Сурет салғанда мидың әртүрлі аймағы қатар жұмыс істейді – зерттеу

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

Адамның сурет салудағы шығармашылық қабілеті мидың әртүрлі аймақтарын байланыстыратын жүйке талшықтарының құрылымымен байланысты болуы мүмкін. Мұндай қорытынды Cerebral Cortex журналында жарияланған зерттеуде айтылды. Нәтижелер шығармашылық ойлау мидың бір ғана орталығына емес, өзара байланысқан бірнеше жүйенің жұмысына тәуелді екенін көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Австриядағы Грац университетінің ғалымы Юлиус Восс бастаған зерттеуге 18-38 жас аралығындағы 142 адам қатысқан. Оларға алты түрлі сызық пен пішіннің фрагменттері беріліп, соларды пайдаланып 15 минут ішінде тұтас сурет салу тапсырылған.

Жұмыстар стандартталған шығармашылық тест арқылы бағаланды. Бағалау кезінде суреттің өзгешелігімен қатар, берілген пішіндерді қалай пайдаланғаны, композициясы, эмоциялық мәнері, әзіл элементтері, парақ кеңістігін қолдануы және қалыптасқан үлгілерден ауытқуға дайындығы ескерілді.

Қатысушылардың миы диффузиялық магниттік-резонанстық томография көмегімен зерттелді. Бұл әдіс ми тініндегі су қозғалысын бақылау арқылы жүйке талшықтарының құрылымын бағалауға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде шығармашылық тесттен жоғары ұпай жинаған адамдарда мидың көптеген аймағын байланыстыратын ақ зат талшықтарының бір құрылымдық көрсеткіші жоғары болған. Байланыстардың бір бөлігі қозғалысты басқаруға қатысатын ми жолдарынан, сондай-ақ көру ақпаратын өңдейтін аймақтарды маңдай және самай бөліктерімен жалғайтын талшықтардан анықталған. Ми жартышарларын байланыстыратын сүйелді денеде де осындай байланыстар байқалған.

Ғалымдардың түсіндіруінше, қозғалысқа жауап беретін жүйелер тек қимыл жасаумен шектелмейді. Олар мақсатқа бағытталған әрекетке, елестетуге және ойлау икемділігіне де қатысуы мүмкін. Ал көру аймақтарын басқа жүйелермен байланыстыратын талшықтардың нәтижелері сурет салуда визуалды ақпараттың маңызын аңғартады.

Зерттеушілер мидың ақ затын бағалайтын екі әдісті салыстырған. Талшықтардың тығыздығы мен қиылысатын күрделі құрылымдары туралы қосымша ақпарат беретін сандық анизотропия көрсеткіші шығармашылық қабілетпен кеңірек байланыс көрсеткен. Ал кеңінен қолданылатын фракциялық анизотропия әдісінде негізгі статистикалық шекке жететін нәтиже болмаған.

Дегенмен зерттеу шығармашылық қабілеті жоғары адамдардың ми құрылымы өзгеше екенін ғана көрсетеді. Ақ зат талшықтарының ерекшеліктері шығармашылықты арттырады деп тұжырым жасауға болмайды. Сонымен қатар ғалымдар тек сурет салу қабілетін зерттеген, сондықтан нәтижелерді жазу немесе музыка импровизациясы сияқты шығармашылықтың басқа түрлеріне тікелей қолдануға негіз жеткіліксіз.

Тэгтер:

ми сурет салу