Ақпараттық қауіпсіздік – ортақ міндет

Бүгін, 14:15 / Арайлым Жолдасбекқызы

Цифрлық қызметтер күнделікті өмірімізді жеңілдеткенімен, азаматтың аты-жөні, ЖСН-і, телефон нөмірі, мекенжайы мен қаржылық мәліметтері бөтеннің қолына түскенде, оның салдары бір ғана алаяқтықпен шектелмеуі мүмкін. Сондықтан дербес деректерді қорғау мәселесі жеке адамның сақтығынан әлдеқайда маңызды.  

Бүгінде адам цифрлық кеңістікте із қалдырмай өмір сүре алмайды. Банк қызметін пайдаланады, мемлекеттік анық­тама алады, интернет-дүкеннен тапсырыс бере­ді, медициналық ұйымға тіркеледі. Осы әрекеттердің әрқайсысы белгілі бір кө­лемде жеке мәліметтерді жинау мен өң­деуді талап етеді. Цифрландырудың тиім­ді­лігі де осында. Алайда азаматтың ақпа­ра­тын сақтау мен пайдалану жүйесі әлсіз бол­са, қолай­лылық­тың өзі қауіп көзіне ай­налуы әп сәтте. 
Қазақстанда дербес деректерді қорғау­дың құқықтық негізі бар. 2013 жылы қа­былданған «Дербес деректер және оларды қор­ғау туралы» заң жеке мәліметтерді жи­нау, өңдеу және қорғау тәртібін белгі­лей­ді. Бірақ заңның болуы оның талаптары барлық ұйымда бірдей орындалып отыр де­генді білдірмейді. Мәселенің күрделілігі де осында, ақпаратты қорғау міндеті аза­мат­қа ғана жүктелмеуге тиіс.
Дербес деректердің таралуы туралы мә­селе Қазақстанда бірнеше рет көтерілді. Мә­селен, 2024 жылы мемлекеттік органдар мен тиісті құрылымдар қазақстандық­тар­дың жеке мәліметтері қамтылған дерек­тер­дің жария болуына байланысты тексерулер жүр­гізді. Цифрлық даму министрлігінің сол кездегі мәліметіне сәйкес, екі ұйым ақ­параттық қауіпсіздік талаптарын бұз­ға­ны үшін әкімшілік жауапкершілікке тар­ты­­лып, жалпы сомасы 369 200 теңге айып­пұл салынған. Ал микрокредиттік ұйым клиенттерінің екі миллионнан астам де­регінің таралуына қатысты тексеру нә­ти­же­сінде заң бұзушылықтар анықталып, ұйымға 500 айлық есептік көрсеткіш көле­мін­де айыппұл салынған. Азаматтарға моральдық зиянды өтеу мәселесі бойынша сотқа жүгіну мүмкіндігі де түсіндірілген. 
Бұл оқиғалар дербес деректердің та­ралуы техникалық ақаумен ғана шек­тел­мей­тінін көрсетеді. Оның артында ақпа­рат­ты сақтау тәртібі, қызметкерлердің қол­жетімділік деңгейі, қауіпсіздік жүйе­лері­нің сапасы және ұйым басшылығының жауап­кершілігі тұрады. 
2025 жылғы наурыздан бастап дербес де­ректерді қорғау мен ақпараттық қауіп­сіз­дік саласындағы бірқатар заң бұзу­шы­лықтар үшін әкімшілік жауапкершілік кү­шей­тілді. Алайда жазаны қатаңдату өзді­гі­нен мәселені шешпейді. Маңыздысы – заң бұзушылықтың алдын алу, қауіп анық­тал­ған сәтте әрекет ету және азаматқа кел­ті­ріл­ген зиянды өтеудің нақты тетіктерін қам­тамасыз ету.
Көпшілік ақпараттық қауіпсіздік де­ген­де күмәнді қоңырауларды, жалған ха­бар­ламаларды немесе банк картасының дерек­те­рін ұрлауды елестетеді. Бірақ қауіп бұдан да кең. Жеке мәліметтердің заңсыз таралуы адамның атынан жалған операциялар жа­сауға, алаяқтық схемаларын ұйымдастыру­ға, азаматқа психологиялық қысым көр­се­ту­ге, оның жеке өміріне қол сұғуға жол ашуы ықтимал.
Сонымен бірге деректердің таралуына тек сыртқы шабуылдар себеп болмайды. Ақ­параттық жүйелердің уақытында жаңар­тыл­мауы, қызметкерлердің қауіпсіздік та­лаптарын сақтамауы, қажеттен тыс мәлімет жин­ау және ақпаратқа қол жеткізуді дұрыс шектемеу де тәуекелді арттырады.
Биыл жарияланған ресми мәліметтерде де осы мәселелер көрініс тапқан. Уәкілетті ор­ган жүргізген тексерулер барысында де­ректерді өңдеуге келісімнің болмауы, ақ­парат­қа қол жеткізе алатын қызметкерлер ті­зімінің дұрыс жасалмауы, көпфакторлы ау­тентификацияның және өзге де қорғау құ­ралдарының жеткіліксіздігі сияқты кем­шіліктер анықталған. Демек, ақпараттық қауіп­сіздік тек бағдарламалық жасақтамаға немесе күрделі технологияға тірелмейді. Ол – басқару мәдениеті, нақты тәртіп және жауап­кершілік мәселесі.
Азаматтың өзі де цифрлық ортада сақ­тық танытуы керек. Бір реттік құпиясөзді бөгде адамға бермеу, күмәнді сілтемелерді аш­пау, әр қызметте бірдей құпиясөз қол­данбау, белгісіз тұлғаларға жеке құжат­тар­дың көшірмесін жібермеу қарапайым кө­рін­генімен, маңызды шаралар.


– Бір нәрсені түсіну керек, банк біздің мә­­­ліметтерімізді, әдетте, ауадан алмайды. Қо­сымшада бір батырманы басқанда не­ме­се SMS-кодты енгізгенде, біз көбіне ұзын шарт­ты оқымай-ақ «келісемін» деп жібере­міз. Сол шарттың ішінде мемлекеттік база­лар­дан деректер алуға рұқсат жазылып тұра­ды. Яғни, заң жүзінде келісім берілген, бір­ақ адамдар оны саналы түрде бермеген. Мәселенің бір түйіні осында.
Екіншіден, деректердің бір жерге жи­налуы ыңғайлы, бірақ қауіпті. Ол жер­ден ақпарат сыртқа кетсе, бір адамның емес, миллиондаған азаматтың өмірі ашық қа­лады. Кейінгі жылдары бүкіл ел азамат­тарының деректері интернетке тарап кет­кені туралы жағдайлар болды, банк қыз­мет­керлері мәлімет сатқан деген айып­тар да шықты. Нәтижесін бәріміз көріп жүрміз, алаяқтардың қоңыраулары, біздің аты­мыз­ға несие рәсімдеу, әлеуметтік инже­не­рия.
Мемлекет тарапынан компаниялардың жауапкершілігін күшейту, деректі ағызып алғаны үшін нақты әрі ауыр жаза қолдану керек. Компаниялар өз тарапынан тек қа­жет­ті мәліметті ғана сұрауға тиіс. Мәселен, банк қосымшасынан наркологиялық есеп­те бар-жоғым туралы анықтама ала ала­мын. Банкке наркологиялық есебім не үшін керек? Ал біз, азаматтар, келісім беріп тұр­­ғанда не нәрсеге рұқсат беріп жатқа­ны­мыз­ды оқуымыз керек. eGov арқылы кім де­ректеріңе сұрау жібергенін тексеріп отыру, SMS-кодты ешкімге айтпау, күдікті қоңырауға сенбеу өте маңызды, – дейді IT-маманы Нұрбол Ербосын. 


Алайда азаматтың сақтығы ұйымның қауіп­сіздік жүйесіндегі кемшіліктердің ор­нын толтыра алмайды. Адам өз мәліметін се­ніп тапсырған мекеменің оны қалай сақ­тайтынын толық бақылай алмайды. Сондықтан деректерді жинайтын және өңдейтін әр ұйым ақпаратқа кімнің қол жет­кізе алатынын нақты белгілеуге, жүйе­лерін тұрақты тексеруге, қауіп анықталған жағдайда жедел әрекет етуге міндетті.
Мемлекеттің міндеті де тек бақылау мен жазалаудан тұрмайды. Азаматтардың құ­қығын қорғау тетіктері түсінікті әрі қол­жетімді болуы, деректердің таралуы туралы ха­барлау тәртібі жұмыс істеуі және заңсыз әре­кетке қатысты шағымдарды қарау нәти­желі болуы қажет.
Осы аптада өткен Құрылтай отырысын­да «Әділет» партиясы фракциясының мү­ше­сі Ләззат Жылқыбаева Қазақстанның Бас прокуроры Б.Асыловқа, Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Жасанды интел­лект және цифрлық даму министрі Ж.Мә­диевке азаматтардың дербес дерегін қорғау жә­не ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдады. 

– Еліміздің жаңа Конституциясында ал­ғаш рет әр адамның жеке және отбасы құ­пиясының қорғалуына, сондай-ақ дербес дерегінің заңсыз жиналуы мен пай­да­ла­нылуы­нан қорғау құқығына заңмен кепіл­дік берілген. Бұл – адамның құқығы мен бос­тандығын қорғауға бағытталған маңыз­ды конституциялық норма. Цифрлық дәуір­де бұл кепілдіктің маңызы бұрынғы­дан да арта түсті.
Мемлекет басшысы бастаған өзгерістер­дің түпкі мақсаты – азаматтың құқығын күн­делікті өмірде нақты қорғау. Сондықтан конс­титуциялық кепілдіктер әрбір мем­ле­кет­тік органның, әрбір ұйымның жұмы­сын­да орындалуға тиіс. 
Бәріңізге мәлім, 11 қазан қазақстандық­тар «Яндекс» компаниясының такси және жеткізу қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылым­ның ақауымен түсіндірді. Министрлік қа­зақ­стандық пайдаланушылардың дербес де­ректері сақталатын серверлер ел аума­ғында орналасқанын және қалыпты жұмыс іс­теп тұрғанын мәлімдегенімен, сервистер­дің жұмысына қажетті кейбір компонент­тер­д­ің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шет­елдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл дерек­тер­дің нақты қай елде, қандай құқықтық ре­жимде өңде­ле­тінін ашық анықтауды та­лап етеді, – деді Ләззат Жылқыбаева.


Депутат азаматтардың жеке деректері­нің ашық жариялануына да алаңдаушылық біл­дірді. 


– Жақында Қызылорда облысы Шиелі ау­данында жеті білім беру ұйымы меди­ци­на­лық тексеру қызметін сатып алу кезінде 529 қызметкердің дербес деректерін мем­лекеттік сатып алу порталында ашық жа­рия­лаған. Ал Семей қаласында 31 мектептің сай­тында 3 752 қызметкердің және 344 кә­мелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған. Жарияланған құ­жаттарда аты-жөні, жеке сәйкестендіру нө­мірі, туған күні, мекенжайы және теле­фон нөмірі сияқты мәліметтер қамтылған. Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қор­ғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жария­лаған, – деді халық қалаулысы.


Әр адам мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, балаларын мектепке орналастырғанда же­ке мәліметтерді тапсырады. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қа­райды? Қандай мақсатта пайдаланады? Кім­ге береді? Қанша уақыт сақтайды? Біз мұ­ны қалай бақылай аламыз? Депутат осы сұрақтарды ашық қойды. Оның айтуынша, әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу ор­ны, денсаулығы мен отбасының әлеумет­тік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның қауіпсіздігіне де, жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселелерді ес­кер­ген Ләззат Жылқыбаева бірнеше ұсы­ны­сын ортаға салды. 


– Біріншіден, «Яндекс» компаниясын­дағы жағдайға байланысты дербес дерек­тердің трансшекаралық берілу-берілмеуін және мұндай фактілер анықталған жағдай­да олардың заңдылығын тексеру қажет.
Екіншіден, мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйым­да­ры­ның, сондай-ақ оларға қызмет көрсете­тін компаниялардың дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау негізділігін, олар­ды үшінші тұлғаларға берудің заңды­лығын және жою талаптарының сақталуын тексеру қажет.
Үшіншіден, биыл маусым айында заң­намаға жалпыға қолжетімді көздерде жа­рия­лауға жатпайтын дербес деректерді бүр­­кемелеу, сондай-ақ цифрлық объекті­лер­де бүркемелеу және хештеу әдістерін қолдану талаптары енгізілді. Алайда білім беру ұйымдары қызметкерлерінің дерек­терін ашық жариялау фактілері осы талап­тардың сақталуын тексеру және олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету қа­жеттігін көрсетті.
Төртіншіден, дербес деректерді қорғау са­­ласындағы бақылауды күшейту үшін өңір­­лік мамандардың біліктілігін арт­ты­рып, жергілікті атқарушы органдардың заңнамада көзделген өкілеттіктері шегінде тексерулер жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме мен нақты нұсқаулықтар әзірлеу қажет.
Бесіншіден, дербес деректері заңсыз жа­рияланған азаматтарды уақытылы ха­бар­дар ету, олардың бұзылған құқық­тарын қал­пына келтіру және мұндай жағдайлар­дың қайталануын болдырмау тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.
Бас прокуратурадан аталған фактілер бойынша қабылданған шараларға, аза­маттарды хабардар етуге және олардың бұзыл­ған құқықтарын қалпына келтіруге қа­тысты мәлімет ұсынуды сұраймыз. Цифр­лық мемлекетке деген сенім азамат­тың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады, –  деді депутат. 


Цифрлық қоғамның дамуы жи­нал­ған деректердің көлемімен ға­на өл­шенбейді. Оның шынайы көрсеткіші – азаматтың жеке мәліметтері өзіне зиян кел­тіру үшін пайдаланылмайтынына қан­шалықты сенетіні. Технология адамның өмі­рін жеңілдетуге қызмет етуге тиіс. Ал сол технологияға сенім қалыптастыру үшін дербес деректерді қорғау қағаз жүзіндегі талап емес, күнделікті орындалатын міндет болуы керек.

А.БИМЕНДІ