Алматыда бір мектептің 47 оқушысы ауруханаға түсті

Бүгін, 09:52 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары жаппай уланып қалды. Ішек инфекциясы белгілерімен 47 бала ауруханаға жеткізілді. Мектептің, интернаттың және асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы алғаш болып зардап шеккен балалардың туыстары хабарлаған. 13 қазан күні кешке әлеуметтік желілерде оқушылардың ата-аналары мен жақындарының наразылық жазбалары жариялана бастады.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы төтенше жағдай туралы ақпаратты ресми түрде растады.

«12-13 қазан аралығында РФМШ мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен Балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қазір олардың бәрі дәрігерлердің бақылауында. Интернатта тағы 8 бала оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір мамандар тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулерге сынамалар алды. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында», – деп мәлімдеді басқарма.