Ұлыбританияның Antarctic Heritage Trust ұйымы Антарктидадағы Порт-Локрой базасында жұмыс істейтін қызметкерлерді қабылдайды. Міндеттердің бірі – пингвиндердің ұяcы мен жұмыртқаcsy санау. Жұмыс бес айға созылады, айлық жалақы қызмет түріне қарай 1449-2096 фунт стерлинг аралығында. Бірақ үміткерлердің Ұлыбританияда тұруы және елде жұмыс істеуге рұқсаты болуы керек, деп хабарлайды turkystan.kz.
Порт-Локрой – Антарктика түбегіндегі Гудье аралында орналасқан бұрынғы британдық база. Ол 1944 жылы құрылған. Қазір мұнда музей, кәдесый дүкені және әлемдегі ең оңтүстікте орналасқан пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Базаны басқаратын UK Antarctic Heritage Trust ұйымы оңтүстік жартышардың жаз мезгілінде нысанды ашық ұстау үшін жыл сайын төрт-бес адамнан тұратын шағын топ жинайды.
Қызметкерлердің негізгі жұмысы – маусым кезінде келетін шамамен 10 мың туристі қарсы алу, дүкенге қызмет көрсету және келушілерге базаның тарихын таныстыру. Бұған қоса, әр қызметкерге жеке міндет жүктеледі: біреуі жабайы табиғатты бақылайды, екіншісі музейге жауап береді, ал тағы бірі пошта бөлімшесінде жұмыс істейді. Пошта арқылы бір маусымда 80 мыңға дейін хат пен ашықхат жөнелтілуі мүмкін.
Жұмыс күні таңғы сағат 9-да басталып, кешкі 6-да аяқталады. Әр екі аптада бір күн демалыс беріледі. Жалақы лауазымға қарай айына 1449-дан 2096 фунтқа дейін төленеді. Келісімшарт алты айға жасалады: оның бес айы Антарктидадағы жұмысқа, қалған уақыты дайындық пен маусым қорытындысын шығаруға арналған. Қызметкерлер салықтарын өздері төлейді, ал ұйым Ұлыбританиядағы оқу-жаттығу сапарларын, Антарктидаға бару-қайту жолын, тамақты, баспананы және полярлық киімді қамтамасыз етеді.
Алайда мұндай жұмысқа келісетіндер тұрмыстың қарапайым жағдайына дайын болуы керек. Аралда су құбыры жоқ, су кемелермен арнайы ыдыстарда жеткізіледі. Душқа шамамен аптасына бір рет түсуге болады. Ауа райы қолайсыз болса, келесі кеме келгенше екі аптаға дейін күтуге тура келуі мүмкін. Дәретхана да қарапайым, оны қызметкерлер күн сайын тазалап, босатады.
Топ қайта жабдықталған баракта, бір бөлмедегі екі қабатты кереуеттерде ұйықтайды. Бөлме температурасы шамамен 14-15 градус болады. Сырттағы ауа температурасы нөлден бес градус төмен және бес градус жоғары аралығында өзгеріп, ылғалдылық жоғары болуы мүмкін. Электр қуаты күн панельдерінен алынатындықтан, энергияны көп қажет ететін құрылғыларды пайдалануға шектеу қойылған. Ұялы байланыс жоқ, бірақ спутниктік интернет арқылы мессенджерлермен сөйлесуге болады. Базада дәрігер де жоқ: ең жақын аурухана Ушуая қаласында орналасқан, ал қажет болған жағдайда эвакуациялау жеті күнге дейін созылуы ықтимал. Қызметкерлерге вегетариандық тағам ұсынылады, темекі шегуге тыйым салынған.
Жұмыстың көпшіліктің назарын аудартатын бөлігі – пингвиндердің ұялары мен жұмыртқаларын санау. Бұл жай ғана бақылау емес, 1996 жылдан бері жалғасып келе жатқан ғылыми мониторинг. Зерттеу Британдық Антарктика қызметінің тапсырмасымен жүргізіліп, пингвиндердің көбею көрсеткіштерін және туристердің олардың тіршілігіне ықпалын бағалауға көмектеседі.
Санау жұмысы белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Алғашқы апталарда мамандар тоғыз шағын колонияның бірін екі күнде бір рет қана бақылап, құстарға кедергі келтірмеуге тырысады. Ұялардың 95 пайызында жұмыртқа пайда болған кезде бүкіл аралдағы ұялар мен жұмыртқалар саналады. 2024 жылғы желтоқсанда жүргізілген есепте 571 ұя мен 938 жұмыртқа тіркелген. Маусым соңында балапандарды санау жұмысы қайталанады. Соңғы маусымда 685 балапан есепке алынған.
Үміткерлерге қойылатын ең төменгі жас талабы – 18 жас. Жоғарғы жас шектеуі жоқ, бірақ физикалық дайындық қажет: қызметкерлерге 20 литрлік су ыдыстарын және салмағы 15 келіге дейінгі жәшіктерді көтеруге, қар қазуға және тайғақ жартастардың үстінде қайықтардан жүк түсіруге тура келеді.
Ұйымның хабарлауынша, бұл маусымға өтінім қабылдау аяқталған. Келесі конкурс келер жылдың басында жариялануы мүмкін. Дегенмен жұмысқа өтініш бергісі келетіндер үшін негізгі талап өзгермейді: Ұлыбританияда тұру және елде жұмыс істеуге рұқсаты болу қажет. Ұйым бұл талап бойынша ерекшелік қарастырмайтынын ескертеді.