"Орынборда қазақ мешіттеріндегі тіркеу құжаттары сақталған"
"Орынборда қазақ мешіттеріндегі тіркеу құжаттары сақталған"
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес Оралда «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Орынбор қаласында сақталған деректерді әкеліп, тарихымызды жаңғыртуды ұсынды.
Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ғылыми институттар арқылы тың мәліметтерді айналымға енгізу қажет. Рухани жаңғыру бағытында құлпытастарды зерттеу жобасын да қолға алу керек. Бұл әр адамның ата-тегін жинақтау арқылы тарих пен дінге қоса кең байтақ даламызда жазба мәдениеті, сәулет және қолөнер өркениетінің болғандығын, жердің иесі қазақ екендігін дәлелдейтін құжат іспеттес. Жобаны жүзеге асыру үшін әр аудан, ауылда жұмыс тобын құрып, көне құлпытастарды нұсқаулыққа сәйкес суретке түсіріп, жазбаларын келтіріп, облыс орталығындағы мамандарға тапсыру қажет.
Тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясы арқылы көне құлпытастарды қорғауға алып, тарихи институттарға, мамандарға, өлкетанушыларға қолжетімді ету керек болады. Орынбор мен Астрахан секілді көршілес облыстарға арнайы экспедициялар ұйымдастырып, ол жақтағы ата-балаларымыздың құлпытастарын да суретке түсіріп, тарихи жәдігер ретінде мемлекеттің қамқорлығына алу бағытында жұмыстанған жөн. Тағы бір айта кетер жайт, Орынбор облыстық мемлекеттік архивінде Ресей империясының қазақ даласын отарлауына қатысты мыңдаған құжат жатыр. Орыс отаршылары қазақ рулары, олардың басты адамдары - сұлтандары, билері мен батырлары туралы ақпаратты мұқият жинастырып отырған. Бұл тізім, әсіресе, жаңа хан сайлау тұсында ерекше хатталған.
«Күні бүгінге дейін еленбей келген маңызды мәселе -мешіттердегі тіркеу құжаттары (метрике). Онда қазақ даласындағы әр сәбидің дүниеге келген күні, қай атадан екендігі, әке-шешесі, туған жері туралы деректер келтірілген. Сонымен қатар некесі қиылғандар жөнінде толық мәлімет алуға болады (онда қанша мәһір, яғни қалың мал алынғанына дейін көрсетілген). Оған қоса талақ немесе ажырасушылар жөнінде де мәліметтер жеткілікті. Мұның бәрі қазақ даласында есеп-қисап жүргізілмеген деген пікірді жоққа шығарады. Қазіргі кезде Башқұртстан астанасы Уфа қаласындағы ұлттық архивте сақтаулы жатқан осы құнды құжаттардың көшірмелерін елге алдырып, зерттесе, Қазақстан тарихының осы кезге дейін белгісіз болып келген қаншама беттері ашылар еді. Тіпті бүгінгі ұрпақ өз бабаларының аты-жөндерін сол құжаттардан тауып қалуы әбден ықтимал. Сондықтан өткенімізге қатысты барлық деректерді зерттеп, жарыққа шығара білуге тиіспіз», – деді Ж.Сафуллин.