Ақтөбеде бопсалаумен айналысқан күдіктілер ұсталды

Бүгін, 14:21 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері өңір тұрғындарынан ақша бопсалаумен айналысқан екі күдіктіні анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Хромтауда жаттықтырушы жігіт өзімен бұрын таныс болған кен орны қызметкерін кездестіріп, одан еш себепсіз жарты миллион теңге талап еткен. Жәбірленушіні ол сұраған ақшасын бермесе, өмірін қиятынын айтып бопсалаған.

Екінші жағдайда Ақтөбе қаласының тұрғыны өзінің бұрынғы танысын интимдік сипаттағы бейнежазбамен бопсалаған.

Күдікті ер адам өзі бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелден 700 мың теңге көлемінде ақша талап еткен. Бұл соманы бермеген жағдайда жәбірленушінің интимдік сипаттағы бейнежазбаларын оның жақындары мен таныстарына таратынын айтып қорқытқан.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында екі ер адамды да жәбірленушілерден ақша алу кезінде ұстады.

Қазір ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша (ҚР ҚК 194-бабы) қозғалған қылмыстық істер аясында сотқа дейінгі-тергеп тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркілене отырып, 4 жылдан басталатын бас бостандығынан айыруға дейін жазалануы мүмкін.