Бурабайда жұмыстан заңсыз шығарылған бухгалтер сотта жеңіске жетті

Бүгін, 12:21 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облысының Бурабай аудандық сотында П-ның «Щучинское добровольное товарищество садоводов любителей» тұтыну кооперативіне қатысты жұмыстан шығару туралы бұйрыққа дау айту, жұмысқа қайта орналастыру, мәжбүрлі бос жүрген уақыт үшін жалақыны өндіріп алу, моральдық зиянды өтеу және өсімпұл өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2024 жылғы 16 қаңтарда П. тұтыну кооперативіне (серіктестікке) бухгалтер лауазымына жұмысқа қабылданып, онымен еңбек шарты жасалған.

2026 жылғы 30 сәуірде бұйрық негізінде еңбек шарты талап қоюшының бастамасы бойынша бұзылған.

2026 жылғы 13 мамырда дауды сотқа дейін реттеу мақсатында П. жауапкерге жазбаша талап жолдаған, алайда Серіктестік келісу комиссиясын құрмаған.

П. сотқа жүгініп, өзіне психологиялық қысым көрсетілгенін және жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қоюға мәжбүр болғанын көрсеткен.

Сот талап қоюшы П.-ның талаптарын негізді деп танып, жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп таныды. Сот жұмыстан шығару кезінде төмендегідей бұзушылықтар орын алғанын анықтады:

• Талап қоюшының бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу туралы шешім нөмірі көрсетілмеген бұйрық негізінде қабылданған.

• Жауапкер талап қоюшының еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға ерік білдіргенін растайтын құжаттарды ұсынбаған. Серіктестіктің құжаттарынан П-ның бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу туралы өтініш табылмаған.

• Бұйрықта «2025 жылғы 12 маусымдағы еңбек шартын бұзу» деген мәлімет қате көрсетілген, ал талап қоюшымен еңбек шарты 2024 жылғы 16 қаңтарда жасалған.

Сот шешімімен П-ның талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. Еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. П. бухгалтер лауазымына қайта орналастырылды. Тұтыну кооперативінен П.-ның пайдасына 2026 жылғы мамырдан қыркүйекке дейінгі мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 670 мың теңге жалақы, 50 000 теңге моральдық зиянды өтеу өтемақысы, сондай-ақ өкілдік және өзге де шығындар үшін 200 мың теңге өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Ақмола облысы Бурабай бухгалтер еңбек дауы