Қазақстанға келген германиялық саяхатшылар қиын жағдайға тап болды

Бүгін, 20:37 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/police.atyrau

Қазақстан арқылы Қырғызстанға бара жатқан Германия азаматтары Атырау облысында көліктерінің бұзылуына байланысты жолда қалып қойған. Оларға патрульдік полиция қызметкерлері көмекке келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 10 қазан күні сағат 22:50 шамасында Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылы маңында болған.

Жанармай құю бекетінің жанынан өтіп бара жатқан тәртіп сақшылары төрт шетелдік азаматтың көмекке мұқтаж екенін байқаған.

Белгілі болғандай, Германиядан келген саяхатшылар автокөлікпен Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға бағыт алған. Алайда жол үстінде көліктерінің бір бөлшегі істен шығып, әрі қарай жүру мүмкін болмай қалған.

Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері Әліби Жасталапов пен Нұрмағанбет Мұқышев туристерге қажетті көмек көрсеткен.

Сонымен бірге тәртіп сақшылары шетелдік азаматтарға жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын түсіндірген.

Көрсетілген көмектен кейін саяхатшылар көлігімен қайта жолға шығып, Қырғызстанға қарай сапарын жалғастырған.

Полиция қиын жағдайға тап болған азаматтарға жол үстінде көмек көрсету патрульдік қызмет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Тэгтер:

Атырау облысы Германия