«Әділет» партиясының белсенділері Абай облысындағы Жидебай қорығының аумағын тазартты

Бүгін, 20:31 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Ауқымды «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы Абай облысында жалғасуда. Акцияның үшінші күні белсенділер Жидебай қорығының аумағын қоқыстан тазартып, қабырғалардағы заңсыз жазуларды өшірді. Тазалық жұмыстарын «Әділет» партиясының жастар қанаты «Вандализмге жол жоқ!» республикалық акциясы аясында ұйымдастырды. Бастаманың мақсаты – жастарды тарихи ескерткіштерді сақтауға және табиғатты аялауға үндеп, олардың мәдени мұраға жауапкершілікпен қарауына ықпал ету, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай ауданындағы Жидебай қорығы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығымен тығыз байланысты. Мұнда еліміздің тарихы мен мәдениетінде айрықша маңызға ие тарихи нысандар орналасқан. Ал вандализмнің алдын алу және тарихи ескерткіштерді қорғау – «Әділет» партиясы қызметінің басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәдени мұраны сақтау мен қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етудің маңызын бірнеше мәрте атап өткен.

«Бүгін Абай облысындағы Жидебай қорығында жастармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізуіміздің де мәні осында. Бұл - тек бір нысанды тазарту емес, тарихи мұрамызды сақтау жауапкершілігін қоғаммен бірге бөлісу. Біз бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырып, жастардың экологиялық және азаматтық белсенділігін арттыра береміз», - деді «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының м.а Ержан Хамитов.

Тазалық жұмыстарына партияның жастар қанатының белсенділері де қатысты. Олардың айтуынша, мұндай шаралар туған өлкенің тазалығын сақтауға үлес қосып қана қоймай, оның тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Акцияға қатысушы Әкежан Бауыржанұлы тарихи-мәдени ескерткіштерді қазақ халқының құнды мұрасы деп санайды. Оның пікірінше, оларды сақтау мен қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті.

«Мұндай жерлерді қоқыстан тазартып қана қоймай, ескерткіштер мен олардың қабырғаларына жазу жазып, бүлдіруге жол бермеуіміз керек. Себебі бұл – ата-бабамыздан қалған мұра. Оны сақтай отырып, тарихымызды, мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа жеткіземіз. Ал осындай акцияларға қатысу жастардың туған жерге деген жауапкершілігін арттырады», - деді «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Әкежан Бауыржанұлы.

Ауқымды road-эстафетасы Шығыс Қазақстан облысында жалғасады. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» road-эстафетасына 5 мыңға жуық жас белсенді мен ерікті қатысуда. Олар төрт күнде шамамен 1 800 шақырым жол жүріп, Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 10 аудан мен 59 ауылды қамтиды.

Эстафета барысында қатысушылар жол бойын қоқыстан тазартып, қоғамдық орындарды ретке келтіреді және вандализмге қарсы акциялар өткізеді.