Алматыда оқушылардың жаппай улануынан кейін қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 14:24 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушыларының жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу жұмыстарын Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

— Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысын қоса алғанда, бірқатар тергеу шараларының нәтижесінде оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — деп мәлімдеді полиция департаменті.

Бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы ішек инфекциясына шалдығып, ауруханаға жатқызылғаны белгілі болған еді.

Оқу орнында ауру жұқтыру жағдайлары тіркелгеннен кейін санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамандар мектептің ас блогын тексеріп, нәтижесінде санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтаған.

Сондай-ақ Алматыдағы РФММ филиалының оқушылары уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілгені хабарланды.

Тэгтер:

мектеп улану оқушы Алматы РФММ РФМШ