Сенім мен ықпалдастық саммиті

Бүгін, 14:00 / Арайлым Жолдасбекқызы
Ақорда

Мемлекет басшысы кеше Баку қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ра­лары жөніндегі кеңестің 7-сам­митіне қатысты.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VII сам­митінде қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
Ол диалогтың, сенімді нығайтудың және жан-жақ­ты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған Әзербайжан тара­пының белсенді төрағалығын оң бағалады.
– Қазақстан үшін Кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан аса уақыт бұрын кең-байтақ өңірде өза­ра сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету­ге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жө­нінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мем­лекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бас­тап­қыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығай­ту­ды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог фор­ма­тында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға ай­налды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының ша­мамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұр­ғын­дарының жартысынан астамы өмір сүреді. Х­­а­лық­ара­лық институттардың көбінде мұндай әлеует 
жоқ, – деді Мемлекет басшысы. 
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ бо­ла­шақ құруға ұмтылған жалынды жастар оның қоз­ғаушы күші саналатынын айтты.
– Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ние­тімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнінде бел­гілі брендке айналды. Бүгін Лаостың осы Ұйымға мүше болғанына қуаныштымын, – деді ол.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шара­лары жөніндегі кеңес – құрлықтағы бейбітшілік пен қауіп­сіздікті, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету­ге бағытталған бірегей форум. Ауқымды бастаманы алғаш рет 1992 жыл­ғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассам-блеясының 47-сес­сия­с­ында Қазақстан Республикасы ұсынған болатын. Бүгінде аталған диалог алаңын толыққанды ха­лық­аралық ұйым мәртебесіне көшіру процесі қарқынды жүріп жатыр. Құрылымның басты мұраты – Азия кеңістігінде өзара сенім мен көпжақты ынтымақтас­тық­ты нығайту арқылы бейбіт қатар өмір сүру негіз­дерін бекемдеу. Еуропалық геосаяси кеңістіктегі ЕҚЫҰ сияқ­ты, бұл кеңес те аймақтағы саяси-әскери, эко­но­ми­калық және гуманитарлық түйткілдерді тарқатуға ар­налған әмбебап платформа. 
Мемлекет басшысы саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айт­ты. Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байып­тап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ете­тін аса күрделі әрі бұрын-соңды болмаған үдеріс­тер орын алып жатыр. 
– Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архи­тек­турасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құ­қық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басым­дық­қа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Был­­тыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дү­­­ниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. 2025 жыл­дың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мың­нан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл үрдіс ұзақ жыл бойы жаһан­дық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге ба­ғытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоқ­қа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мық­ты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі дек­лара­циялар қабылдаудың дәуірі өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2022 жылы Астанада ұйымдастырылған VI саммитте АӨСШК мүше мемлекеттері Кеңесті то­лық­­қанды халықаралық ұйымға айналдыруға уағ­да­ласқанына назар аударды.
– Бүгінде Ұйымға төрағалық етіп отырған Әзер­бай­жан бұл миссияны лайықты деңгейде іске асырып келеді. АӨСШК Жарғысының қабылдануын асыға күте­міз. Бұл алдағы іс-қимылымыздың жол картасы болады. Қазақстанның АӨСШК трансформациясына қа­тысты ұстанымы бұған дейін бекітілген міндет­темелерге негізделген. Сондай-ақ ортақ түсіністікке қол жеткізуге және тиісті келісімдерді әзірлеуге икем танытуды басшылыққа алады. Кеңес Азиядағы орнын сақтай отырып, жаһандық серіктестермен ынты­мақ­тастыққа ашық институт болуға тиіс. Ұйым өзара се­нім рухындағы дәйекті диалог пен сындарлы кон­сультацияға негізделген қауіпсіздік моделін ілгерілетуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа бейбітшілік миссиясы

АӨСШК-нің тыныс-тіршілігі мен стратегиялық қызметі сенім білдіру шараларының бес негізгі өлшемі ая­сында өрбиді. Алғашқысы әскери-саяси бағыт қару­лануды бақылауды, әскери саладағы ашықтық пен айқындықты арттыруды, сондай-ақ ықтимал қақты­ғыстардың алдын алып, дауларды тек бейбіт жолмен реттеуді көздейді. Екінші бағыт қазіргі заманның жаңа қауіп-қатерлеріне қарсы пәрменді күрес жүргізу­ге арналған. Оның шеңберінде халықаралық тер­ро­ризм, сепаратизм және экстремизммен күресу, наша­қор­лыққа, заңсыз есірткі айналымы мен трансұлттық ұйым­дасқан қылмысқа тосқауыл қою, сонымен бірге ақ­параттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ки­бер­қыл­мысқа қарсы тұру міндеттері қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әр­қа­шан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін тағы да еске салды. 
– Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен рет­теуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынты­мақ­­­тастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс ор­ната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұн­дай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабыл­дау­ға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабыл­даудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаһандық саяси тұрақсыздық пен геосаяси тур­буленттілік белең алған қазіргі кезеңде Бакудегі бұл басқосу – Азия мемлекеттерінің ортақ тіл табысып, құрлықтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, сон­дай-ақ қарқынды экономикалық даму жолында күш біріктіруге дайын екенін айқын дәлелдейтін тағы бір маңызды тарихи қадам болды.

Жасанды интеллектіні бақылау – жаһандық қауіп­сіздік кепілі

Мемлекет басшысының айтуынша, болашаққа бағдарланған Ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек. 
– Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде эко­номикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақы­лау­сыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүм­кіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құ­қық­тық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзін­де ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фак­тілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетік­терді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұн­дай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер ара­сындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жа­санды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақы­лау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Прези­денті көтерген бастама – уақыт та­ла­бынан туындаған өзекті әрі толық не­гіз­делген қадам. Жасанды интеллектінің да­муын адамзаттың бақылау қабілетінен асыр­мау және цифрлық кеңістіктегі қауіп­сіздік тетіктерін заңнамалық деңгейде бе­кіту бүгінгі жаһандық саясаттың ең бас­ты басымдығы болуға тиіс. Осы ретте АӨСШК-нің қолда бар бес негізгі өлшемін ал­тыншы, яғни жасанды интеллект ба­ғытымен толықтыру туралы ұсыныс ұйымның стратегиялық рөлін жаңа белеске кө­теріп, Азия құрлығындағы цифрлық се­нім мен қауіпсіздіктің берік іргетасын қа­лайтыны сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ техноло­гия­ларын орынды пайдалану экономика­лық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ мем­лекетті басқарудың тиімділігін арт­ты­рып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңей­те түсетінін атап өтті. 
Осы орайда, тәуекелдерді бірлесіп ба­қы­лау қажет. 
– Жақында Вашингтонда қол қойыл­ған Суперинтеллект бойынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Бірік­кен Ұлттар Ұйымы аясындағы халық­аралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қау­қарлы екеніне сенімдімін. Осы сала­дағы жаһандық күш-жігер аясында Қа­зақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты да­му мақсаттары үшін Азия-Тынық мұ­хиты цифрлық шешімдер орталығын ор­наластырады. Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары жөніндегі кеңесіне мү­ше мемлекеттер аймағымыздың цифр­лық болашағын бірге қалыптастыру үшін Орталық жұмысына атсалысады деп ой­лай­мын, – деді Мемлекет басшысы.

Азияның болашақ басымдықтары

Президент қазір кез келген стра­тегия­лық жобаны жүзеге асыру үшін ақпарат­тық қауіпсіздіктің маңызы зор деп са­най­ды. Әсіресе, бірнеше мемлекетке ортақ бас­­­­тамаларда оның мәні арта түседі. 
– Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан маңыз­ды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Кас­пий табанымен тартылған Транс­кас­пий талшықты-оптикалық байланыс же­лісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жо­лы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде ана­ғұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет ал­масуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азия­ның цифрлық әлеуетін нығайтып, ын­тымақтастықтың тың бағыттары ашы­лады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Ар­менияның бітімге келу процесіне қол­дау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі кө­реген көшбасшылықтың нәтижесін ай­қын көрсеткенін айтты. 
– Ондаған жыл бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перс­пективаға жол ашып, Шығыс пен Ба­тыс арасында байланыс орнатуға мүм­кін­дік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі транс­шекаралық жобаларды жүзеге асы­ру­ға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан АӨСШК-нің көлік байланысы стра­те­гия­сын бірлесе әзірлеуді ұсынамын. Бұл Стра­тегия өңіріміздегі «Бір белдеу, бір жол», Сол­түстік – Оңтүстік халықаралық көлік дә­лізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасын қо­са алғанда, негізгі халықаралық көлік ба­ғыттарының әлеуетін зерделеуге мүм­кін­дік береді, – деді Президент.
Бұған қоса, Оңтүстік Кавказдағы бұ­рын­ғы күрделі қақтығыстардың реттелуі және Баку мен Ереван арасындағы бітім­гер­ші­лік үдерісі саяси көрегендіктің, берік ерік-жігердің жемісі екенін көрсетті. Осын­­­­дай бейбіт тұрақтылық нәтижесінде Шы­ғыс пен Батысты жалғайтын жаңа эко­номикалық перспективалар мен тран­зит­­тік мүмкіндіктердің есігі ашылатын күн де алыс емес.  
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір энер­­гетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұр­ға­­нын айтты.
– Трансшекаралық энергетикалық инф­рақұрылым қақтығыстардың зар­да­бын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлем­дегі энергетика нарығында тұрақ­сыз­дық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағ­­­дарыс аймағынан тыс елдердің де эко­­­номикалық өсімін тежеуде. Дәл осы се­­бепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қа­зақстан, Әзербайжан және Өз­бек­стан жа­сыл энергия жеткізу жөніндегі стра­те­гия­лық серіктестік туралы келісімге қол қой­ды. Осылайша, Каспий жасыл энер­ге­ти­калық дәлізінің негізі қаланды. Бұл ел­деріміздің энергетикалық жүйелерін өза­ра байла­ныс­тырып, Қара теңіз арқылы Еу­ропа на­рықтарына шығуға жол ашады, – деді Мем­лекет басшысы.
Қазақстан Президенті Әзербайжанмен бір­лесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құ­быры арқылы Қазақстан мұнайын тасы­мал­­даудың көлемін арттыру жөніндегі жос­­пары туралы айтты. 
– Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлем­нің энергетикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде айрықша маңызға ие болып отыр. Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игі­лігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ын­ты­мақтастық кеңістігі болуы керек деп са­най­ды. Бұл ретте су ресурстары мен эко­логия саласындағы бірлескен күш-жігер ар­қылы оны сақтап қалу өте өзекті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы АӨСШК қызметін­дегі экологиялық бағыттың маңызы арта түскенін атап өтті. Президенттің пікі­рін­ше, су ресурстарының тапшылығы мен эко­жүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.
– Азия мен Тынық мұхиты аймағында дү­ние жүзі халқының 60 пайызы мекен­дейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орын­да. Қазақстан су ресурстары алдағы уа­қытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай тех­­но­логия алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнем­дейтін шешімдерді ілгерілету мақ­сатында АӨСШК су ресурстары серіктес­ті­гін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақ­стан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ре­сурстарына қатысты жаһандық күн тәр­­тібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ете­тін Халықаралық су ұйымын құру бас­та­масын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүм­кіндік бере отырып, Орталық Азия ел­дері мен Әзер­байжан бірлесе ілгеріле­туі­не болады, – деді Президент. 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайым­дауын­ша, бұл бастамалар инвестиция мен адам капиталы болмаса түбегейлі нәтиже бер­мейді. 
– Бұдан мың жылдан астам уақыт бұ­рын ұлы философ әрі ғалым әл-Фараби қо­ғамның қуаты оның халқының білімі мен адамгершілік қасиеттерінде екенін айт­қан. Сондықтан Ұйымға мүше мемле­кет­терді АӨСШК-нің адами капитал саласындағы әріптестік орнатуға шақырамын. Мақсат – жас ұрпақты технологиялық, экономикалық және геосаяси жаңғырулар екпінімен сәт сайын өзгеріп жатқан әлемге бейімдеу. Біз осы маңызды мәселені шешуге үлес қосу үшін сарапшылық тәжірибемізді, маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйым­­­дарының әлеуетін ұсынуға дайын­быз. Келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді ны­ғайту саласындағы ғылыми зерттеуге ар­налған стипендиялық бағдарлама іске қо­сылуы ықтимал. Қазақстан Ұйымға мү­ше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкір­та­қы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерт­теу грант­тарын беруге әзір, – деді Мем­лекет бас­шысы.
Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына ті­лек­тес екенін жеткізді. Сондай-ақ қабыл­дан­ған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.

Қазақстан-Израиль: Әріптестік әлеуеті және жаһандық бейбітшілік

Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 7-саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Израиль қарым-қатынасы қарқынды си­пат алғанына тоқталды. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ық­палдастыққа ден қоя отырып, маңызды ба­ғыттар бойынша ынтымақтастықты да­мыту перспективасын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцог­тің сәуір айында Астанаға жасаған сапары мем­лекеттер арасындағы байланысты ны­ғайтуға айтарлықтай серпін бергеніне на­зар аударды.
Израиль Президенті де Қазақстанға са­парын ризашылықпен еске алды. Оның пікірінше, еліміздің көптеген салада алға басуы екіжақты ықпалдастықты ілгері­лету­ге жол ашады. 
Ицхак Герцог Қазақстанның Бейбітші­лік кеңесіне қосылуын құптап, бұл оқиға­ның бейбітшілік пен тұрақтылықты ны­ғай­­туға қосылған зор үлес екенін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар халықаралық күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелер, соның ішін­де Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір ал­масты. Мемлекет басшысы шиеленісті бә­сеңдетіп, қақтығыстарды дипломатия құ­рал­дары арқылы реттеу қажеттігін жет­кізді және Қазақстанның осы қағидатты берік ұстанатынын айтты.

Бауырлас елдердің басым бағыттары

Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары кеңесінің 7-сам­миті аясында Әзербайжан Прези­ден­ті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. 
Қазақстан Президенті Әзербайжан Кеңес­ке төрағалық еткен кезеңде нақты бас­тамаларды ілгерілетуге және Ұйымның ха­лықаралық беделін күшейтуге сүбелі үлес қосқанына назар аударды.
Кездесу барысында мемлекеттер бас­шылары өңірдегі бірегей жоба – Транс­кас­пий талшықты-оптикалық байланыс же­лісін іске қосудың маңызына тоқталды. Теңіз табанымен жүргізілген желі екі елдің цифр­лық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дә­ліз­дің пайда болуына ықпал етеді. Осы­лай­ша, тұтас өңір тың мүмкіндіктерге қол жеткізеді.
Президенттер сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқыны артып келе жат­қанын мәлімдеп, өзара тауар ай­на­лы­мын 1 миллиард долларға жеткізуге ниет­ті екенін растады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның энергия ре­сурстарын Әзербайжан арқылы тасы­мал­дау ауқымын ұлғайту, сондай-ақ өнер­кәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлес­кен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін тал­қылады.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ық­палдастық нығайып, білім беру, туризм са­лаларындағы әріптестік кеңейе түскенін және парламентаралық ынтымақтастық жан­данып келе жатқанын жеткізді.
Кездесу аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшық­ты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты.
Президенттер Каспий теңізінің таба­ны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жал­ғастыратын ұзындығы 380 шақы­рым­дық талшықты-оптикалық байланыс же­лісін салтанатты түрде іске қосты. Жобаны «Қа­зақтелеком» АҚ мен AzerTelecom ком­пания­сы бірлесіп жүзеге асырды. 
Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытай­ды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс ба­ғытының бір бөлігі саналады. Ол Же­р-ор­­та теңізі мен Қара теңізде орналасқан бай­ланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін.
Жоба Қазақстанның цифрлық эко­но­микасын дамыту тұрғысынан стратегия­лық мәнге ие. Атап айтқанда, ТОБЖ елі­міз­де қосымша халықаралық байланыс же­лісін іске қосып, отандық нарыққа жаһан­дық технологиялық компанияларды тар­туға және бұлтты сервистер мен жа­сан­ды интеллект инфрақұрылымын да­мы­туға жағдай жасайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны іске қо­су рәсімінде аталған желі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен күш-жігеріне тың сер­пін беретінін айтты. 
– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жо­баны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни, көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, циф­р­лан­дыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынты­мақ­тастықтың түбегейлі соны форматы, Ор­та дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асы­рылуы десек болады, – деді Қазақстан Президенті.
Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу ар­қылы Орталық Азия мен Әзербайжан ара­сындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.
– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының Консуль­татив­тік кездесуіне толық мүше ретінде қа­былданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ын­тымақтастықты тереңдетуге қосылған ке­зекті үлес болды. Яғни, бұл желіні Ор­талық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұр­ты да, одан тысқары елдер де пайда­ла­нады. Осы­лайша, бүгін жаһандық жоба­ны іске қос­тық, – деді Әзербайжан Президенті.
Ашылу салтанатында Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Жасанды интел­лект және цифрлық даму министрі Жас­лан Мәдиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төраға­сы Бағдат Мусин сөз сөйледі.
Мемлекеттер басшыларының қа­тысуы­мен Қазақстан мен Әзербайжан Үкі­­­меттері арасында қол қойылған Транс­кас­пий халықаралық көлік дәлізін дамыту жө­ніндегі ынтымақтастық туралы келісім­ді алмасу рәсімі өтті. 
Құжат жаһандық көлік-логистика тіз­бегі өзгеріске ұшыраған қазіргі кезеңде Транс­каспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліздің) орнықты қызмет етуі мен ке­шенді дамуына арналған ортақ құқық­тық негізді қалыптастырады. 
Келісім тараптардың инфрақұрылым қуа­тын кеңейтуін, бағыт бойындағы те­мір­­жол, автокөлік және порт аумақтары­ның осал тұстарын реттеуді, сондай-ақ Кас­­пий айдынында теңіз түбін терең­де­тетін флот пен теңіз тасымалын бірлесе да­­­­мытуды қамтамасыз етеді. 
Құжаттың негізгі бөлімі көлік саласын ау­қымды цифрландыруға арналған. Бұл ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, «бір терезе» қағидатын енгізуді, жүк қоз­ғалысын толықтай қадағалауды, сон­дай-ақ электрондық цифрлық қол­таң­балар­ды өзара тану туралы жеке келісім жа­сасуды қамтиды.
Бұдан бөлек, келісім өзара алдын ала ақ­параттандыру, тексеруді азайту және өкілетті экономикалық операторлар мәр­тебесін тану арқылы әкімшілік, шекаралық жә­не кедендік үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзер­бай­жан стратегиялық серіктестігін одан әрі те­реңдетуге, сондай-ақ екіжақты күн тәр­ті­бінің барлық бағыты бойынша қол жет­к­ізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іс­ке асыруға бейіл екенін растады.

Астана мен Доха арасындағы өзара ықпалдастық

Бакуде ұйымдастырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңе­сінің саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мем­лекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Ха­мад Әл Тәнимен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтас­тық­тың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақ-Қа­тар сан қырлы серіктестігін нығайту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және энер­гетикалық жобаларды жүзеге асыру перс­пективасына айрықша назар аударыл­ды.
Мемлекеттер басшылары халықаралық жә­не өңірлік күн тәртібі, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір ал­мас­ты.

Арайлым ЖОЛДАСБЕК