Қазақстандық шырын Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады

Бүгін, 15:04 / Інжу Әлихан
Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ақтөбе облысында отандық өндірістің әлеуеті артып келеді. 2016 жылдан бері Green Vitamin компаниясы өздері өсіретін жас бидай өскіндерінен 100 пайыз табиғи витграсс шырынын өндіреді. Бұл тәсіл кәсіпорынға шикізат сапасын тұрақты бақылап, өндіріс үдерісін толық жолға қоюға мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір кәсіпорын айына 3 000 қаптама өнім шығарады. Сонымен қатар өндіріс көлемін айына 10 000 қаптамаға дейін арттыруға қауқарлы. Компания өнімі Қазақстанның барлық облыс орталықтарында саудаланады.

Кәсіпорын үшін экспорттық бағыттың маңызы зор. Бүгінде Green Vitamin өнімдері Ресей Федерациясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, соның ішінде Дубай қаласына жеткізіледі.

Алдағы уақытта экспорттық нарықтар аумағы кеңеюі мүмкін. Қазір компания Беларусь Республикасымен келісімшарт жасасу сатысында. Бұл қадам отандық өнімнің шетелдік нарықтардағы ауқымын кеңейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Өңірлерде осындай өндіріс орындарының дамуы елдің өңдеу өнеркәсібін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қолданыстағы жұмыс орындарын сақтауға, отандық өнім түрлерін көбейтуге, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.