ҚазҰУ студенттері кәсіпкерлермен кездесті

Бүгін, 10:18 / Алуа Арман

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы «Кітапханалық-ақпараттық жүйелер» мамандығының студенттері бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесу өткізді. «Тұрақты даму жолындағы серіктестік: университет және бизнес» деп аталған диалогтік семинарда тараптар өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орны мен бизнестің өзара байланысы «түлекті даярлау – жұмысқа орналастыру» деген дәстүрлі шеңберден шығып, сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Университет – білім беру, ғылыми-зерттеу және зияткерлік әлеуеттің ордасы болса, бизнес тарапы практик мамандардың тәжірибесіне, еңбек нарығындағы шынайы сұраныстар мен заманауи трендтерге сүйенеді. Өткізілген диалогтік семинардың басты мақсаты да осы екі тарап арасында ашық пікір алмасу алаңын құру, цифрлық құзыреттерді дамыту және студенттік бастамаларға қолдау көрсетудің нақты бағыттарын айқындау болды.

Іс-шараға университет тарапынан Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнақов, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Рыскелді Мырзабекова, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ «Кітапханалық-ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Ал бизнес пен қоғамдық сектор атынан өз саласының тәжірибелі мамандары мен белгілі тұлғалары шақырылды:

Сандуғаш Есенбекова – әлеуметтік кәсіпкер, қоғам қайраткері, «ARUAI» брендінің негізін қалаушы, «Алтын алқа» иегері;

Динара Бердімұрат – Балаларды қорғау қорының директоры, бірнеше кітап пен Мемлекеттік Энциклопедиялардың авторы, ҚР Президентінің «Бірлік» Алтын медалінің иегері, «Ұлт Жанашыры»;

Айгерім Алтынбайқызы – педагогика ғылымдарының магистрі, логопедия мен дефектология бойынша оқулықтардың авторы, «Батыр шапағаты» және «Ел жанашыры» төсбелгілерінің иегері;

Айман Байтурсын – перинаталдық психолог, доула маманы;

Замзагуль Асанова – қоғам қайраткері, ҚР Президентінің Алғысы мен «AMANAT» партиясының Алғыс хаттарының, «Батыр шапағаты», «Намыс», «Ел жанашыры» төсбелгілерінің иегері.

Семинар барысында білім мен адами капиталға инвестиция салу, заманауи кәсіби дағдыларды қалыптастыру және жастардың бастамаларын қолдау мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар университет білімін практикамен ұштастырудың тиімді жолдарын қарастырып, студенттік олимпиадалар мен қысқы мектептерді ұйымдастыруға бизнесті тарту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша университет пен бизнес арасындағы серіктестікті дамытудың алғашқы жобалары белгіленіп, оларды іске асырудың нақты қадамдары келісілді.

 

Тэгтер:

студент кәсіпкер ҚазҰУ бизнес қауымдастық