Қоғамдық көлікте билет берілмесе, тегін жүруге болады
Қоғамдық көлікте билет берілмесе, тегін жүруге болады
Қоғамдық көлік кондукторлары ақысы төлене тұрып, жол-жүру билетін бермесе, онда жолаушы тегін жүруге құқылы. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кондуктордың билет бермеуін дүкеннен тауар не зат сатып алған кезде сатушының чек бермеуімен салыстыруға болады. Біздің әрқайсымыз сатып алған затымыздың төлемі туралы чекті талап етуге құқымыз бар. Осы ретте, азаматтарымыздың назарын егер кондуктор жол-жүру билетін бермейтін болса, онда оны талап ету қажеттігіне аударғым келеді. Егер олар билет бермеген жағдайда ақшаларыңызды кері қайтаруын талап етіп, тегін жүріңіздер», - деді Игенбердинов.
Басқарма басшысының айтуынша, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу және анықтау үшін Астана қалалық ІІД, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көліктік бақылау инспекциясы өздеріне бағынышты басқармалармен бірлесіп, билет бермейтін кондукторларды немесе жол ақысын төлемейтін жолаушыларды анықтауға бағытталған өзара іс-қимыл регламентін әзірлеген.
«Мейрамдар өткеннен кейін жаппай тексеру шаралары жүргізілетін болады. Бірақ, барлық автобусты бірдей қамту қолымыздан келмесі анық. Біз азаматтарымыздың жауапкершілік пен ниеттестік танытатындығына үміт артамыз», - деді ол.