Семейлік жас жұбайлардың ұқсастығы желі қолданушыларын таңғалдырды

Бүгін, 20:06 / Жамбыл Жайлау
Tengrinews.kz

Семейлік Қуаныш пен Әсел есімді жас жұбайлар сырт келбетінің қатты ұқсастығымен әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Олардың TikTok-та жариялаған видеосы 1,5 миллионнан астам қаралым жинаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengri Life жазуынша, желіде тараған роликте Қуаныштың 2012 жылы түскен суреті көрсетілген. Алайда кейбір қолданушылар кадрдағы адамды алғашында оның жары Әсел деп ойлап қалған.

Пікір қалдырғандар ерлі-зайыптының ұқсастығын әзілге айналдырып, тіпті оларды ағалы-қарындас деп қабылдауға болатынын жазған.

Қуаныш пен Әсел қалай танысқан?

Қуаныш 28 жаста, Семей қаласының тумасы. Ол техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер болып жұмыс істейді және бос уақытында Жайдарман ойындарына қатысады.

Ал 21 жастағы Әсел Ақтаудан. Ол медициналық университетте білім алып жүр және бұрын өзі де Жайдарман сахнасында өнер көрсеткен.

Жас жұбайлар 2023 жылдың наурызында жергілікті Жайдарман лигасында танысқан.

"Ең қызығы, бірінші болып мен ғашық болдым. Қуанышты көргеннен кейін оны өзім тауып алып, бірінші болып хат жаздым", – дейді Әсел.

Сол жылдың 8 сәуірінде Қуаныш Астанадан Әселге арнайы барған. Кейін екеуінің қарым-қатынасы жалғасып, 2024 жылы шаңырақ көтерген.

Қазір олар екі баланы тәрбиелеп отыр. Ұлдары Айбар екі жаста, ал қыздары Айлин бір айлық.

"Бізді ағалы-қарындас деп ойлайды"

Әселдің айтуынша, олардың бір-біріне ұқсайтынын таныстары үйлену тойына дейін де жиі айтқан. Алайда өзі мұндай ұқсастықты ұзақ уақыт байқамаған.

"Шынында да, бізге үнемі қатты ұқсайтынымызды айтатын, бірақ мен өзім мұны ұзақ уақыт байқамадым, әлі де ерекше ұқсастықты көріп тұрған жоқпын. Ал айналадағылар бірден байқайды. Кейде бізді ағалы-қарындас деп те ойлап қалатын", – деп бөлісті Әсел.

Оның сөзінше, әсіресе ерлі-зайыптыны алғаш көрген адамдар оларды туыс деп қабылдайды.

"Кейде адамдар бірден: "Ағалы-қарындассыздар ма?" - деп сұрайды. Біз мұндай реакцияға үйреніп кеттік және оны әзілмен қабылдаймыз. Мүмкін сырт көзге біздің ұқсастығымыз өзімізге қарағанда анығырақ көрінетін шығар", – деді ол.

Әсел роликтің мұншалықты танымал болатынын күтпегенін айтты. Жұп видеоны бастапқыда өздері үшін ғана түсірген.

Тэгтер:

Семей