Ел экономикасының дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруда шағын және орта бизнестің орны ерекше. Кейінгі жеті жылда бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 36,7 пайызға өсіп, 4,5 миллионнан асты. Десе де, кәсіпкерлер санының көбеюі бизнестің сапалық тұрғыдан дамығанын білдіре ме? Мемлекеттік қолдау өндірістің өркендеуіне қаншалықты ықпал етіп отыр? Шағын кәсіпорындардың орта бизнеске айналуына не кедергі?
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің шағын және орта бизнес секторында 4 миллион 527 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың 48,6 пайызына тең. 2018 жылы кәсіпкерлік саласында шамамен 3,3 миллион адам жұмыс істеген. Осы кезеңде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 63,5 пайызға өсіп, жұмыс істеп тұрған бизнес нысандары 2,2 миллионға жетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес өндірген өнім мен көрсеткен қызмет көлемі 104,8 триллион теңгені құрады. Бұл – жеті жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,2 есе көп. Ал саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9 пайызға жетті.
Бұрын кәсіпкерлік көбіне сауда-саттық пен қызмет көрсету салаларында шоғырланса, қазір өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық технологиялардағы белсенділігі де артып келеді. Бұл экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен кәсіпорындар санының көбеюі өндіріс көлемінің ұлғаюына, еңбек өнімділігінің артуына және тұрақты жұмыс орындарының құрылуына ұласқанда ғана ұзақмерзімді нәтиже береді.
Мемлекеттік қолдау – кәсіпкерге ашылған мүмкіндік
Кәсіпкерліктің өркендеуі қолайлы іскерлік ортаға, қаржыға қолжетімділікке және әділ бәсекеге байланысты. Кейінгі жылдары мемлекет бизнеске қаржылай көмек көрсетумен қатар, әкімшілік кедергілерді азайтуға да басымдық беріп келеді.
Үкімет мәліметінше, 2025 жылы кәсіпкерлік субъектілерін тексеру саны 8,6 пайызға қысқарған. Заңнамадан бизнеске артық салмақ түсіретін 10 мыңнан астам талап алынып тасталып, кәсіпкерлер тапсыратын есептіліктің 49 пайызы оңтайландырылған. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмысы да жалғасуда. Соның бірі – кәсіпкерлерге қажетті қызметтерді қолжетімді етуге арналған eGov Business қосымшасы.
Әкімшілік рәсімдердің жеңілдеуі кәсіп иелерінің уақытын үнемдеп, өндіріс пен тұтынушы тартуға көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды. Бірақ бизнестің өсуіне кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі – ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржының тапшылығы.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы шамамен 9,5 мың кәсіпкерлік жоба жалпы сомасы 1,6 триллион теңгеге жеңілдетілген қаржыландыру алған.
Осы бағыттағы бастамалардың бірі – «Өрлеу» бағдарламасы. Оның аясында кәсіпкерлерге жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен он жылға дейін несие беру қарастырылған. Бағдарламаның жаңа кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдауға қосымша 55,6 миллиард теңге бағыттау көзделген. Кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе бұрын алынған инвестициялық қарыздарын қайта қаржыландыруға жеті миллиард теңгеге дейін қаражат ала алады.
Бағдарламада отандық өндірісті қолдауға да мән берілген. Қазақстанда жасалған жабдықтар мен техниканы сатып алуды ынталандыру кәсіпорындардың өндірістік қуатын жаңғыртуға және отандық машина жасау саласының өнімдеріне сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тапсырыстар жабдық өндірушілермен бірге шикізат жеткізушілеріне, тасымалдау және сервистік қызмет көрсету салаларына да оң әсер етуі мүмкін.
Өңірлердегі өндірістік жобаларды қаржыландыруға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына 13,2 пайыздық мөлшерлемемен несие беру тетігі іске қосылған.
Қаржыға қол жеткізуді жеңілдетудің тағы бір жолы – кепілдік қорлары. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында құрылған бұл тетіктер жеткілікті кепіл мүлкі жоқ кәсіпкерлерге несие алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Үкімет дерегіне сәйкес, маусым айының басындағы жағдай бойынша кепілдік қоры арқылы жалпы құны 189,9 миллиард теңге болатын 998 жоба қолдау тапқан. Екінші кепілдік қоры аясында жалпы сомасы 442,4 миллиард теңгені құрайтын алты ірі жоба мақұлданған.
Алайда қаржыландыру көлемі өздігінен экономикалық табысқа кепіл бола алмайды. Мұндай бағдарламалардың нәтижесі жаңа өндірістердің ашылуы, кәсіпорындардың қуаттылығы мен еңбек өнімділігінің артуы арқылы бағалануға тиіс.
Жеңілдетілген несие бизнесті қаншалықты өсіреді?
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова «Өрлеу» бағдарламасының басты артықшылығы кәсіпкерлерге ұзақмерзімді инвестициялық қаржы тартуға мүмкіндік беруі деп бағалайды. Дегенмен ол бағдарлама ауқымын бағалағанда бөлінетін қаражаттың көлеміне ғана сүйенуге болмайтынын ескертеді.
«Мен 55,6 млрд теңгені бүкіл Қазақстан экономикасы үшін ауқымды ынталандыру шарасы ретінде қарастырмас едім. Бұл – нақты бағытталған қолдау шарасы. Оның тиімділігі бөлінген қаражат көлеміне емес, ең алдымен сол ақшаның нақты қайда бағытталатынына байланысты болады», – дейді сарапшы.
Егер кәсіпорын алған қаржыға жаңа өндіріс ашып, қосымша жұмыс орындарын құрып, импорттың орнын басатын өнім шығарса, оның экономикаға қайтарымы жоғары болмақ. Ал қаражаттың басым бөлігі бұрынғы қарыздарды қайта қаржыландыруға жұмсалса, өндірістік нәтиже шектеулі болуы мүмкін.
Сарапшы жеңілдетілген несиеге ұзақ уақыт тәуелді болудың тәуекелдеріне де назар аударады. Оның пікірінше, кәсіпорындар үнемі мемлекеттік субсидияға сүйенсе, шығындарын оңтайландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және нарықтық қаржыландыру көздерін іздеуге деген ынтасы төмендеуі ықтимал.
«Мемлекеттік жеңілдіктер бизнестің дамуын әрдайым автоматты түрде ынталандыра бермейді. Кәсіпкер жылдар бойы нарықтық мөлшерлемеден едәуір төмен мөлшерлемемен қаржы алып отырса, оның өнімділікті арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және қаржыландырудың өзге көздерін іздеуге деген ынтасы төмендеуі мүмкін. Субсидияларға тәуелділік әсері пайда болады: бизнес тұтынушы мен тиімділік үшін емес, жеңілдетілген ресурсқа қол жеткізу үшін көбірек бәсекелесе бастайды».
Осы себепті Қазақстанға жеңілдетілген несие берумен қатар, нарықтық қаржыландыруды қолжетімді ету міндетін де шешу қажет. Әйтпесе, кәсіпорындар ірі инвестициялық жобаларды мемлекеттік бағдарлама болған жағдайда ғана жүзеге асыруға бейімделуі мүмкін.
«Егер жеңілдетілген қаржыландыру жаңа өндірістер құруға, қуаттарды кеңейтуге, импортты алмастыруға немесе экспортты ұлғайтуға мүмкіндік берсе, оның экономикалық әсері қаражаттың едәуір бөлігі бұрыннан бар міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалған жағдайға қарағанда әлдеқайда жоғары болады», – деп қорытындылады Саида Тілеуленова.
Демек, мемлекеттік көмектің мақсаты кәсіпорындарды тұрақты түрде қолдап отыру емес, олардың бәсекеге қабілетті әрі дербес жұмыс істеуіне жағдай жасау болуы керек. Қаржыландыру бағдарламаларының тиімділігін бағалағанда өндіріс көлемі, жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері мен экспорттық әлеует ескерілуге тиіс.
Отандық кәсіпкерге жол ашатын нарық
Өндірісті кеңейту үшін қаржының болуы жеткіліксіз. Кәсіпкерге шығарған өнімін өткізіп, тұрақты тапсырыс алуға мүмкіндік беретін нарық та қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістер отандық өндірушілер үшін маңызды.
Жаңа заңнамалық өзгерістер нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің мерзімі 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Қазақстандық тауар өндірушілер үшін міндетті аванстық төлем көлемі 50 пайыз деңгейінде белгіленіп, келісімшартты қамтамасыз етуге қатысты бірқатар талап жеңілдетілген. Тұрақсыздық айыбының 3 пайызға дейін төмендетілуі де кәсіпкерлердің қаржылық тәуекелін азайтуға бағытталған.
Бұл өзгерістер айналым қаражаты шектеулі шағын кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыстарды орындауды жеңілдетеді. Өйткені шикізат сатып алу, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу және дайын өнімді жеткізу үшін алдын ала қаржы қажет.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, биылғы алғашқы алты айда мемлекеттік сатып алу көлемі 7,7 триллион теңгені құраған. Оның ішінде отандық тауар өндірушілермен 85,2 миллиард теңгеге 61 мыңнан астам келісімшарт жасалған.
Сонымен бірге сатып алу жүйесінде ашық бәсекені сақтау, отандық өнімнің сапасын арттыру және кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру маңызды. Мемлекеттік тапсырыс бюджет қаражатын жұмсаудың тетігімен шектелмей, ұлттық өндірісті дамытуға қызмет етуі керек.
Шағын бизнестен орта кәсіпке дейін
Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі артып келе жатқанымен, кәсіпкерлік құрылымында шешімін күткен мәселелер бар. Мәселен, мақалада келтірілген деректер бойынша, Өзбекстан мен Қырғызстанда шағын кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 50 пайыздан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 40,9 пайызды құрайды.
Алайда айырмашылықты экономикалық артта қалудың тікелей белгісі ретінде бағалау дұрыс емес. Қазақстан экономикасында мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі және өзге де ірі кәсіпорындардың салмағы жоғары. Бұл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі салыстырмалы үлесіне әсер етеді.
Одан да маңызды мәселе – орта кәсіпорындардың аздығы. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, орта кәсіпорындар кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының небәрі 0,1 пайызын құрайды. Соған қарамастан, бұл кәсіпорындарда 428,2 мың адам еңбек етеді. Бұл орта бизнестің жұмыспен қамтудағы әлеуетін көрсетеді.
Сондықтан кәсіпкерлік саясатындағы басымдықтардың бірі шағын кәсіпорындардың орта бизнес деңгейіне өсуіне жағдай жасау болуы керек. Ол үшін қаржыландырумен қатар, өнім өткізу нарығын кеңейту, өндірістік технологияларды жаңарту және білікті мамандар тарту мүмкіндіктері де маңызды.
Мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға жол ашқанымен, ұзақмерзімді нәтиже бизнестің нарық жағдайында дербес жұмыс істеу қабілетіне байланысты. Шағын кәсіпорындар тұрақты орта бизнеске айналып, отандық өндіріс бәсекеге қабілетті өнім шығара алғанда ғана кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі сапалық тұрғыдан артады.
Наурызбек САРША