Ақмола облысы Сандықтау аудандық сотында кәмелетке толмаған балаға қатысты күш қолдану, яғни денсаулыққа зиян келтірмей, тән ауруына ұшыратқан әрекеттер жасағаны үшін Қ.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, Қ. кәмелетке толмаған ұлымен (2015 жылы туған) үйде болған кезде, арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында әкесі ұлын кеуде тұсындағы киімінен ұстап, құлағынан алақанымен соққан және итеріп жіберген.
Сотта Қ. кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінді.
Кәмелетке толмаған ұлы әкесін кешіріп, оны жазаламауды сұрады. Ол болған жанжалға өзін кінәлі деп санайтынын айтып, қазіргі уақытта оңалту орталығында жүргендіктен, үйіне оралғысы келетінін айтты.
Жаза тағайындауда сот Қ.-ның кінәсін толық мойындағанын, жасаған әрекетіне өкінетінін, жәбірленушінің сотталушыны кешіріп, қатаң жаза тағайындауды талап етпейтінін ескерді. Сонымен қатар дене жарақаттары кәмелетке толмаған баланың денсаулығына зиян келтірмегені және сотталушының материалдық жағдайы (жесір, уақытша жұмыс істемейді) назарға алынды.
Сот үкімімен Қ.-ға 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.