Ер адамдарға көбірек әсер етеді: жалғыздық адамның денсаулығын нашарлататыны анықталды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану адамның аурусыз өмір сүретін жылдарын қысқартуы мүмкін. 277 мыңнан астам адам қатысқан зерттеу бұл жағдайлардың ерлер мен әйелдердің денсаулығына әсері әртүрлі екенін көрсетті. Әсіресе психикалық саулыққа қатысты айырмашылық байқалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Nature Communications журналында жарияланған зерттеуге 40 пен 69 жас аралығындағы 277 489 ересек адам қатысқан. Зерттеу басталған кезде олардың ешқайсысында негізгі жеті созылмалы аурудың бірі болмаған. Ғалымдар 50 жастан бастап есептеп, жалғыздық пен әлеуметтік оқшауланудың денсаулыққа ықпалын бағалаған.

Нәтижелер бойынша, жалғыздықты да, әлеуметтік оқшаулануды да бастан кешірген ерлер психикалық бұзылыстарсыз өмір сүретін шамамен 5,8 жылынан айырылуы мүмкін. Әйелдерде бұл көрсеткіш 3,7 жыл болған.

Дене саулығына қатысты айырмашылық басқаша көрінген. Ерлерде физикалық ауруларсыз өмір сүру кезеңі шамамен 1,7 жылға, ал әйелдерде 2,4 жылға қысқарған. Яғни психикалық денсаулыққа байланысты ықтимал шығын ерлер арасында жоғары болса, дене саулығына қатысты көрсеткіш әйелдерде көбірек болған.

Зерттеушілер жалғыздық пен әлеуметтік оқшауланудың бір ұғым емес екенін атап көрсетеді. Жалғыздық – адамның өзін жалғыз сезінуі, яғни субъективті күй. Ал әлеуметтік оқшаулану – адамның айналасындағылармен байланысының аздығы немесе әлеуметтік қарым-қатынасының шектеулі болуы. Адамның таныстары мен араласатын ортасы көп болса да, өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Керісінше, жалғыз тұратын адамның әлеуметтік байланыстары жеткілікті болуы ықтимал.

Ғалымдардың пікірінше, зерттеу нәтижелері әлеуметтік байланыстардың денсаулық үшін маңызын көрсетеді. Дегенмен келтірілген сандар әр адамның өмірі міндетті түрде сонша жылға қысқаратынын білдірмейді. Олар зерттеу барысында анықталған байланыстарға негізделген есептік бағалаулар.

Тэгтер:

денсаулық жалғыздық