Жасасын, поэзия!

Бүгін, 16:00 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

2026 жылғы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы канадалық ақын, эссеист әрі классик-филолог Энн Карсонға бұйырды. Швед академиясы бұл шешімін оның «классикалық дәстүрмен ойнақы түрде сұхбаттаса отырып, қазіргі әдебиетте жаңа формалар қалыптастырған батыл әрі жаңашыл шығармашылығымен» түсіндірді. Бұл баға ақынның ұзақ жыл бойы әдеби ортада мойындалған өзіндік дара жолын айқындай түсті. Энн Карсон әдебиет қалыптасқан түсінікті, дайын ойды көркем тілмен жеткізудің құралы дегенді жоққа шығарған ақын.

Кейде әдебиетке жаңа ой әкелу үшін жаңа та­қырып табудың қажеті жоқ. Көне мифке қайта оралып, бұрыннан таныс сезімге басқа қы­рынан қарасаң көп пайымның ізіне тү­сесің. Бастысы, сол сезімді әбден қалыптасқан сарынмен емес, тың форма арқылы жеткізе білу керек. Зерттеушілер Энн Карсонның шы­ғармашылығы осындай тың ізденістермен суа­рылғанын айтады. Ол көне грек әдебиетін қа­зіргі адамның психологиялық тәжірибесімен ұштастырып, поэзияның мүмкіндігі әлдеқайда мол екенін дәлелдеді. Оның мәтіндерінде өлең мен проза, әде­би сын мен естелік, философиялық пайым мен күнделікті өмірдің ұсақ-түйегі бір-біріне кедергі келтірмей, қайта тұтас ойға ай­налады дейді әдебиеттанушылар.
Биылғы Нобель сыйлығын Энн Карсон ал­ды деген ақпарат шығысымен, оның өлең­дері мен шығармашылық жолына үңілген әде­биетсүйер қауым көп болды. Кейбір өлең­дерін сынағандар, «Осы да өлең бе?» дегендер де көп кездесті. Әрине, ағылшынтілді ақын­ның бір жырын оқып, оның бүкіл шығармаларын күстаналау, жоққа шығару, берісін айт­­қанда, әдепсіздік, арысын айтқанда, әдеби та­нымнан мақұрым мерездік деуге болады. Солардың ішінде замандасымыз, драматург Ақ­лима Исмаилованың пікірі су жаңа Нобель иегерінің шығармашылық әлемін жақсы түйін­дегенін байқадық. 

«2026 жылы Әдебиет бойынша Нобель сый­лығын канадалық ақын, жазушы әрі ау­дар­машы Энн Карсон иеленді. 
Карсонның ерекшелігі – поэзияны про­за­мен, философияны сезіммен, көне грек ми­фо­логиясын қазіргі өмірмен ұштас­тыруын­да екен. 
Қазір оқырманды тек әдемі жазумен таң­ғал­дыру қиын. Өйткені әдемі сөйлем құрау бір бөлек те, сол сөйлемнің астына ғасырлар­дың білімін, философияның тереңдігін, адам та­биғатын түсінуді сыйғызу – мүлде басқа дең­гей.
Осы тұста жазушының таланты туралы тү­с­інікке қайта қарау керек сияқты.
Талант – базалық мүмкіндік. Ал білім – сол мүмкіндіктің көкжиегін кеңейтетін күш.
Көп оқымай-ақ әсерлі сөйлем жазуға болады. Бірақ адамзаттың мыңдаған жылдық тә­жірибесін түсінбей, адам жанының күр­де­лілігін терең ашу оңай емес.
Бүгін жазушы болу үшін тек сезімтал жү­рек пен жүйрік қиял аздық етеді. Тарихты білу керек, философияны оқу керек, басқа әде­биеттермен танысу керек, әлемнің қалай ой­лағанын және адамның неге өзгермейтінін түсінуге ұмтылу керек.
Өйткені оқырманды бір әдемі сөйлеммен таң­ғалдыруға болады. Ал оның санасында ұзақ қалу үшін сол сөйлемнің артында үлкен ой жатуы керек. 
Талант назар аудартады. Білім тереңдік бе­реді. Ал екеуі тоғысқанда ғана шығарма уа­қытпен бірге өмір сүре алады
», – деген сөзі оқыр­ман ретінде бізді де ақын шығармашылығына терең пайыммен қарауға жетеледі.

Энн Карсон кім?

1950 жылы 21 маусымда Торонтода дү­ние­ге келген Карсон мектепте оқып жүрген ке­зінде-ақ көне грек тілін үйрене бастайды. Кейін Торонто университетінде классикалық фи­лологияны оқып, ежелгі грек ақыны Сафоның шығармашылығын зерттеген. Антика әле­мінің әдебиеті мен философиясына қы­зығушылық оның кейінгі әдеби жолын ай­қын­даған маңызды арнаға айналды. 
Ол 1986 жылы жарық көрген «Eros the Bittersweet» еңбегінде махаббат пен құш­тар­лықтың табиғатын көне грек әдебиеті ар­қылы зерделейді. Ал 1998 жылғы «Autobiography of Red» («Қызылдың автобиографиясы») өлеңмен жазылған романында ежелгі мифті заманауи адамның өмірімен сабақтастырады. 
Карсонның жаңашылдығы дәстүрлі әдеби фор­маларды түгел теріске шығармай, форма­лық ізденістер арасындағы шекараны өзге­ріс­с­із, қатып қалған ереже деп те санамай, екі ор­та­дан өзіндік жол іздеуінде деген пікір жиі ай­тылады. Өлеңнің ішінде ғылыми пайым­ның ұшырасуы, естеліктің философиялық сұрақ­қа ұласуы, кей мәтіннің суретпен, хатпен не­месе аудармамен жалғасуы оның шығар­ма­шы­лығында қалыпты құбылысқа айналған. Мұн­дай тәсіл кейде оқырманды тосырқатуы мүм­кін. Себебі біз мәтіннен оқиғаның бірізді да­муын, кейіпкердің анық шешімге келуін, соңында оймақтай болса да түйін жасалуын күтеміз. Ал Карсон ой мен оны жеткізу тәсілін үнемі құбылтудың шебері. Э.Карсон Нобель лауреаты атанған соң ел қатарлы біз де оның өлеңдерін, эссе­ле­рін, ой-тұжырымдарын зерделеуге ынтық­тық. Сонда түйген ойымыз осы. Оның шығар­ма­шылығы хақында жазылған мақалалардың де­ні де осы тұжырымды қуаттайды.
Оның 2010 жылы жарық көрген «Nox» кі­табы осы ерекшелікті айқын танытады. Шы­ғарма ұзақ уақыт бойы отба­сынан жырақта өмір сүрген ағасы Майклды еске алуға арналған. Карсон ағасының өмірін ба­сынан аяғына дейін баяндап, жоғалтудың мә­нін біржола түсіндіріп беруге тырыспайды. Оның орнына хаттарды, фотосуреттерді, ес­те­ліктерді, құжаттарды және ертеде өмір сүрген Рим ақыны Катулланың өлеңдерінен өзі аударған үзінділерді қатар берген. Жеке адамның өмірі мен көне әдебиет, отбасылық естелік пен аударма бір кітаптың ішін­де тоғысады.
Мұнда жоқтау, аза тұту өзгеше сипат ал­ған: бұралаң тағдыр кешкен ағасын «есіл ер» деп еңіреумен, «қара шекпен» жамылып түңі­лу­мен әспеттемеген. Автор жоғалған адамның ба­сып өткен жолын елестету, шашылған де­рек­­терді салыстыру, сөздің мағынасын іздеу ар­­қылы кейіпкеріне ескерткіш қоюға тырыс­қан. Әдетте, біз де өмірден өткен жақынымыз ту­ралы айтқан сөздерін, жылы да шуақты іс­терін еске алып, суреттерін қарап, сана­мыз­дағы естеліктердің қоймасын ақтарып жа­тамыз. Баспалардан шығып жатқан естелік кітаптар да көп. Әйткенмен,  бұл деректер­дің ешқайсысы «жоғалған» адамның орнын толтыра алмайтыны баршамызға белгілі. Карсонның әдеби тәсілі осы қайшылықты әлсін әлі оқырман есіне салады. Естелік кө­бей­ген сайын жоғалтудың орнын толтыру мүм­кін еместігі тіпті де айқындала түседі.
Сондықтан оның шығармашылық әлеміндегі жаңалығын жанр­ларды синтездеуімен ғана түсіндіру жет­кіліксіз. Карсон оқырманды ойлау тәсілін өз­гертуге шақырады. Ол бір-бірінен алшақ кө­рінетін ұғымдардың арасынан байланыс із­дейді, дайын қорытындыға асықпайды. Өйт­кені жоғалған нәрсенің орнын қиялмен тол­тыру мен оның жоқтығын мойындаудың ара­сында жер мен көктей алшақ әлем бар... 

Үшеудің қасіреті

Осы тұрғыдан алғанда, Карсонның «Әй­нек жайлы эссе» (The Glass Essay) поэмасы оның поэтикалық әлеміне жол ашатын маңыз­ды туындылардың бірі. Біз поэманың ішін­дегі «Үшеу» бөлімін бөлек қарастыруды жөн санадық. Поэмада «мен» өзінің ішкі күй­зе­лісінен арылуға тырысады. 
Оның жан дүниесін тұрлаусыз махаб­бат­тың ізі шимайлап тастаған. Ол бұрынғы сүй­генін қайта-қайта еске алып, өзіне не бол­ғанын, неліктен дәл осылай қиналып жүр­генін түсінгісі келеді. Бірақ күнделікті тір­шілік өз ырғағымен жалғаса береді: анасы са­лық, қауын, тышқан, Филиппин жанартауы туралы сөйлейді. Қызының жан дүниесі астаң-кестең, бірде дауыл, бірде мұз құрсаған дала. Ал сыртқы өмірде ештеңе өзгермегендей, қалыпты тіршілік ырғағы баяу ағып жатады. Өзі медеу іздеп келген анасы бірде қамқор, ең жақын сырласындай көрінсе, енді бірде мүлдем бейтаныс жандай сезіледі. Екеуінің ойлау жүйесі, түсіну дағдысы, өмір туралы көзқарасы қабыспайды. Автор мұны де­тальдар, иен дала, психологтың сөзі, Эмилидің кі­табындағы сюжеттер арқылы береді. Әсіресе, поэманың «Үшеу» деп аталатын бөлімінде осы қарама-қайшылық айқын сезіледі. Мұнда бір кеңістікте үш әйелдің әлемі түйіседі: ана­сы, өзі және бір ғасыр бұрын өмір сүрген жазу­шы Эмили Бронте. Анасы күнделікті күй­кі тірші­ліктің күйбеңімен өмір сүреді; қыз бол­са, ма­хаббаттан жараланған, өз қайғысын тү­сінуге әрі оны жеңуге ұмтылады; үшіншісі – «Қаһарлы асу» романы арқылы әйелдің санасына ен­ген жазушы Э.Бронте. Олар бір үйдің, онда да «тар әрі күңгірт» асүйдің ішінде болға­ны­мен, әрқайсысы өз әлемінде «қозғалады». Үшеуін біріктіретін ортақ кеңістік бар, алайда олар­дың арасындағы рухани қашықтықты сөз­бен суреттеу қиын, тек детальдар, онда да іш­кі арпалысқа малынған ойлар арқылы шы­ра­мытасың.
Поэманың атауындағы әйнек осы ара­қа­шықтықтың белгісіндей әсер қалдырады. Әй­нектің ар жағындағы дүниені көруге бола­ды, бірақ оған  аттап басу, толық сезіну мүм­кін емес. Адам басқа біреудің көңіл күйін аңға­руы ықтимал, бірақ оның ішіндегі ауырт­палықты түгел сезіне алмайтынын терезенің ар­ғы жағындағы мұз құрсаған сүркейлі кеңіс­тік арқылы аңдайсың. Анасы қызының қина­лып жүргенін байқайды, оған кеңес береді, жағдайды ақылмен түсіндіруге, одан шығар жолды нұсқауға тырысады. Дегенмен ана мен қыздың қайғыны қабылдау тәсілдері бірдей емес. Біріне өмірді жалғастыру маңызды бол­са, екіншісі үшін ғадауатқа айналған тағ­ды­рының мәнін түсіну ауадай қажет.
Анасының сөздерінде күнделікті тірлік­тің салмағы басым. Ол адамдарды да, олардың арасындағы қарым-қатынасты да өмірде кез­десетін қарапайым заңдылықтар арқылы бағалайды. Қызына қатысты айтқан «ол – алушы, ал сен – берушісің» деген пікірі осы ұста­нымды аңғартады. Анасы құлай ғашық бол­ған жанның берер бодауы көп болатынын, ал екінші жақтың оның өтеуін беруге ұм­тылмайтынын әу баста-ақ сезген, мойындаған, бәлкім, өз басынан да өткерген. Алайда қызын сүйгенінің опасыз махаббатынан бұрын, өзін жаралаған сезімнің не екенін түсіну маза­лайды. Анасы үшін қызының басынан  өткен оқиға өмірде болуға тиіс, болмауы мүмкін емес «қалыпты дүние» болса, қызы үшін «жа­нарын қарыған» сансыз сұрақтың жауабы болмауы мүмкін еместей. 
Карсон осы екі көзқарастың бірін дұрыс, екін­шісін бұрыс деп кесіп айтпайды. Ана­сы­ның сөздері кейде қызының ішкі әлеміне үс­тірт қарағандай әсер етсе де, оның айтқан­дарын­да өмірлік тәжірибе мен қамқорлық бар. Ал қыздың қайғысы шынайы, өртенген жүректің отын басар, жаралы сезімнің бебеу қақ­қан жарасын жазар ем іздейді. 
Әңгімелеушінің күйзелісін тереңдететін та­ғы бір әлем – Эмили Бронтенің «Қаһарлы асу» романы. Кітаптағы махаббат, қатыгездік, жал­ғыздық пен жоғалту тақырыптары «меннің» өз басынан өткен жағдаймен астасып, тіп­ті оны оқып отырып кейіпкермен бірге боз­дайды. Шығармадағы кейіпкерлер мен си­туациялар «меннің» қасіретін жеңілдет­кен­нің  орнына, өз дертін басқа бір туындының ішінен таныған сайын мұндай халдің қанша­лық­ты күрделі екенін шын ділімен ұға түседі. 
Бұл тұста Карсонның классикалық әде­биет­ті терең меңгергені, оны өз шығарма­ла­ры­на орайлы пайдаланатыны анық байқала­ды. Ол Эмили Бронтенің романының мазмұ­нын баяндамайды. Бронте әңгімелеушінің қазіргі өміріне араласып, оның ойына ықпал ететін рухани серігіне айналады. Бір ғасырдан ас­там уақыт бұрын жазылған шығарма бүгінгі адамның күйзеліс күйігін түсінуге, мұңын бірге бөлісуге себепкер болады. 
Карсонның поэмасында табиғат көрініс­тері де психологиялық өзгерістің белгісіне ай­налған. Мұз құрсауындағы кеңістік, аяз қысқан да­ла және қарғын су әңгі­мелеушінің ішкі күйін дәл әдіптегендей. Кө­кірегіне ұзақ уақыт бойы қатып қалған қайғы шөгіндісі бір сәтте еруі қиын, еріген күннің өзінде қарғынға айналып, жан-жағын жайпап кетуі мүмкін. Әйткенмен, шемен боп қатқан шердің қалайда жарылғаны жақсы, шиқанның аузы қанағаны дұрыс, сіресіп тұрғаннан гөрі, қозғалған абзал. Басымызға қан­­дай іс түссе де, оны мойындап, ауыртпа­лы­ғы мен қиындығын көтеруге тиіспіз. «Үшеу­дегі» мұз құрсауды жарып шыққан қара су «меннің» ішіндегі шеменнің аздап ери бастағанын ишаралап тұрғандай.  
Өлеңде психотерапия туралы айтылатын тұсы бар. Анасы соның саған пайдасы тимеді, әлі өткеніңді ұмыта алмай жүрсің десе, қызы доктордың уәжін алға тартады. «Күйзелістен құтылу оңай емес» екенін еске салады. Анасы үшін өмір сүру, қандай қайғы болса да жеңу, ең­се көтеру маңызды. Бұл жерде қазақтың «көп­ті көрген адам» деген сөз орамы тіл ұшы­на оралады. Бірақ өмірдегі оқиғаның бәріне «көп­ті көру» дәл диагноз қоймайтыны да шын. Әсіресе, анасының «өткенді қазбалай бер­геннен не шығады?» деуі де көп ойға жете­лейді. 
Өлеңнің соңына қарай қызының анасына ті­ке қарауы да «меннің» ойындағы өзгерістің бір көрінісі іспетті. «Мен жеңіп келемін!» де­ген сөзді қайғыдан толық арылған адамның сөзі деп түсінуге болмас. Дегенмен оның өз қасіретінің сырына терең бойлап, «болғанды бол­ғандай» қабылдауға иланғанын байқай­сың. Ал анасының жымиысынан мейірім, жа­нашырлық, тіпті оны жұбату да аңдалып тұр­ғандай. Автор «Үшеудің» түйінін оқырман­ға қалдырған. Мұнда «ол ақыры өз қайғысын жең­ді» деген шешім жоқ. «Меннің» қайғысы­нан арылып, «өзін қолға алғанын» байқамай­мыз. Алайда, үміттің әлсіз шуағы тербелгендей болады. Осы жылы шуақ оқырманның сана­сы­на да жылт еткен сәуле құйғандай сезіледі.
«Әйнек жайлы эссенің» көркемдік қуаты оның осы белгісіздікті сақтай білуінде деуге бо­лады. Автор оқырманға сүйген жүректің у­лы дерттен қалай арылатынын көрсетпеген. Шын мәнінде, шығарманың міндеті дайын жол нұсқау емес, қайта оқырманға сондай сан тарау жолдың барын әртүрлі ракурстен де­тальдар арқылы көрсету ғой. Өлеңде өтеусіз сезім, ішкі күйзелісті қат-қабат детальдар ар­қылы береді және, ең бастысы десек те бола­ды, саған ең жақын адамның, тіпті ол анаң болса да, екінші біреудің ой-мұңын түбе­гейлі сезінуі қиын екенін ашалап, айқындап жатпай-ақ ұғындырған деуімізге болады. 
Карсонның «баспалдақ» тәсілі туралы пайым­дары ой саларлық. Оның мәтіндерінде бір-бірінен алшақ көрінетін құбылыстардың ара­сында күтпеген өткелдер пайда болады. Бір естелік екіншісін оятады, жеке адамның ба­сынан өткен оқиғалар көне мифке жал­ға­сады, күнделікті әңгіме философиялық сұрақ­қа айналады. Оқырманды дайын қорытынды­ға алып баратын түзу жолдың орнына, ақын ой­дың бір нүктеден екіншісіне қалай ауы­са­тынын сезіндіреді. Бұл тәсіл кейде мәтінді күр­делендіргенімен, адамның санасы шын мә­нінде қалай жұмыс істейтінін аңғартады: біз өмірді әрдайым рет-ретімен, бірізді баян­дау арқылы қабылдай бермейміз. Олай ету мүм­кін де емес. Өмірде «түзу сызықты бір қа­лып­ты қозғалыс» болмайды. Болған да емес.

Көпқырлы поэзия

Карсонның поэзиясын тек формалық жаңалыққа құмарлық деп байлам жасау барып тұрған ағаттық дер едік. Жанрларды араластыру, мәтінге сурет пен құжат енгізу немесе ойды қырық құрау пі­шінде ұсыну – бәрі белгілі бір танымдық мақ­сатқа қызмет етеді. Ақын шындықтың бір ға­на қырын көрсетіп, соны соңғы жауап ре­тін­де ұсынғысы келмейді. Ол оқырманды өзі­не таныс нәрсеге басқа бұрыштан қарауға итер­мелейді. Оның жырларындағы басты ерек­шелік – жауап емес, сұрақ, түсіндіру емес, се­зіндіру. Бұл – өнердің негізгі қағи­даттары­ның бірі.
Нобель сыйлығының Карсонға берілуін де осындай кең мағынада түсінген жөн. Оның шы­­­ғармашылық жолы – көне грек мұрасын жаң­ғыртып, оқырманға қырлап, жонып ұсыну десек, қателескен болар ек, қайта сол мұ­ра арқылы бүгінгі адамның күрделі болмы­сына арыдан үңілу, поэзияның дәстүрлі піші­нін сақтай отырып, өткенмен диалог құру, кейде мазмұнның сырын формаға, кейде фор­маның сырын мазмұнға икемдеу, сол ар­қылы поэзияның жаңа көкжиегін ашу. 
Осындайда тіл ұшына «көпқырлы поэзия» де­ген сөз оралып отыр. Себебі біз поэзияны – тек поэзия деп түсінуге бейімбіз. Ақындардың бәрінен «ағынан жарылуды» талап етеміз. Сондықтан да «ашық та анық», «ұғынықты да көркем», «үйқасы шымыр, тілі жеңіл» өлеңге құмар­мыз. Ал әлем поэзиясының бүгінгі өресі қайда? Өлеңдегі бос сөз бен тапқырлыққа құрылған жаттанды тәсіл қашанда оның қуа­тын ақсатады. Поэзия – тек ұйқасқа құрылған сыр­лы өнер деп қарап, оның мазмұндық, әр қыр­лылық қасиетін ұғынбасақ, онда бізге Энн Карсон секілді ақындардың өлеңдері тек жатсыну сезімін ғана туды­рады. Ал шын өнерді, биік эстетикалық тал­ғамды өнерді жатсыну оқырман өресін «ашық та айқын» дүниеге жетелей бермек.
Энн Карсонның поэзиясы бізге адамның ішкі әлемін бір ғана сөзбен, бір ғана оқиғамен не­месе бір ғана теориямен түсіндіріп беру мүм­кін емес екенін ұғындыра түседі. Қайғы­ның да, махаббаттың да, жақындық пен жал­ғыз­дықтың да өзіне тән күрделі құрылымы бар. Оны түсіну үшін кейде әңгімелеу керек, кей­де үнсіз қалу керек, кейде өткен дәуірдің мә­тініне қайта оралып, бүгінгі өзіңді сол жер­ден іздеу керек. Адам болмысының сан қатпарын осылай жеткізудің де жолы бар. Кар­сон бұл тәсілі арқылы өзінің магиясын көр­сет­ті. Осындайда «Поэзияның дәуірі өтті!» дей­тіндерге қарата, «Поэзияның жаңа дәуірі бас­талды!» дегің келеді. «Жасасын, поэзия!» дегің келеді. 
Төменде біз тілге тиек еткен поэманың «Үшеу» атты бөлімін ұсынып отырмыз. Сіз де оқыңыз. Мұз құрсаған жапан түзге әйнек ішінен бірге қарап көрейік. 

ҮШЕУ

Асүйдегі үстел басында үнсіз отырған үш әйел. 
Анамның асүйі тар әрі күңгірт, терезенің ар жағы
мұз құрсаған меңіреу жазық. 
Ол көз жетер жерге дейін созылып,
сан шақырымдық жапан түзді құрсап, сәулесіз аппақ аспанға ұласады. 
Анам екеуміз салат жапырағын баппен шайнап отырмыз. 
Асүй қабырғасындағы сағат қарлығыңқы, бәсең ызың шығарып,
әр минут сайын он екі санының тұсынан еріне ырғып өтеді. 
Эмили кітабының 216-бетін ашып, қантсауытқа сүйеп қойып, 
анамды көз қиығымен білдірмей бақылап отырмын.

Сансыз сауал жанарымды қариды. 
Анам салат жапырағына телмірген. 
217-бетті ашамын.
«Асүйді көктей жүгіріп бара жатып, 
есік аузында орындықтың арқалығына 
көзін ашпаған күшіктерді асып жатқан Хэртонды қағып кеттім...»

Бәрімізді әйнек қоршаған бір әлемге қамап қойғандай. 
Еміс-еміс әйнектен әлдебір сөз үзіліп жетеді. 
Үй ауласындағы жердің салығы. Дәм-татуы жоқ қауын.
Оның пісер уақыты болған жоқ. 
Қаладағы шаштараз тақуалыққа бет бұрыпты, 
енді әр сейсенбіде дүкенін жабады. 
Асүй сүлгілері салынған суырмаға тағы тышқан кіріпті. 
Ұсақ құмалақтары шашылған. Майлықтардың шеттерін кеміріп тастапты. Қазір майлықтардың бағасы қанша екенін білсе ғой, бәлем. 

Бүгін  кеш соқыр жаңбыр.
Ертең де. 
Филиппиндегі әлгі жанартау тағы атқылай бастапты. 
Әлгі кім еді, Андерсон қайтыс болыпты, жоқ, Ширли емес,
ана опера әншісі. Зәңгі әйел. 
Қатерлі ісік. 
Тәрелкеңдегі көкөністі жемедің ғой, хош иісті бұрышты ұнатпайсың ба?

Терезеден иен түздің үстімен ұшып бара жатқан өлі жапырақтарды,
қарағай қоқымы айғыздаған қар қалдықтарын көремін.
Жазықтың орта тұсындағы 
ойпаң жердің мұзы жіби бастапты.
Құрсаудан босаған қарғын су запыранын ақтарардай өрекпіп 
алға жылжиды.

Анам кенет тіл қатады:
–  Сол психотерапияңның саған пайдасы тиіп жатқан 
жоқ-ау, сірә? 
Сен оны әлі ұмыта алмапсың.

Анам бәрінің түйінін бір ауыз сөзбен жеткізудің шебері. 
Ол Лоуды көрген бетте ұната қойған жоқ, 
тек менің жанымда ер адамның болғанын, қалыпты өмір 
сүргенімді қалады.
«Әуелден ол – алушы, ал сен – берушісің. Бәрі ойдағыдай болсын», 
– анамның онымен алғаш кездескен соң айтқан сөзі осы ғана. 
Ол кезде «беру» мен «алу» мен үшін қарапайым сөздер болатын.
Оған дейін ешқашан ғашық болып көрмегенмін. 
Бәрі құлдиға қарай зымырай домалаған дөңгелектей еді, бейне.
Бірақ бүгін таңсәріде, анам ұйықтап жатқанда,
төменгі қабатта «Қаһарлы асуды»  оқып отырып, Хитклифтің 
найзағай шатырлаған түнде терезе торына жармасып, 
сүйген бекзадасының елесіне: 
«Кір! Кірші бері!» деп еңірейтін тұсына келгенде
кілемнің үстіне тізерлей құлап, мен де боздап жылап жібердім. 
Эмили болса күшіктерді қалай асу (өлтіру) керегін жақсы біледі.

– Бұл аспирин ішіп, айыға салатын нәрсе емес қой, білесің ғой, 
– деймін әлсіз үнмен. – Доктор Хоу күйзелістен 
арылу ұзақ уақытқа созылатынын айтқан. 
Анам қабағын түйеді. 
– Ұмытсайшы бәрін, 
Өткенді қазбалай бергеннен не шығады?
– О, – деймін мен екі қолымды жайып, 
– Шүкір, мен бәрін жеңіп келемін!
Анама тіке қараймын.
Ол күлімсірейді:
– Иә, сен жеңіп келесің.