Адамның шынайы болмысы кейде көп сөзден емес, жалқы ғана жымиыстан, байыппен айтылған бір ауыз сөзден, өзгені үнсіз тыңдай білетін қалпынан танылады. Кісінің ішкі мәдениеті мен рухани тереңдігі де осындай қарапайым сәттерде аңғарылады. Кей адамдардың жанында өзіңді асықпай ойлануға, айтқан сөзіңді таразылауға, өмірге сәл тереңірек қарауға бейім сезінесің. Олардың бойынан төгілген жылылық көзге көрінбегенімен, көңілге сәуле түсіреді. Мұндай қасиетті парасаттың шуағы деп атауға болатын шығар.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Перизат Бәйтешқызы Сейітқазымен жүздескенде, осындай әсерге бөлендік. Болмысынан сезілетін ақсүйектік әдеп, өзін де, өзгені де құрметтей білетін тектілік бірден байқалады. Ғылым атты алып мұхиттың жағалауында жүрген біз үшін Перизат ханымның тәжірибесін тыңдау үлкен олжа болды. Әңгіме барысында ғалымның әйел, жар, ана ретіндегі болмысы да біртіндеп ашыла түсті.
Перизат Бәйтешқызының ғылымға келу жолы бала күнгі арманынан басталады. Павлодар облысы Май ауданының Жалтыр ауылында өскен ол мектепте журналист болуды армандаған. Алайда атасы қыз баланың журналистикадағы тынымсыз тіршілігін құп көрмей, бұл таңдауына қарсы болады. Сөйтіп, талапты жас Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне түсіп, география-биология мамандығын үздік тәмамдайды. Мектепте сабақ беруді мақсат еткен студенттің қабілетін ұстаздары байқап, болашақ бағытына ықпал етеді.
– Мен бастапқыда мектепке барып, мұғалім боламын деп ойладым. Бірақ студент кезімде сабақ берген Айгүл Ерғалиева апайым жазуға бейімділігімді байқап, түрлі жұмыстар тапсыратын. Осылайша, бірте-бірте педагогикаға қызығушылығым оянды, – деп студенттік жылдарын сағынышпен еске алды ғалым.
Өмір кейде адамды өзі ойлаған бағытпен емес, бойындағы қабілетіне қарай жетелейді. Журналист болуды армандаған бойжеткеннің кейін ақпараттың тәрбиелік мәнін зерттейтін ғалымға айналуы да осыны аңғартады. Перизат Бәйтешқызының ғылыми бағыты – медиапедагогика. Ақпараттың адам санасына, әсіресе бала тәрбиесіне ықпалын зерделейтін бұл сала бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Ғалым білім беру мен бұқаралық ақпарат құралдарының байланысын зерттеуге ден қойды.
Кандидаттық диссертациясының тақырыбын қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Күләш Құнантайқызы ұсынған. Жас зерттеушінің қабілетін ерте таныған ұстазы оған бағыт-бағдар беріп, ғылыми ізденісіне қолдау көрсетеді. Перизат Сейітқазы ұстазының жетекшілігімен «Республикалық мерзімді баспасөз беттерінде мектеп оқушыларын тәрбиелеу мәселелері» тақырыбында зерттеу жүргізіп, 1960–1990 жылдардағы «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» басылымдарының тәрбиелік мазмұнын қарастырды. Ол кезде медиапедагогика бүгінгідей кең тараған ұғым болмаса да, ғалым ақпарат құралдарының адам санасына ықпалын педагогикалық тұрғыдан зерттеудің маңызын ерте аңғарды.
Газеттегі мақала белгілі бір кезеңнің тынысын, қоғамның тәрбие туралы түсінігін сақтайды. Ғалым осы мәтіндер арқылы баспасөздің тәрбиелік мүмкіндігін зерделеп, журналистика мен педагогиканың тоғысқан тұсын зерттеді. Журналист ақпаратты қоғамға жеткізсе, педагогика маманы оны дұрыс түсініп, білім мен тәрбие ісінде тиімді пайдалануға үйретеді.
Ақпарат көбейген сайын ақиқатты ажырату қиындайды. Технология дамығанымен, ақпаратты саралап, оның мәнін түсінуге үйрету қажеттігі жойылған жоқ. Ғалымның «Журналист ақпарат ұсынады, ал педагогика маманы сол ақпаратты тиімді пайдалануға үйретеді» деген сөзі осы айырмашылықты айқын көрсетеді. Өйткені ақпараттың молдығы өздігінен білімге айналмайды. Оған ой мен талдау қажет.
– Кейде өмірдің өз қисынына таңғаласың. Журналист болғым келген, бірақ басқа мамандықты таңдадым. Кейін ғылыми тақырыбым баспасөзбен байланысты болды. Сөйтіп, өзім қызыққан салаға басқа жолмен оралдым, – дейді Перизат Бәйтешқызы.
Оның сөзінен тағдырға өкпе емес, өмір жолына деген байыпты көзқарас сезіледі. Ұстазының дер кезінде байқаған қабілеті, ғылыми жетекшісінің ұсынған тақырыбы мен зерттеуге деген қызығушылығы ғалымның қалыптасуына негіз болды.
– Докторлық диссертацияның жауапкершілігі өте ауыр болды. Он бір жылымды арнадым. Қызмет бар, отбасы мен екі баланың тәрбиесін және қосыңыз. Осылардың бәрін қатар алып жүру оңай емес. Бірақ бастаған жұмысты аяқтау керек болды. Бұл жолда да ұстазым Күләш Құнантайқызы мен өмірлік жарымның түсіністігі мен қолдауы көп көмектесті, – деді ол.
Ғалымның бұл сөзінен табандылық пен жауапкершілікті аңғаруға болады. Ғылыми дәрежеге жету үшін біліммен бірге төзім мен уақыт қажет. Перизат Сейітқазының зерттеу бағыты да заман талабына сай кеңейді. Баспасөз материалдарының тәрбиелік мәнін зерделеуден басталған ізденіс теледидар мен радиоға, кейін әлеуметтік желілер мен цифрлық ақпарат кеңістігіне ұласты. Бүгінде ол медиапедагогика, цифрлық педагогика және киберпедагогика мәселелерін зерттеп, болашақ мұғалімдерге арналған арнайы курстарды оқытуға атсалысып келеді.
Перизат Сейітқазының ғылыми мұрасы да ауқымды. Ол – 250-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің, төрт монографияның, үш тұжырымдаманың, жеті оқу құралының және басқа да оқу-әдістемелік басылымдардың авторы. Ғылыми жетекшілігімен ғылым кандидаттары мен PhD докторлары даярланған. Еңбегі «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен бағаланған.
Ғалым Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Медиапедагогика», «Медиабілім негіздері», «ЖОО-да медиабілім берудің әдістері мен технологиялары» атты авторлық пәндердің енгізілуіне де үлес қосты. Бұл пәндер бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде оқытылады. Шәкірттері осы бағыттағы тәжірибені жалғастырып, Павлодар, Қостанай, Арқалық қалаларындағы білім беру орындарында медиапедагогиканы оқытып жүр.
Бір қызығы, журналистика Перизат Бәйтешқызына ғылыми бағытын ғана емес, өмірлік жарын да табуға себепкер болған. Көркем әдебиетті бала күнінен жанына серік еткен ол Алматыға келген соң да мерзімді басылымдарды үзбей оқиды. Бірде сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бетінен «Ғабит Мүсіреп» деген есімді көзі шалады. Ұлы жазушымен аттас журналистің кім екенін білгісі келеді. Көп ұзамай өзі қызмет ететін университетке сұхбат алуға сол журналистің өзі келеді. Кейін театрда тағы жолығады. Кездейсоқ жүздесулер бірте-бірте жақындыққа ұласып, екі жастың тағдыры тоғысады.
Олардың отбасылық өмірінің берік негізі өзара түсіністік пен құрмет болды. Ғалым бұл туралы:
– Біз бір-бірімізге, арманымызға кедергі жасаған жоқпыз, жарысып, көңіл қалдырудан, сезім мен сенімге селкеу түсіруден қаштық. Керісінше, қиналған сәтімізде демеу болып, әлі күнге дейін бір-бірімізді қолдап келе жатырмыз, – деді ол.
Бұл сөз отбасылық татулықтың қарапайым қағидасын аңғартады: бірге өмір сүру – бірінің арманын екіншісіне бағындыру емес, әрқайсысының өз жолымен дамуына мүмкіндік беру. Жақыныңның жетістігін бәсекеге айналдырмай, ортақ қуаныш ретінде қабылдау – сыйластықтың белгісі.
Өз биігіне жетіп қана қоймай, өзгеге де жол ашу, өз еңбегін бағалай отырып, өзгенің еңбегін құрметтеу – рухани кемелдіктің белгісі. Перизат Бәйтешқызының ғылымға арнаған ғұмыры, шәкірттеріне ықыласы, отбасындағы түсіністікті қадірлеуі мен бала тәрбиесіне қатысты ақпараттық мәселелерді зерттеуі бір арнаға тоғысады. Адам өз білімі мен тәжірибесін өзгелердің игілігіне жұмсай алғанда ғана еңбегінің мәні арта түседі. Парасат шуағы да осындай болса керек.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
журналист