Жас таланттар Душанбе төрінде топ жарды

Бүгін, 14:30 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен XX Жастар Дельфий ойындарында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, бейресми командалық есепте үздік үштікке енді. Еліміздің жас таланттары халықаралық өнер жарысында әлемге танымал профессорлар мен әртістердің алдында ойдағыдай өнер көрсетті. Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Дельфий комитетінің директоры, Халықаралық Дельфий комитетінің Қазақстандағы өкілі Құралай Түспековамен ұлттық құраманың жетістігі, жас таланттарды іріктеу мен даярлау жүйесі, педагогтер мен концертмейстерлердің рөлі және Қазақстанның халықаралық Дельфий қозғалысындағы орны туралы қысқаша тілдескен едік.

– Қазақстан құрамасының XX Жас­тар Дельфий ойындарында үздік үштікке енуіне қандай факторлар әсер етті?
– Қазақстан халықаралық Дельфий ойын­дарында дәстүрлі түрде жоғары нәти­желер көрсетіп келеді. Бұл қазірдің өзін­де халықаралық Дельфий қоғамдас­тығы үшін бұлтартпас факт және күтілетін нә­тиже саналады. Ең алдымен, бұл еліміз­дің Дельфий ойындары бойынша қатары­нан 20 жылға жуық уақыт бойы жүйелі жұ­мыс жүргізіп келе жатқанына байла-ныс­ты.
Біріншіден, жүйелі іріктеу жүйесі қа­лып­тасқан. Ұлттық Дельфий комитеті бұл жа­рыстардың аймақтық және Ұлттық ке­зең­дерін осымен 17-рет өткізіп отыр. Біз­де ұлттық деңгейдегі іріктеу өте әділ әрі қатал өтеді. Соның нәтижесінде Душанбеге еліміздің ең мықты, ең дарынды жастарын апардық.
Екіншіден, жүйелі тәлімгерлік жұмыс­тың нәтижесі. Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері мен өз ісінің хас шебер­лері финалистердің дайындығын жеке үйлестірді. Олар жас таланттардың орын­дау­шылық шеберлігін шыңдап, халық­ара­лық деңгейге сай келетін байқау репер­туа­рын сапалы қалыптастыруға көмектесті.
Үшіншіден, бұл – жан-жақтылық және өнер теңгерімі. Біз Қазақстанда Ойын­дар­ды 25 номинация бойынша өт­кіземіз, сәй­кесінше өнердің барлық бағыт­тары бойын­ша халықаралық Ойындарға өзіміз­дің ең мықты финалистерімізді қосу­ға дайынбыз. Біздің балалар тек бір бағытта емес, фортепианодан бастап ха­лық аспап­та­рына, эстрадалық әннен сән­дік-қол­дан­балы өнер, жасанды ин­тел­лект­ке дейінгі алуан түрлі номинациялар бойын­ша бақ сынайды. Бұл біздегі өнер мек­тептері мен дайындық базасының жан-жақты дамы­ғанын көрсетеді.
– Ұлттық іріктеу кезеңінен халық­ара­лық додаға дейін қатысушыларды даярлау жұмыстары қалай жүргізі­ле­ді?
– Ұлттық Дельфий ойындарынан кейін жеңімпаздар халықаралық Ойын­дар­дың талаптарымен танысады, өз бағ­дар­­ламаларын құрады және жергілікті жер­лерде өз ұстаздарымен дайындалады. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, бүкіл дайын­дық үрдісінде оларға бағдарлама құрудан бастап, байқау образын талқылау мен мора­льдық тұрғыдан дайындауға дейінгі мәселелер бойынша Ұлттық ойындардың өз номинацияларындағы қазылар алқасы­ның төрағалары кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырады.
– Қазақстандық жастар қай өнер бағыттарында жоғары нәтиже көр­сетіп жүр? Қай салаларда әлеуетімізді әлі де дамыту қажет?
– Біз вокалдық өнерде – академиялық, ха­лықтық және эстрадалық ән салуда дәс­түрлі түрде көш бастап келеміз, сондай-ақ дәстүрлі өнерде де табыстымыз. Сонымен қатар біз мүмкіндігі шектеулі жас талант­тарға арналған «Ым-ишара тілінде ән айту» және «Арнайы хореография» сияқты инклюзивті номинациялардың авторы әрі көшбасшысымыз. Бізге заманауи хореог­ра­фияны дамытып, балалар мен жастар арас­ындағы халықтық қолөнер бойынша жұ­мысты күшейту қажет деп ойлаймын.
– Дельфий ойындары жас талант­тар­дың кәсіби дамуына және халы­қ­ара­­лық деңгейде танылуына қан­ша­лықты үлес қосады?
– Дельфий ойындары жай ғана кон­курс деп ойлауға болмайды, бұл – нағыз кә­сіби мектеп пен мықты әлеуметтік лифт.
Мұны үш-төрт негізгі себеппен түсін­діруге болады:
Біріншіден, өнерлі жастар мықты бә­секе арқылы шыңдалады. Біздің балалар халықаралық сахнада басқа елдің ең үздік өнерпаздарымен иық тіресіп, өздерінің деңгейін көреді, шеберлігін шыңдайды.
Екіншіден, әлемдік деңгейдегі сарап­шы­лардың бағасы. Қазылар алқасында отыр­ған халықаралық деңгейдегі профес­сорлар мен еңбек сіңірген әртістердің алдын­да өнер көрсетіп, олардың кеңесін алу үлкен бақ десек болады.
Үшіншіден, онда өнер көрсету болашақ өнерпаздардың мүмкіндіктерін еселейді десек болады. Ойындарда жеңіске жету ба­ла­лардың портфолиосындағы ең сал­мақ­ты жетістікке айналады. Бұл отан­дық және шетелдік жетекші оқу орындарына грант­қа түсуге, стипендия алуға жол аша­ды.
Төртіншіден, пайдалы байланыстар (нетворкинг). Халықаралық деңгейде танылуға келсек, Ойындар барысында қа­тысушылар, педагогтар мен қазылар алқасы өзара жақын танысып, араласып ке­теді. Бір-бірін қонаққа шақырып, бірлес­кен жобалар бастайды. Бұл жас таланттар үшін таптырмас орай деп білемін.
– Алдағы уақытта Ұлттық Дельфий комитеті жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және Қазақстанның ха­лықаралық аренадағы жетістік­те­рін арттыру үшін қандай жаңа жо­баларды қолға алмақ?
– Алдағы уақытта біздің басты мақ­са­тымыз – қол жеткізген табыстармен тоқ­тап қалмай, ауқымымызды кеңейту. Ұлт­тық Дельфий комитеті жастардың шы­ғармашылық әлеуетін одан әрі ашу және еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бірнеше жаңа бағытты қол­ға алмақ.
Инклюзивті өнерді жаңа деңгейге көтеру: Біз өзіміз негізін қалаған «Ымдау ті­лінде ән айту» және «Арнайы хореог­ра­фия» сияқты номинацияларды тек елі­міз­де дамытып қана қоймай, оны ТМД және ха­лықаралық Дельфий ойындарының тұрақты ресми бағдарламасына енгізу үшін белсенді жұмыс істейміз. Осы бағыт­та ерекше балаларымызға арналған жаңа халықаралық арт-платформалар құру жос­парда бар.
Заманауи хореография мен халықтық қолөнерді күшейту: жоғарыда айтып өт­кенімдей, бізге заманауи би бағыттарын да­мытып, балалар мен жастар арасындағы қолөнерді (креативті индустрияны) жан­дандыру қажет. Ол үшін алдағы Ұлттық ойындарда осы номинациялардың талап­тарын күшейтіп, өңірлерде арнайы ше­берлік сыныптары мен воркшоптар серия­сын бастаймыз.
«Дельфий түлектері» цифрлық плат­формасы және нетворкинг: Ойындарға қатысқан, жеңімпаз болған дарындардың басын қосатын шеберлік базасын жасақ­тап жатырмыз. Бұл платформа арқылы бала­лар шетелдік продюсерлермен, білім беру гранттарымен және мәдениет ошақ­тарымен тікелей байланыс орната алады. Біз Ойындардан кейін де балаларды жете­леп, олардың кәсіби өсуін бақылауда ұста­ғымыз келеді.
­Халықаралық сарапшылармен кол­лаборация: Біздің финалистер мен олар­дың жергілікті ұстаздары халықаралық деңгейдегі трендтерден қалып қоймауы үшін, әлемдік деңгейдегі қазылар алқасы мүшелерін, шетелдік профессорларды Қазақстанға шақырып, Ойындар қар­саңын­да эксклюзивті әрі интенсивті дайын­дық лагерьлерін (bootcamps) ұйым­­дастыруды жоспарлап отырмыз.
Сөз орайында қазіргі заманғы Делфий ойындарын құрудың бастауында отан­да­сымыз, белгілі мемлекет және қоғам қай­раткері Дүйсен Қасейінов тұрғанын атап өткен жөн. Ол – Халықаралық Делфий ко­митетінің тең төрағасы.
Қысқасы, біздің мақсат – тек жарыс өт­кізу емес, Қазақстанның әрбір өнерлі жа­сына әлемдік сахнаға шығатын нақты, са­палы әрі заманауи жолдама беру.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әзірлеген Т.ӨСКЕНБАЙ