Astana Media Week 2026: Медиа болашағы және сенімнің жаңа архитектурасы

Бүгін, 15:15 / Әсел ӘНУАРБЕК
Фото: Adilan

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 14-16 қазан аралығында Astana Media Week 2026 медиа апталығы өтуде. Биыл 10-рет ұйымдастырылып жатқан айтулы іс-шарада отандық және шетелдік БАҚ-тың, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен технологиялық компаниялардың өкілдері бас қосты. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы».

ЖИ дәуіріндегі журналистика және аудитория сенімі

Алғашқы күнгі талқылаулардың өзегінде жасанды интеллект және ақпаратқа деген сенім мәселесі тұрды. Нейрожелі жасаған мә­тін мен бейнені шынайы ақпараттан қа­лай ажыратуға болады? Жасанды интеллект жур­налистің жұмысын қаншалықты өзгер­те­ді? Ақпарат тарату жылдамдығы артқан сайын оның дұрыстығына кім жауап береді? Қатысушылар осы және басқа да өзекті сұрақ­тарды талқылады.
Пленарлық сессияға Қазақстанның Мә­де­ниет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Meta компаниясының өкілі Филип Чуа, Q.AI бас директоры Дмитрий Мун, Euronews өкілдері және өзге де халық­ара­лық сарапшылар қатысты. Олар тех­но­логиялық өзгерістердің медиа саласына ық­палын, ақпараттың шынайылығын сақтау және аудитория сенімін нығайту мәселелерін талқылады.
Пленарлық сессияның негізгі тақырып­тары­ның бірі – жасанды интеллектіні жедел ен­гізу жағдайында бұқаралық ақпарат құ­рал­дарына деген сенімді сақтау. Қазақ­стан­ның Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов сенімнің жаңа ар­хитектурасын қалыптастыратын үш не­гізгі тетікті атап өтті. Олар – кәсіби әрі қуат­ты редакциялар, журналистің жеке жауап­кер­шілігі және ақпараттың шынайылығын қам­тамасыз ететін технологиялық шешім­дер.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, бү­гінде нейрожелілер медиа-контент өндірудің дерек­терді іздеу мен өңдеуден бастап, мәтін, су­­рет және бейнематериалдар жасауға дейін­гі барлық дерлік кезеңінде қол­дан­ы­ла­ды. Алайда жаңа мүмкіндіктермен қатар, жалған әрі шындыққа жанаспайтын ақпараттың таралу қаупі де артып келеді.
«Алгоритм мәтін жаза алады, бірақ ай­тылған сөз үшін жауап бере алмайды. Жауап­кер­шілік әрдайым журналист пен редак­тор­дың мойнында қалады. Сондықтан медиа қауымдастықпен бірлесе отырып, редак­ция­ларда жасанды интеллектіні жауапкер­ші­лік­пен қолданудың бірыңғай қағидаттарын әзір­леуді ұсынамыз. Ең алдымен, бұл – ауди­тория үшін ашықтықты қамтамасыз ету жә­не жасанды интеллектінің қатысуымен жа­салған барлық материалды адамның мін­детті түрде тексеруі. Бұл қағидаттар жо­ға­ры­дан берілген нұсқау емес, журналистердің өз­дері қабылдайтын кәсіби стандартқа ай­налуы маңызды», – деді Қанат Ысқақов.
Жасанды интеллект контент өндіру мен та­ратуды едәуір жеделдете ала­ды. Бұл ретте Q.AI бас директоры Дмит­рий Мун контент өн­діру үдерісі жеңілдеген сайын, ақпараттың шынайылығы мен жур­налистің жауапкер­ші­лігі бұрынғыдан да маңыз­ды бола түсе­ті­нін атап өтті.
«Контент өндіру арзандаған сайын, оған деген сенімнің құны арта түседі. Жасанды ин­­теллект қазірдің өзінде журналистке ақ­па­рат іздеуге, жүздеген құжатты талдауға, сұх­батты аударуға, мәтін немесе видео дайын­дауға көмектесе алады. Алайда біз машинаға сеніп тапсыра алмайтын нәрселер бар. Олар – пайымдау, жауапкершілік және ау­диторияның сенімі. Мен бұл ойды былай тұ­жырымдадым: Жұмысты жасанды ин­теллектіге тапсыруға болады. Бірақ жауап­кер­­шілікті оған жүктеуге болмайды», – деді Дмит­рий Мун.
Жасанды интеллектіні қолданудағы жауапкершілік мәселесі «AI, IT & MEDIA: жауап­­­кершілік шекарасы» атты пікірталаста жал­ғасты. Бұдан бөлек, жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне сай қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға арналған практикалық се­минар өткізілді. Семинар аясында балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, цифрлық кеңістік­те­гі ықтимал қауіптердің алдын алу және олар­дың медиасауаттылығын арттыру мәсе­ле­лері қарастырылды. Мұндай бастамалар өске­лең ұрпақтың ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауына және цифрлық техно­ло­гия­лар­ды саналы пайдалануына ықпал етеді.
Медиа апталықтың тағы бір маңызды ба­­ғыты – Қазақстан мен Орталық Азия тура­лы ақпаратты халықаралық ауди­тория­ға жеткізу және отандық медианың жаһандық ақпараттық кеңістіктегі орнын нығайту. Бұл ретте шетелдік аудиторияның өңірге деген қы­зығушылығын арттыру, Қа­зақстанның мәдениеті, қоғамдық өмірі мен жетістіктерін таныстыратын сапалы кон­тент әзірлеу мәселелері өзекті. Сонымен қа­тар халықаралық медиа алаңдарында отан­дық журналистер мен контент өнді­ру­шілердің мүмкіндіктерін кеңейту, шетелдік әріп­тестермен кәсіби байланыстар орнату жә­не тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады.
Осы мақсатта «Central Asia in English: Не­ліктен аударма бізді жаһандық деңгейге шығармайды?» атты редакциялық зертхана ұйымдастырылды. Онда медиа өкілдері шетелдік аудиторияға арналған контент әзірлеудің ерекшеліктерін талқылады.
Кездесуде ағылшын тіліндегі журналис­ти­каны дамыту, Қазақстан мен Орталық Азияның өзіндік ерекшеліктерін шетелдік оқыр­манға түсінікті әрі тартымды жеткізу және редакциялар арасындағы ынтымақтас­тық­ты нығайту мәселелеріне назар аударыл­ды.
Бұл бағыттағы негізгі міндет – дайын ма­те­риалдарды басқа тілге аударумен шек­телмей, халықаралық аудиторияның сұра­нысы мен ақпаратты қабылдау ерекше­лік­тері­не сай мазмұн әзірлеу.

Ақпараттық саясат, креативті индустрия және жарнама нарығы

Ал апталықтың екінші күні Қазақстан­ның ақпараттық саясаты, отандық контентті да­мыту және жарнама нарығының экономи­ка­сы талқыға түсті.
Бағдарлама бойынша «Қазақстанның ақ­параттық саясатындағы жаңа ережелер» атты сарапшылық кездесу, «Qazaq Creative Power: қазақстандық вайбты кім қалыптас­тыра­ды?» пікірталасы және жарнама медиа­нары­ғының жаңа экономикасына арналған сес­сия өтті. Екінші күні өткен алғашқы жиын­ға Қазақстанның Мәдениет және ақ­парат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қыз­метінің жетекшісі, баспасөз хатшысы Лау­ра Жақыпова, медиа менеджер Асқар Жал­динов, «Qazcontent» АҚ басқарма төра­ғасы Әділ Сейфулин және «Власть» ана­лити­калық интернет-журналының елордалық бюросының жетекшісі Тамара Вааль қа­тысты. Кездесудің модераторы PR және ме­диа мамандары қауымдастығының тө­райы­мы Ақерке Берлібай болды. 
Жиында қатысушылар журналистер­дің қызметіне, БАҚ саласына қа­тыс­ты ең өзекті мәселелерді қозғады. Сарап­­­шы­лар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, ақ­па­раттық саясаттағы өзгерістерді, қазақ­стан­дық медиаконтенттің дамуын және цифр­лық құралдардың мүмкіндіктерін тал­қылады. Заманауи технологиялардың кон­тент жасауға, аудиториямен байланыс ор­натудың жаңа форматтарын табуға және уақыт талабына сай сын-қатерлерге жауап беру­ге қалай көмектесетініне ерекше назар ау­дарылды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары қата­рын­да ақпаратқа қол жеткізу, жарияланым­дар үшін жауапкершілік және журналистік қауымдастықтың өзін-өзі реттеу қажеттілігі болды. Бұл ретте Қазақстанның Мәдениет жә­не ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ыс­қақов журналистік қауымдастықтың бірігуі қажет деген пікірмен келісетінін айт­ты. Оның сөзінше, заңнама барлық мәселені бірдей реттей алмайды, өйткені кәсіби стан­дарттардың бір бөлігі журналистік этикаға байланысты. Сондықтан мұндай мәселелерді шешуде Журналистер қауымдастығының ортақ ұстанымы мен кәсіби жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.
Медиаменеджер Асқар Жалдиновтың пі­кірінше, кәсіби қауымдастық өзін-өзі реттеудің ортақ қағидаларын әзірлеуі қажет. Бұл ретте журналистік этика стандарттарын қа­лыптастыру, мүдделер қақтығысын қарас­тыру, сондай-ақ журналистің табандылығы мен әдейі арандатуға бағытталған әрекетінің аражігін ажырату мәселелері маңызды.
«Бүгінде журналистиканың мемлекеттік тап­сырыспен сатып алуға, боттар арқылы қол­дан көбейтуге немесе алгоритмнің көме­гі­мен иеленуге болмайтын бір ғана капиталы қал­ды. Ол – сенім», – деп атап өтті медиа­менед­жер.
Ал «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин редакциялардың кәсіби жауап­кершілігі және журналист мәртебесіне қойылатын талаптар мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кейбір бұқаралық ақпарат құрал­дары шындыққа жанаспайтын мәлі­мет­терді таратып, қателік анықталғаннан кейін жарияланымды өшірумен ғана шектеледі.
«Бұл – журналистің жауапкершілігіне қа­тысты мәселе. Редакциялар ақпаратты тек­серуге мұқият қарап, жіберілген қателерін көп­шілік алдында түзетуі керек. Сондай-ақ жарияланымнан зардап шеккен адамдардан кешірім сұрау да маңызды», – деді Әділ Сейфуллин.
Сонымен қатар практикалық сабақ­тар­да ақпаратты тексеру мен сыни тұр­ғыдан қабылдау, жасанды интеллект кө­мегімен көптілді хабар тарату және бас­қаруда бизнес-аналитиканы пайдалану мә­се­лелері қамтылды.
Қатысушылар цифрлық шешімдерді жа­санды интеллект көмегімен әзірлеуге мүм­кіндік беретін вайбкодинг тәсілімен де та­ныс­ты. Ал TikTok LIVE платформасына ар­нал­ған семинар жеке медианы дамыту және тікелей эфир мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ қазақстандық медианың бә­се­кеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық кон­тенттің әлеуетін дамыту және отандық ақ­па­­рат өнімдерінің халықаралық деңгейдегі орнын нығайту мәселелері де назардан тыс қал­ған жоқ. Осындай пікір алмасулар медиа саласының алдағы даму бағдарын айқындап, кәсіби қауымдастықтың ортақ ұстаным­да­рын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Үш күнге жоспарланған Astana Media Week 2026 медиа апталығы бүгін, 16 қазанда QAZAQSTAN MEDIA AWARDS марапаттау рә­­сімімен аяқталады. Салтанатты жиында медиа саласындағы кәсіби жетістіктері үшін үздік мамандар мен сала өкілдері мара­пат­талады.
Astana Media Week 2026 – медиа саласы­ның бүгінгі ахуалын талқылап қана қоймай, оның болашақ даму бағыттарын айқындауға арналған кәсіби алаң. Жасанды интел­лек­тінің мүмкіндіктері кеңейген кезеңде тех­нология мен адам жауапкершілігінің ара­қатынасын анықтау, сапалы журналистика­ның құндылықтарын сақтау және қазақ­стан­дық медианың халықаралық деңгейдегі орнын нығайту негізгі назарда болмақ. Биыл­ғы медиа апталықтың басты мәні – тех­нологиялық өзгерістерге бейімделе оты­рып, журналистиканың негізгі құнды­лық­та­рын сақтау. Өйткені ақпарат тарату мүм­кіндігі артқан сайын оның шынайылығы, са­пасы және қоғам алдындағы жауапкер­ші­лігі де маңызды бола түседі. Ал осы талап­тар­ды үйлестіре білу – болашақ медианың тұ­рақ­ты дамуының басты шарттарының бірі.

Әсел ӘНУАРБЕК