Қарағандыда жолаушылар автобусын мас күйде басқарған 41 жастағы жүргізуші анықталды. Құқық бұзушылық полиция қызметкерлерінің жаяу жүргіншіге жол бермеу дерегін тексеруі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Назарбаев даңғылында патрульдеу жүргізген полицейлер № 29 бағыттағы Dong Feng автобустың реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде адамға жол бермегенін байқаған. Көлік құралы тоқтатылып, жүргізуші тексерілді. Тексеру барысында жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілері байқалды. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.
Сондай-ақ жүргізушінің соңғы аялдамада жолаушыларды түсіргеннен кейін де автобуспен қозғалысын жалғастырғаны анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды. Құқық бұзушыға 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Полиция мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертеді. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жолаушылар мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.