"Салмақ қостым деп ойладым": ШҚО тұрғыны дәрігерлерден денсаулығына қатысты тосын хабарды естіген

Бүгін, 20:29 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер ішінің ұлғаюын артық салмақпен байланыстырған әйелден көлемді ісік анықтады. Медициналық мекеме мамандары осындай екі ерекше жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengri Health жазуынша, алғашқы оқиға қазан айының басында болған. Ауыл тұрғыны ішінің қатты ауырғанына байланысты дәрігерлерге жүгінген. Ол Өскеменге компьютерлік томография қорытындысымен келген. Зерттеу іш қуысында ірі түзіліс бар екенін көрсеткен.

"Ісіктің көлемі расында таңғаларлық болды – іші жүктіліктің соңғы айларындағыдай көрінетін. Әйелдің өзі мұны тез салмақ қостым деп ойлаған", – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы.

Қосымша тексеру кезінде әйелде жатыр миомасы бары анықталған. Алайда дәрігерлер ауырсыну сипаты миомаға тән емес екенін байқап, басқа патология болуы мүмкін деп күдіктенген.

Ота абдоминалдық хирургтармен бірлесіп жасалған.

Операция барысында алып миоманың артында жіті аппендицит те болғаны белгілі болды. Соқыр ішек өсіндісі айналасындағы тіндердің арасында орналасқан.

Дәрігерлер қажетті хирургиялық көмекті көрсеткеннен кейін науқастың жағдайы жақсарып, кейін стационардан шығарылған.

78 жастағы әйелден де алып кистома табылған

Облыстық аурухана дәрігерлері бұған дейін де ұқсас жағдайға тап болған.

78 жастағы әйел ауруханаға іші қатты ұлғайған күйде жеткізілген. Белгілі болғандай, ол кіші жамбас қуысында ісік барын шамамен алты жыл бойы білген, алайда ауырсыну болмағандықтан дәрігерге қаралмаған.

Ота кезінде мамандар көлемі үлкен қарбызбен салыстыруға келетін алып, тығыз кистоманы анықтаған.

Дәрігерлер іш көлемінің біртіндеп ұлғаюын әрдайым салмақ қосу немесе жасқа байланысты өзгерістер деп қабылдауға болмайтынын ескертті.

"Іштің біртіндеп үлкеюі әрдайым салмақ қосумен немесе жасқа байланысты өзгерістермен байланысты емес. Ісік ұзақ уақыт бойы ауырмаса да, бұл оның қауіпсіз екенін білдірмейді. Ерекше өзгерістер мен жайсыздық пайда болғанда, дәрігерге уақытында қаралу керек", – деп кеңес берді медициналық мекеме мамандары.

Тэгтер:

ШҚО дәрігер Артық салмақ