Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Семей қаласындағы 5511 әскери бөліміне инспекциялық сапармен барды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әскери бөлімнің жеке құрамы қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау міндеттерін орындайды. Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқарады.
Инспекция барысында Бас қолбасшы қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттің ұйымдастырылуына, жеке құрамның жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына және полиция қызметкерлерімен өзара іс-қимылына ерекше назар аударды. Бөлімшелердің үйлесімді жұмысы, туындаған жағдайларға жедел ден қою және әскери қызметкерлердің тұрақты әзірлігі қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Сапар барысында Бас қолбасшы мерзімді әскери қызметке жаңадан келген жас сарбаздардың дайындығына да назар аударып, оқу пунктінде сарбаздардың әскери даярлығымен танысты. Мұнда жас ұландықтар әскери істің негіздерін меңгеріп, жауынгерлік қызметті атқару тәртібін, қаруды қолдану ережелері мен әскери тәртіп талаптарын үйреніп жатыр.
Генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков жас әскери қызметкерлермен әңгімелесіп, олардың даярлық барысы мен әскери ортаға бейімделуіне қызығушылық танытты. Ол сарбаздарға әскери мамандықты меңгеруде табандылық және әскери борышын орындауда жауапкершілік тіледі.
Инспекция аясында Аңсаған Балтабеков жеке құрамның үй-жайын да тексерді. Ол казармаларды, тұрмыстық бөлмелер мен оқу сыныптарын аралап, әскери қызметкерлердің күнделікті тұрмысын ұйымдастыру деңгейімен және сабақ өткізуге жасалған жағдайлармен танысты.
Асханада Бас қолбасшы тамақ дайындау цехінің жұмысын, азық-түлікті сақтау және ас әзірлеу жағдайларын зерделеді. Санитариялық талаптардың сақталуына, сондай-ақ жеке құрамды құнарлы әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, генерал-лейтенант А. Балтабеков әскери бөлімнің медициналық пунктіне барды. Бас қолбасшылық жұмысының басым бағыттары ретінде әскери қызметкерлердің денсаулығын сақтау,науқастанудың алдын алу және медициналық көмекті уақтылы көрсету мәселелері белгіленді. Әрбір әскери қызметкердің қажетті медициналық көмекті уақтылы әрі сапалы алуын қамтамасыз ету міндеті атап өтілді.
Инспекция қорытындысы бойынша Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы әскери қызметкерлердің тұру және қызмет өткеру жағдайларын одан әрі жақсартуға, жас сарбаздардың даярлық сапасын арттыруға және мерзімді әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.