«Түркістан» энциклопедиясы жарық көрді

Бүгін, 15:00 / Túrkistan Gazeti

Тарихтың тамыры тереңге кеткенде, сол шежірені бүгінгі ұрпаққа жеткізетін көпірдің бірі – энциклопедия. Көне шаһардың атауы ғана емес, тұтас бір өркениеттің жадына айналған Түркістан туралы жуырда  жарық көрген екі томдық энциклопедия осындай танымдық көпірдің бірі. «Ғылым» баспасынан шыққан еңбек түркі дүниесінің тарихына, мәдениетіне және рухани құндылықтарына кеңінен үңілуге жол ашады.

Бас редакторы – академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редак­торы – Таласбек Шаңбай. Энциклопе­дия түркі әлемінің аса кең мағынада­ғы тарихи мекені Түркістан ұғымын, түркі өркениеті мен халықтарының ортақ құндылықтарын және осы дү­ниенің киелі бесігі саналатын көне Түркістан қаласын бір арнаға тоғыс­тырады. Бұл – бір қаланың тарихын баяндаумен шектелмейтін, тұтас мә­дени кеңістіктің келбетін таны­туға ұмтылған еңбек.
Энциклопедия беттерінде архео­логия, сәулет өнері, этнография, әде­биет пен фольклорға қатысты ғы­лыми-танымдық мақалалар мен деректер қамтылған. Сонымен қатар түркі әлемінде ерекше орын алатын танымал тұлғалар да бар.   Әр салаға арналған материалдар Түркістанның сан ғасырлық тарихын әр қырынан ашып, оның тарихи жадтағы орнын тереңірек пайымдауға мүмкіндік береді. Карталар, жаңғыртылған сызбалар мен фотосуреттер де мәтін мазмұнын толықтырып, оқырманды өткен дәуірлердің кеңістігіне жете­лейді.
Еңбектің тағы бір ерекшелігі – редакция алқасының ауқымы. Оның құрамына Қазақстанмен қатар Біш­кек, Қазан, Мәскеу, Анкара, Таш­кент, Баку, Сегед, Ыстанбұл және өзге де ғы­лыми орталықтардан мамандар енген. Мұндай құрам Түркістан та­қы­рыбының бір елдің шеңберіне сый­майтынын, оның түркі халықта­ры­­ның ортақ тарихи әрі мәдени кеңіс­­тігімен сабақтас екенін аңғар­тады.
Түркістан – керуен жолдары тоғысқан мекен, талай дәуірдің үнін бойына сақтаған шаһар, рухани са­бақ­тастықтың символы. Сондықтан бұл энциклопедияны тек анықтама­лық басылым деп қабылдау аздық етеді. Ол – тарихи деректі жүйелеп, мәдени мұраны жаңаша тануға үн­дейтін, өткен мен бүгіннің арасын жал­ғайтын танымдық еңбек. Ғылы­ми ізденуші үшін дереккөз, тарихқа қызыққан оқырман үшін бағыт-бағ­дар, ал кейінгі ұрпақ үшін ата мұ­раны танытатын құнды кітап бол­мақ. 

Наурызбек САРША