АҚШ-тағы Рокфеллер университетінің ғалымдары мұрын мен ми арасындағы бұрын белгісіз болған жүйке байланысын анықтады. Зерттеу тыныс алу жиілігінің адамның мазасыздық деңгейіне қалай әсер ететінін түсіндіруге көмектеседі. Бұл туралы ScienceAlert басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілердің мәліметінше, мұрын арқылы тыныс алу тек иістерді сезуге ғана емес, мидың эмоциялық күйді реттеуіне де қатысады. Мұрын қуысындағы жүйке талшықтары тыныс алу ырғағын сезіп, миға сигнал жібереді. Бұл сигналдар қорқыныш пен күйзеліске жауап беретін ми аймақтарының жұмысына әсер етуі мүмкін.
Ғалымдар бұл байланысты тышқандарға жүргізілген тәжірибе арқылы зерттеген. Нәтижесінде тыныс алу жиілігі мен жүйке жүйесінің белсенділігі арасында байланыс бар екені анықталған. Мұрыннан келетін сигналдар алдымен мидың иіс сезуге жауап беретін бөлігіне, одан әрі эмоциялық реакцияларды реттейтін лимбиялық жүйеге беріледі.
Тыныс алу жиілеп, үстірт болған кезде жүйке сигналдарының жиілігі артып, бұл мазасыздық пен қорқыныш реакцияларына ықпал етуі мүмкін. Ал баяу әрі терең тыныс алғанда миға берілетін сигналдардың ырғағы өзгереді. Ғалымдардың пайымдауынша, осы механизм тыныс алу жаттығуларының адамды тыныштандыруға көмектесуін түсіндіруі мүмкін.
Зерттеу барысында ғалымдар мұрын рецепторларын баяу ырғақпен екі апта бойы ынталандырып көрген. Тәжірибе нәтижесінде зертханалық тышқандардың мазасыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеген.
Зерттеу мұрын мен ми арасындағы жүйке байланысының эмоциялық күйді реттеудегі рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Дегенмен тәжірибе тышқандарға жүргізілгендіктен, бұл тәсілдің адамдардағы тиімділігін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.