Жаркенттегі атыс: Адам өлтіруге оқталды деген күдікпен екі адам ұсталды

Бүгін, 16:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жетісу облысының Жаркент қаласында ер адамдар арасында жанжал болып, атыс қаруы қолданылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жетісу облысының Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша бұзақылық және адам өлтіруге оқталу белгілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

— Алдын ала мәліметтер бойынша, бұрыннан таныс ер адамдар арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданған. Соның салдарынан оқ жарақатын алған 33 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлады полиция.

Тергеу барысында құқық қорғау органдары оқиға кезінде қолданылған болуы мүмкін қаруды тәркіледі. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция әлеуметтік желілерде таралып жатқан қару мемлекеттік органдармен байланысы бар адамға тиесілі деген ақпаратқа да түсініктеме берді.

— Қолданылған атыс қаруы мемлекеттік органдармен байланысы бар адамға тиесілі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деп мәлімдеді ведомство.

Жетісу облысы Полиция департаменті көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды. Жағдайдың мән-жайы мен құқық бұзушылықтың саралануына байланысты мұндай әрекеттер үшін, оның ішінде жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Тэгтер:

күдікті Полиция Жетісу облысы қару Жаркент атыс