгеріп, сипаты мүл­дем басқа арнаға бұрылды. Бұрын мұндай қауіпті патологиялар негі­зінен егде және қарт адамдарда жиі кездессе, қазір еңбекке қабілетті азаматтар мен жас­тар арасында да кеңінен тарала бастады. Ұлттық ста­тис­тика мен ресми ме­дициналық мәліметтер 20-39 жас аралығындағылардың және 40-59 жас аралығындағы еңбекке қабілетті орта буынның сырқаттану, ауруды алғаш анықтау және өлім-жітім көрсеткіштерінде өзіндік ерекшеліктер бар екенін көрсетіп отыр. 
Жүрек ауруының жасаруының бірнеше себебі бар. Дәрігерлер өмір салтының өзгеруі мен диагностика жасаудың жетілуі тікелей әсер етіп отырғанын айтады. Біріншіден, аз қоз­ғалатын өмір салты, фастфуд өнімдерін, тұз бен майды шамадан тыс тұтыну, темекі шегу, соның ішін­де электронды сигареттер мен вейп­терді пайдалану, сондай-ақ күй­зеліс бұл дерттің жасөспірімдер мен жастар арасында қарқынды кө­беюіне түрткі. Екіншіден, за­ма­науи скринингтік құрылғылар мен озық кардиологиялық орта­лық­тар­дың жұмысы бұрын байқалмай кел­ген жасырын патологияларды ер­терек анықтауға мүмкіндік бер­ді, бұл өз кезегінде статистикалық көр­сеткіштердің жасарғанын ай­қын көрсетеді. 
Жүрек-қан тамырлары пато­ло­гия­ларының көбеюі – кешенді әрі көп­факторлы процесс. Жастар мен ең­бекке қабілетті азаматтар ара­сын­да бұл дерттің жиілеуі тек тұ­қым­қуалаушылық қана емес, тұр­мыс салты мен әлеуметтік-эко­но­ми­калық жағдайлардың тікелей әсе­ріне байланысты. 
Егер науқастың жақын туыс­тары арасында еркектерде 55 жас­­­қа дейін, ал әйелдерде 65 жас­қа дейін жүрек ауруы тіркелген болса, тұқым қуалау қаупі артады. Гендік му­тациялар қан тамыр­лары­ның сер­пімділігін нашарла­тады. Бұл фак­тор адамның бақы­лауынан тыс, өзгертуге келмейтін себептерге жатқанымен, ерте скри­нинг пен өмір салтын түзету арқылы оның те­ріс әсерін жоюға болады. 
Қан қысымының 90/140 көр­сеткішінен тұрақты түрде жоғары болуы тамырдың ішкі қабырғасын зақымдап, жүректің сол жақ қа­рын­шасының үлкеюіне және эндо­телий қызметінің бұзылуына әке­леді. Елімізде 30-50 жас аралы­ғын­дағы азаматтардың басым бөлігі қан қысымының жоғары екенін сез­­бей­ді екен. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйы­мы мен жергілік­ті клиникалық хат­та­маларға сәй­кес, осы фактор Қазақстандағы жү­рек ұстамасы мен инсульттің не­гізгі себебіне айналып отыр.
Қанда «жаман» холестерин кө­бейгенде, бұл заттар тамыр қабыр­ғасына шөгіп, түйін­шек түзейді де, қан ағымын тарылтады. Сарап­шылар тамақ рационында ет, қазы-қар­та, сары май сияқты жануар майының ша­мадан тыс көп болуы әрі көкөністің азды­ғы зат алмасуды бұзып, еңбек жасындағы аза­мат­тарда холестерин деңгейін ерте кө­тере­ді дейді.Ал аз қозғалатын өмір салты жүрек бұл­шықетінің тонусын төмендетеді, зат ал­масу­ды баяулатады, салмақ қосуға әкеледі. Кеңсе  жұмысының көбеюі, автокөлікке тәуелділік, бос уақытты гаджет алдында өткізу, әсіресе қала тұрғындары арасында гиподинамияны басты әлеуметтік мәселеге айналдырды.
Рационда фастфуд, тәтті сусындар, ұн өнім­дері сияқты қарапайым көмірсулар мен тұздың, трансмайлардың шамадан тыс көп болуы дене салмағының индексін 30-дан асы­рып, семіздікке ұластырады. Мәлі­мет­терге сүйенсек, Қазақстанда әрбір бесiнші ересек адам артық салмақтан зардап шегеді. Трансмайлар мен жоғары калориялы, бірақ пайдалы микроэлементтері аз тағамдарды тұтыну жастар арасында метаболикалық синдромды жиілетуде.
Адамның ұзақ уақыт психологиялық қысымда жүруі, сондай-ақ 7-8 сағаттық са­па­лы ұйқының болмауы ағзада кортизол мен адреналин гормондарының шамадан тыс бөлінуіне әкеледі. Нәтижесінде, та­мырлар жиырылып, жүрек ырғағы бұзылады. Мегаполистердегі қарбалас жұмыс пен тоқтаусыз өмір салты 20-40 жас аралығын­дағы мамандардың жүйке жүйесін тоздырып, ерте инфаркт алудың жанама себебіне ай­налуда.
Мәселенің ушығып тұрған тағы бір тұсы – халықтың, әсіресе жастардың ме­дици­на­лық сауаттылығының төмендігі. Көп­шілігі инфаркт десе, тек кеудені осып тү­се­тін ауырсынуды елестетеді. Содан болса ке­рек, сәл қозғалса ентігіп қалуды, әлсіздікті, бас айналуды немесе қан қысымының құ­былуын аса елемейді. Денсаулығы сыр берсе де дәрігерге бармай, интернет пен әлеуметтік желіден іздеп, өзіне-өзі диагноз қоятындарда аз емес. Кеудедегі жайсыздықты «неврал­гияға» жорып, өз бетінше бұлшықет бо­саң­сытатын дәрілер мен тыныштандыратын шөптерді ішіп жүргенде, емдеуге ең қолайлы уақытты өткізіп алады.
Учаскелік дәрігерлер де жас пациент кел­се, оның жүрегі сыр беруі мүмкін дегенді бірден ойлай бермейді. Кеудесі ауырсынып бар­ған 25 жастағы азаматқа жүрегін те­реңдетіп тексерудің орнына қабырғааралық невралгия, вегетативті-тамырлық дистония деп диагноз қойып қайтаратыны сондықтан. Оның үстіне емханадағы ұзын-сонар кезек, МӘМС жүйесіндегі бюрократиялық кедергі­лер мен қарбалас жұмыс кестесі де жастар­дың уақытылы дәрігерге қаралуына бөгет болып отыр.
Ғылыми жіктеу бойынша жүрек-қан та­м­ырлары ауруларының қауіп факторлары екі үлкен топқа бөлінеді. Адамның бақы­лауы­нан тыс, оңалтуға келмейтін факторлар­ға тұқымқуалаушылық, жас ұлғайған сайын тамырлардың «тозуы» мен жыныстық ерек­шеліктер жатады. Мәселен, ер адамдарда 50 жасқа дейін тестостерон мен өмір салтына байланысты дертке шалдығу қаупі әйелдерге қарағанда жоғары келеді, өйткені эстроген гор­моны әйел ағзасын белгілі бір жасқа дейін табиғи түрде қорғайды.
Ал адамның өз бақылауындағы, яғни өз­гертуге болатын факторлар қатарына мі­нез-құлық, метаболизм және өмір сүру сал­тының көрсеткіштері кіреді. Темекі шекпеу, тұзды күніне бес грамнан асырмау, фастфуд­тан бас тарту сияқты тамақтану рационын түзету, күнделікті кемінде 30 ми­нут жаяу жүру – адамның өз қолында. Со­нымен бірге қан қысымын, холестерин мен қант деңгейін ем-дом немесе диета арқылы бақылауда ұстау, ұйқы режимін сақтау мен күйзелісті басқару арқылы бұл қауіптердің толық алдын-алуға болады. ДДҰ мәліметінше, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын мезгілсіз өлім-жітімнің 80 пайыздан аста­мын темекіден бас тартып, дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін арттыру арқылы ал­дын алуға болады.
Дамыған және дамушы мемлекеттердің дә­рігерге қаралу мәдениетіндегі ерекшелік те осы кезде анық көрінеді. Еуропа мен АҚШ-та азаматтар жыл сайын тексеруден өту­ді әдетке айналдырса, Қазақстанда тұр­ғын­дар, әсіресе 20-40 жас аралығындағы ер адамдар ауру асқынып, жедел жәрдем ша­қыр­ғанға дейін дәрігерге қаралмайды. 35-50 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азамат­тардың оннан бірінен түрлі жүрек аурулары анықталып отыр. Сонымен бірге халықара­лық деңгейде қауіп факторларын ерте жас­тан сканерлеу дамыған болса, елімізде мем­лекеттік тегін скринингтер негізінен қы­рық жастан бастап белсенді жүргізіледі, бұл 20-39 жас аралығындағы жастардың бас­тапқы патологияларын дер кезінде анық­тауға кедергі келтіріп отыр.
Жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар ара­сында жүрек-қан тамыры ауруларының ал­дын алу және оны ерте анықтау бағытында ха­лық­аралық озық тәжірибелерді зерде­леудің тиімділігі жоғары. Бұл орайда Фи­нлян­­дия, Жапония және Сингапур мем­ле­кет­терінің жүйелі реформалары ерекше назар аудартады. Мәселен, өткен ғасырдың соңын­да Финляндияда басталған Sonkari ұлттық жобасы халықтың рационындағы тұз бен қаныққан майды азайтып, көкөніс тұтынуды арттыруға бағытталды. Мемлекет пен тағам өнеркәсібінің өнім құрамын бірлесе өзгертуі нәтижесінде жүрек-қан тамыры аурулары­нан болатын өлім-жітім көрсеткіші 0,8 пайыз­ға жуық төмендеді. Бұл көрсеткіш өте тө­мен болып көрінуі мүмкін, алайда меди­цина мен эпидемиологияда, әсіресе жүрек-қан тамыры сияқты бүкіл халыққа ортақ ауру­лардың статистикасында бұл аз көр­сет­кіш емес. 
Ал Жапонияда 2008 жылдан бастап кү­шіне енген «Метаболикалық синдромға қар­сы заң» аясында 40-75 жас аралығындағы аза­маттар үшін белортасын өлшеу міндет­телді, ал қызметкері белгіленген нормадан асып кеткен компанияларға айыппұл салы­нып немесе мемлекеттік субсидиялары қысқартылды, бұл жұмыс орнындағы ден­саулық мәдениетін қалыптастырды. 
Өз кезегінде Сингапур электронды си­гареттер мен вейптерге толық тыйым салып, елге кіргізгендерге ірі айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасын енгізді, сондай-ақ газдалған сусындарға қант мөл­шеріне қарай түсті маркировка қойып, жар­намасын шектеу арқылы жастар арасында зиянды заттарды тұтынуды ең төменгі дең­гейге түсірді.
Аталған халықаралық озық тәжірибелер­ді отандық жүйеге бейімдеп енгізу үшін бір­неше негізгі бағытқа басымдық берілуге тиіс. Біріншіден, мектеп пен университет қа­бырғасынан басталатын денсаулықты қор­ғауды қолға алып, жоғары оқу орындары мен колледждерде студенттердің жыл сайын қан қысымын, бойын, салмағы мен глю­ко­засын тексеруді жүйелі жүргізуді енгізу қа­жет, ал білім беру ұйымдарының асхана­ларын­да фастфуд пен тәтті сусындарды шек­теп, салауатты тамақтануды субсидиялау маңызды. Екіншіден, жұмыс орнындағы кор­поративтік денсаулық стандарттарын қа­лыптастырып, ірі компаниялар мен мем­лекеттік органдарда жұмыс уақытында қан қысымын өлшеуге, қысқамерзімді дене шынықтыру жаттығуларын жасауға жағдай жасау және салықтық ынталандыру тетіктері арқылы жұмыс берушілерді қызметкерлерін тексеруден өткізуге мүдделі ету керек. Үшін­шіден, цифрлық платформалар арқылы 20-39 жас аралығындағы азаматтарды қам­титын қашықтан өзін-өзі бағалау сауална­ма­ларын енгізіп, тәуекел тобындағы жастар­ды автоматты түрде емханаға шақыру жүйе­сін жетілдірген абзал.
Алдағы 5-10 жылда жүрек-қан тамыры ауруы мен өлім-жітімді азайту үшін елімізде бірқатар кешенді іс-шараларды жүзеге асыру бірінші кезектегі басымдыққа айналуға тиіс. Ең бастысы, скрининг жасын 40 жастан 18-30 жас аралығына дейін кеңейтіп, отбасында инфаркт бар, темекі шегетін немесе артық салмағы бар жастар үшін жеңілдетілген скринингтік пакетті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізу қажет. Медицина мамандарының пікірінше, Қазақстанда скринингтік бағдарламалардың жас шектеуін төмендету және алдын алуды күшейту мезгілсіз өлім-жітімді 25-30 пайыз­ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Финляндия тәжірибесіне сүйеніп, тамақ өнеркәсібіндегі өнімдердегі тұз бен трансмайлардың мөлшерін заң­намалық түрде кезең-кезеңімен төмендету бойынша ұлттық саясат жүргізілуге тиіс. Бұған қоса, алғашқы медициналық-санита­рия­лық көмек сапасын арттыру мақсатында учас­келік дәрігерлердің жастардың шағым­да­рын вегетативті-тамырлық дистония деп жайбарақат қалдырмай, тереңірек тексеруі үшін клиникалық қырағылығын көтеретін оқыту курстарын ұйымдастырған жөн. Осы­мен бірге, халықтың медициналық сауатты­лығын көтеріп, жүректің алғашқы белгілерін елемеу әдетінен арылу және жыл сайын хо­лестерин мен қан қысымын тексеру мәде­ние­тін қалыптастыру үшін ауқымды ақ­парат­тық науқандар жүргізілуі шарт.
Жүрек ауруының жасаруы аяқ астынан пай­да болған жоқ, ол – күйбең тіршілік, бей­­берекет тамақтану мен енжарлықтың сал­дары. Әйтсе де, бұл тығырықтан шығудың жо­лы бар. Бастысы – аурудың алдын алуды мем­лекеттік саясат деңгейінде де, әр шаңы­рақтың ішкі мәдениетінде де басты орынға қою. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жыл сайын тексеріліп тұруды әдетке айнал­дырғанда ғана ұлт саулығын сақтап, азамат­тарымыздың өмір жасын ұзарта аламыз. Адамның ең басты байлығы – сау жүрегі, 
ал соғатын жүректің амандығы – өз қолы­мызда.