Павлодар мектептерінің бірінде 4 оқушы уланып қалған

Бүгін, 16:45 / Алуа Арман
istockphoto.com

Оқиға 12 қазанда Павлодар қаласындағы №11 мектепте болған. Оқу орнының мәліметінше, медициналық көмекке алтыншы сынып оқушылары жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, улану белгілері бар 2014 және 2015 жылы туған үш оқушы облыстық балалар ауруханасына барған. Кезекші педиатр тексергеннен кейін балалар амбулаториялық бақылауға жіберілген.

Мектептің мәліметінше, бастапқыда мектеп медбикесіне төрт бала жеткізілген. Олар математика сабағы кезінде құрамында хлоры бар таблеткалардан уланып қалған.

«Балалардың айтуынша, олар партаның астынан белгісіз екі таблетка тауып алған. Балалар сыныпқа кіріп-шығып жүрген кезде олардың біреуі үгітіліп қалған. Таблеткаға жақын отырған оқушы оның не екенін көру үшін еңкейгенде өзін жайсыз сезіне бастаған. Кейін тағы үш бала таблетканы қарап, олардың да жағдайы нашарлаған», — деді Павлодар қаласындағы №11 мектеп директорының орынбасары Дәурен Тұрсынбеков.

Балалар математика сабағы аяқталғанша отыра алмай, мұғалім оларды мектеп медбикесіне жіберген. Осы оқиғадан кейін қызметтік тексеру басталды.

Тексеру барысында партаның астында еден жууға арналған дихлор таблеткалары жатқаны анықталған. Алайда мектеп әкімшілігі бұл таблеткалардың оқу орнына тиесілі емес екенін мәлімдеді. Себебі мектеп тазалаушылары басқа фирма мен маркадағы таблеткаларды пайдаланады. Оларды мектепке кім әкелгенін анықтау мүмкін болмаған.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша, оқиға болған математика сабағын өткізген мұғалім тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Уланған оқушылар келесі күні қайтадан сабаққа қатыса бастаған.

Тэгтер:

мектеп улану оқушы Павлодар сабақ