Ақмоладан Өскеменге дейін: 1 800 шақырымды қамтитын «Таза Qazaqstan» road-эстафетасы басталды

Бүгін, 15:52 / Алуа Арман

Бүгін «Әділет» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен Ақмола облысының Қоянды ауылында «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы басталды. Астана – Өскемен бағыты бойынша өтетін эстафета аясында Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы автожолдардың бойындағы жалпы ұзындығы 1 800 шақырымды қамтитын аумақты қоқыстан тазарту жоспарланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Road-эстафета барысында 10 аудан мен 59 ауылды қамту көзделген. 5 негізгі бағыт бойынша экологиялық, қоғамдық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, жол бойындағы аумақтар қоқыстан тазартылып, экологиялық акциялар мен экоактивитилер өткізіледі. Құрылтай депутаттары ауыл тұрғындары, сондай-ақ, жастармен кездесулер өткізбек. Тарихи-мәдени орындарда вандализмге қарсы күреске бағытталған акциялар мен «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар да өткізіледі. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып отыр.

Эстафетаға қатысқан Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерқанат Мұсылманбек тазалықты сақтау – тек бір реттік шара емес, әр азаматтың күнделікті өміріндегі басты қағидалардың бірі болуға тиіс.

«Бүгінгі іс-шарамыздың нақты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру. «Таза Қазақстан» – тек тазалық жұмыстары емес, әр азаматты туған жерін аялауға шақыратын жалпыұлттық бастама. Бұл эстафета жастарды, еріктілер мен қоғам өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырады. Мұндағы басты міндет – елдімекендер мен жол бойындағы тазалықты сақтау, табиғатқа жанашырлық таныту. Мұндай игі істер біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуға тиіс», – деді ол.

Айналамызды таза ұстау – тек сенбілік өткізу немесе аумақты тазалаумен шектелмейтін, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс ортақ құндылық. «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев «Таза Қазақстан» бастамасы тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмей, қоғамда рухани тазалық пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруды көздейтінін айтып жеткізді. Ержан Жылқыбаев road-эстафетаның маңызына тоқталып, жас ұрпақтың бойына тазалық пен жауапкершілік құндылықтарын сіңірудің маңызын атап өтті.

«Жас ұрпақ тазалықты бойына сіңіріп, жақсы әдетке, қоғамдық мәдениетке айналдырады деп сенемін. «Таза Қазақстан» бағдарламасының мағынасы тереңде жатыр. Тек айналамыздағы қоқысты тазалап қана қоймай, жүректегі, ой-санамыздағы, тіліміз бен ниетіміздегі, бір-бірімізге деген қарым-қатынастағы тазалықты, ар-намыс пен жалпы қоғамдық қатынастың тазалығын сақтасақ мемлекетіміз бұдан әрі дамып, өрлей береді деген ойдамын. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Әділет» партиясының бастамасымен қолға алынып жатқан Road-эстафетасының да негізгі мақсаты – осыны ұғындыру, насихаттау, әр кездесуде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы мәдениетке тарту, Президентіміздің осындай тағылымды бастамаларын жеткізу», – деді ол.

Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, аталған road-эстафета аясында экологиялық мәдениетті нығайтуға, тарихи-мәдени мұраларды қорғауға және ауыл тұрғындарымен байланысты арттыруға бағытталған бірқатар шараны қамтиды.

«Бізбен бірге Құрылтай депутаттары, Экология министрлігінің, әкімдіктің, «Жасыл даму» АҚ компаниясының өкілдері келіп отыр. «Жастар рухының» қаншама жастары тұр. Бәрі бір үйдің баласындай жиылып, Президентіміздің реформаларына бірауыздан қолдау көрсетіп отыр. Road-эстафета аясында былтыр Астанадан Алматыға, Алматыдан Қызылордаға 2,5 мың шақырымнан астам жол жүріп, үш жүз тоннадан астам қоқыс жинап, қайта өңдеуге бердік. Ал бүгін 4 өңірге жол тартайын деп отырмыз. Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына бармақпыз. Бұл іске екі мыңнан астам табиғатқа жанашыр жас еріктілер ат салыспақ. Сонымен қатар жастарымыз «Вандализмге жол жоқ» акциясының аясында Жидебай, Баянауылдағы маңызды ескерткіштердің маңайын да тазаламақ. Мемлекет басшысы граффитилерге қарсы шара қолдануға да көп көңіл бөліп жатыр. Қоқыс тазалаудан бөлек, депутаттарымыз 10 аудан, 59 ауылға барып қоғамдық қабылдау өткізеді. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, одан кейін ол мәселелерді Құрылтай мінберінде көтеруге дайын», – деді ол.

Эстафетаға қатысу үшін Ақмола облысынан келген жас маман Айгерімнің пікірінше, мұндай шаралардың жастарды отансүйгіштікке, қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелейді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Қояндыда өтіп жатқан сенбілікке қатысу үшін Целиноград ауданы, Қаражыра ауылынан келдік. Облыстан біршама жас жиылдық. Мұнда тек қоқыс тазаламайсың, аға буынмен араласып, танысып, орта көресің. Қоғамдық жауапкершіліктің не екенін түсінесің. Бойыңда отансүйгіштік, патриоттық сезімдер оянады. Жас кезде, күш-қуатың көп кезде елдің осындай істеріне үлес қосу – басты міндетіміз», – дейді ол.

Айта кетейік, «Жастар Рухы» жастар қанаты 2024 жылы алғаш рет «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын өткізіп, Астана – Алматы тас жолының 1200 шақырымын қоқыстан тазартуға ат салысқан-тын. Былтыр аталған эстафета аясында Алматы, Жамбыл, Шымкент қаласында, Түркістан және Қызылорда облыстарының тас жолдарында 1200 шақырымға жуық аумақ қоқыстан тазартылды.

Тэгтер:

Акция Таза Қазақстан Ержан Жылқыбаев