"Құрамада жай ғана ешкімді жүргізіп қоймаймыз": Бақыт Сәрсекбаев құрамадағы жұмысына сын айтқандарға жауап берді

Бүгін, 20:11 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/b.sarsekbayev

Бокстан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев команда құрамына жаңа спортшыларды қосу туралы ұстанымын түсіндірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында әр жарыста түрлі боксшыларға мүмкіндік беріп, ұлттық құраманың мықты резервін қалыптастыруды мақсат етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сәрсекбаевтың сөзінше, бұрыннан нәтижесі бар, тәжірибелі боксшылармен ғана жарысқа қатысу қауіпсіз шешім болғанымен, мұндай тәсіл жаңа есімдердің ашылуына кедергі келтіруі мүмкін.

"Мен жаңа есімдерді ашудан қорықпаймын! Жауапкершіліктен қашып, реформа жасаудан қорқып, бұрыннан танылған, нәтижесі бар "обкатанный" балаларды алып жүре берсем, маған біреу ұрса ма? Ал жаңа есімдер ұтылып жатса, бәріңіз жабылып мені талайтындарыңыз сөзсіз", – деп жазды ол.

Олимпиада чемпионы әртүрлі боксшыларды халықаралық жарыстарға апару арқылы олардың мүмкіндігін тексеріп, тәжірибе жинауына жағдай жасағысы келетінін жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі жастар – тек бүгінгі құрамның мүшелері емес, ертеңгі Ұлттық құраманың негізгі резерві.

"Ертең олардың ішінен кімге мүмкіндік берсек те, "Қазақстанның атынан шығуға дайын" деп сеніммен айта алатындай болуымыз керек", – деді Сәрсекбаев.

Ол әр салмақта бірнеше әлемдік деңгейдегі боксшы болғанын қалайтынын да атап өтті. Бапкердің пікірінше, құрам ішіндегі жоғары бәсекелестік спортшылардың босаңсуына жол бермейді.

Сәрсекбаев өзінің ұлттық құрамада өнер көрсеткен кезеңін еске алып, сол кезде бір салмақта бірнеше мықты боксшы болғанын айтты. Нәтижесінде спортшылардың бірі әлем чемпионатында, екіншісі Азия додаларында, тағы бірі Олимпиадада нәтижеге жетіп отырған.

"Менің арманым – Ұлттық құрамадағы әр салмақта таңдау жасауға қиналатын деңгейге жету. 1-2-5 нөмірдегі боксшы әлемдік деңгейде жұдырықтаса алатын болсын. Сонда ғана бізде нағыз бәсеке болады, боксшыларымыз босаңсымайды", – деп жазды ол.

Бапкер жаңа спортшыларға мүмкіндік берудің тәуекелі бар екенін де жасырмады. Дегенмен тек бүгінгі нәтиже үшін жұмыс істеу болашақ чемпиондарды байқамай қалуға әкелуі мүмкін екенін айтты.

"Менің мақсатым – бүгінгі алтынды ғана санау емес, ертең Қазақстанның намысын қорғайтын чемпиондардың тұтас плеядасын қалыптастыру", – деді ол.

Сәрсекбаев алдағы әлем чемпионатына баратын құрамның жартысына жуығын жаңа есімдермен толықтырғанын да мәлімдеді.

Оның айтуынша, келесі жарыстарда құрам тағы өзгеруі мүмкін. Ұлттық құрамадағы ешбір боксшының орнына кепілдік берілмейді және әр спортшы өз орнын үнемі дәлелдеуі керек.

"Құрамада жай уақыт өткізіп ешкімді жүргізіп қоймаймыз. Әркім өзінің құрамадағы орнын әрдайым қорғап отыру керек. Ең бастысы, біз бүгін болашақ үшін жұмыс істеуіміз керек", – деп түйіндеді Бақыт Сәрсекбаев.

Тэгтер:

бокс Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырушы