Жыл басынан бері полицияға балалардың жоғалуына байланысты 500-ден астам хабарлама келіп түскен. Оның 220-сы "102" арнасы арқылы қабылданған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде барлық бала табылды. Бұқаралық іс-шаралар кезінде де балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Концерттер өтетін күндері ата-анасынан көз жазып қалған балалар туралы тәулігіне 10-15 хабарлама түседі. Әрбір дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, балаларды іздестіру шараларын жүргізеді.
Алакөл жағалауында демалу кезінде жоғалған 120 бала да полицейлердің көмегімен табылып, жақындарына тапсырылды.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балаларды қараусыз қалдырмауға, әсіресе адам көп жиналатын орындарда және су айдындары маңында олардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады.
Сондай-ақ балаларға адасып қалған жағдайда полиция қызметкерлеріне жүгіну қажеттігін алдын ала түсіндірген жөн. Бала жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпай, "102" нөміріне хабарласу қажет.
Бұл ретте баланың сыртқы келбеті, киген киімі, соңғы рет көрінген жері туралы мәліметтерді және соңғы фотосуретін ұсыну іздестіру жұмыстарын жеделдетуге көмектеседі.
Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау — полиция қызметінің басым бағыттарының бірі.