Түйе сүтінен әзірленген балмұздақты әлемге танытқым келеді – ауыл кәсіпкері

Бүгін, 13:00 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Түйе сүтінен балмұздақ жасау – екінің бірінің ойына келе бермейтін тың идея. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында тұратын Азангүл Албосын осы ойды жүзеге асырып, жанға шипа, дертке дауа түйе сүтінен «Қазақ балмұздағын» әзірлеп шығарды. Арнайы технологияны Қытайдан үйреніп келген кәсіпкер бүгінде түйе шаруашылығын дамытып қана қоймай, ұлттық өнімнің жаңа түрін өндіріске енгізуге күш салып жүр. Осы ретте Turkystan.kz тілшісі ұлттық брендке айналуға лайық бастаманы қолға алып жүрген ауыл кәсіпкерімен аз-кем тілдескен еді.

15 түйеден күніне 100 литрдей сүт аламыз

«1987 жылы Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласының Тоғызтарау деген ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үрімші қаласында заңгерлік білім алдым. Сосын сол жақта екі жылдай сотта жұмыс істедім. 2012 жылы Қазақстанға қоныс аударып, тұрмыс құрып, балалы-шағалы болдым. Үш кішкентайым бар. Жолдасым екеуміз отау көтергеннен кейін мал шаруашылығымен айналыса бастадық. Жұбайымның мамандығы – мал дәрігері. Әуелде ешкі мен жылқы ұстадық. Ешкі сүтін де, бие сүтін де сатып көрдік. Кейін «түйе қалай болады екен» деп, түйеге қызығып, «Түйе ұстап көрейік» деген ойға тоқтадық. Бала кезімізден жан-жағымызда жайылып жүрген түйені көріп өстік, бірақ өзіміз түйе ұстап, бағып көрмегенбіз. Түйені баптауға деген қызығушылығымыз басым түсіп, осы түлікті өсіруге бел будық. Сөйтіп жолдасым екеуміз ең алғаш  Тараз жаққа барып, Байқадам деген ауылдан екі түйе алып келдік. Солай бастаған шаруашылығымызды дамытып, қазір 80-нен астам түйеміз бар. Түйе өзі екі жылда бір төлдейді ғой. Бір жасар, екі жасар, үш жасар төлдері бар. Түйе малы төрт жасқанда толғанда боталай бастайды. Түйеден бөлек жылқы, біраз қойымыз бар. Десе де баптап отырған негізгі мал – осы түйе. Түйе малының басқа жануарларға қарағанда ерекшелігі – көп тағам қажет ептейді, тік тұрып саууға болады. Елу-алпыс түйені бағуға үш-төрт адам жетеді», – дейді өзі.

Үш жыл бұрын Алматы облысының бұрынғы әкімі Марат Сұлтанғазиев Азангүл мен жолдасы Жарқынға түйе шаруашылығын дамыту үшін 226 гектар жер берген екен.

«Сол жерден малшылар отыратын үй салдық. Содан соң қора салдық. Фазендамыз бар. Малшылар сол жерде түйелерді сауып, сүтін үйге әкеледі. Ол жақта жарық жоқ, сүтті қоюға ыңғайсыз. Түйе қысы-жазы сауылады. Қазір 15 шақты түйе сауып отырмыз. Жалпы, түйе үш мезгіл сауылады: таңертең, түсте, кешке. Қыста екі мезгіл сауамыз: таңертең, кешке. Бір түйе күніне 6-7 литрдей сүт береді. Сонда 15 түйеден күніне 100 литрдей сүт аламыз. Түйе сүтін күнделікті, күнара сатып алатын тұрақты клиенттеріміз бар. Шелек, Еңбекшіқазақ аудандарынан, Алматыдан алдыртатын сатып алушылар бар. Тойға, асқа, емге деп алады. Бұған дейін түйені қолмен сауып келгенбіз, жақында аппарат сатып алдық. Түйенің сүтін дәл бие сүтіндей, саумал сияқты, сол күйінде сүттей де сатуға болады, ашытып, шұбат қылып та сатуға болады. Сиыр сүтінен алынатын өнімдердің бәрін де түйе сүтінен алуға болады. Түйе сүтінен құрт жасауға, сары май алуға болады. Шұбаттың литрін 1 300 теңгеден сатамыз», – дейді ол.

Азангүл түйе сүтінен балмұздақ жасау технологиясын меңгеру үшін Қытайға арнайы барып, тәжірибе жинақтап қайтқан.

«Бір күні түйе сүтінен балмұздақ жасап көрсе қалай болады екен?» деген ой келді. Сөйтіп Қытайға барып, арнайы курс оқып, балмұздақты қалай әзірлейтінін көріп, үйреніп келдім. Бірақ ол жақта балмұздақты тек сиыр сүтінен әзірлеп көрсетті. Онда түйе сүтінен әзірлемейді. Өйткені түйе сүтінің бағасы қымбат. Сондықтан мұндай балмұздақ өз құнын ақтамайды. Елге келгеннен кейін сиыр сүтінен жасалған балмұздақ тәсілімен түйе сүтінен балмұздақ әзірлеп көрдім. Тәп-тәтті болып шықты. Алғаш рет түйе сүтінен балмұздақты былтыр шілде айында әзірлей бастағанмын. Дүкенге сатылымға шығардым. Елге ұнады. Балалар сүйсініп жеді. Бұл балмұздаққа түйе сүтінен басқа ешқандай артық зат қосылмайды. Сүтті қазанда ұзақ қайнатып, суытып, сосын аппаратқа құйып, дайын балмұздақ етіп шығарамын. Тек түрін шығару үшін таңқурай, бүлдірген тосаптары қосылады», – дейді ол.

Мемлекет тарапынан қолдау болса...

Азангүлдің айтуынша, балмұздақ өндірісін кеңейту үшін арнайы цех ашу қажет. Алайда оған жер телімі берілмегендіктен, кәсіпкер әзірге жұмысын жалғастыра алмай отыр. Ол ұлттық өнімді өндіріске енгізіп, шетелге танытуды мақсат етеді. Осы орайда Азангүл кәсібін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді.

«Балмұздақты дүкендерге шығара бастағаннан кейін «Рұқсат алыңыз, лицензияңыз болуы керек, цех ашуыңыз керек, бұлай үйден жасай алмайсыз» деді. Сонымен балмұздақ өндірісін тоқтатып қойдым. Балмұздақ цехына қойылатын талаптар бар екен. Құзырлы органдардан цех ашуға жер сұрадым. Бірақ әлі жер берілмеді. Тауар таңбасын алдым, патентке өтініш бердім. Енді жер алып, цех ашайын десем жер болмай тұр. Осы балмұздақпен түрлі жәрмеңке, жоба, гранттарға да қатыстым. Алайда осы өндіріс жағына қолдау болмай, жаңа кәсібімді жүргізе алмай отырмын. Өз еліме, Отаныма келіп, шамам келгенше еңбек етіп, бір кісілік үлесімді қосып жатырмын. Шұбат, түйе сүті – қазақтың төл өнімі ғой. Енді содан әзірленген балмұздағымызды шығарып, әлемге танытсақ қайта жақсы емес пе? Бұл шетелде жоқ өнім ғой. Мемлекет тарапынан көмек, қолдау болса, кәсібімізді дамытып, балмұздақ өндірісін жолға қойғым келеді», – дейді ол.

Тэгтер:

кәсіпкер балмұздақ шұбат Азангүл Албосын