«Әділет» партиясының жастар қанаты Қазақстан аумағында «Вандализмге жол жоқ!» акциясын бастады. Бүгінде акция үш өңірде – Алматы қаласында, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында өтті. Белсенділер таудағы ақпараттық тақтайшаларды тазалап, ескерткіштер мен мемориалдардағы жазуларды өшіріп, қоғамдық орындарды ретке келтірді. Акцияның негізгі идеясы қарапайым: ортақ игілікті сақтау мәселесі әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Акция Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтуде. Оның негізгі бағыттарының бірі – қоғамда құқық бұзушылықтарға, соның ішінде вандализм мен бұзақылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру.
Әр өңірде акция өзіндік сипатта өтті. Алматыда белсенділер теңіз деңгейінен 1610 метр биіктікте орналасқан «Ақ-Бұлақ» бұлағына көтеріліп, ақпараттық тақтайшаларды тазалады. Бұл тақтайшалар туристерге бағыт-бағдар беріп, табиғат аясындағы ережелерді еске салады.
«Әрбір бүлінген нысан мен ластанған аумақ табиғатқа деген көзқарасымызды көрсетеді. Туған өлкенің табиғатын келер ұрпақ үшін сақтап қалу – бәрімізге ортақ міндет», – деді «Әділет» партиясы жастар қанатының консультанты Зухра Иманбаева.
Зухра Иманбаеваның айтуынша, тазалық жүргізу жұмысы – уақытша шешім. Қоршаған ортаның тазалығы әр адамның табиғатты аялай білуінен басталады. Сондықтан белсенділер бұл акция арқылы тұрғындарға тауларды, соқпақ жолдар мен бұлақтарды сенбіліктер кезінде ғана емес, күн сайын қорғау қажет екенін еске салғысы келеді.
Алматыда белсенділер табиғатты қорғау ісіне көңіл бөлсе, Таразда тарихи мұраны сақтап қалу ісіне күш салды. Партия облыстық филиалындағы жастар қанатының 50-ден астам өкілі «Тектұрмас» этнотарихи кешені аумағын ретке келтірді. Бұл – көне қаланың тарихымен және түркі өркениетінің мұрасымен тығыз байланысты маңызды орындардың бірі. Акцияға қатысушылар ескерткіштер мен қоршаулардағы 150-ге жуық граффити жазуын өшіріп, аумақты тазалады.
«Тарихи орындарға құрмет көрсету – оларға ұқыпты қараудан басталады. Қоғамдық орындарды бүлдірген кезде оның салдары туралы әрдайым ойлана бермейміз. Жастар осындай акцияларға қатысу арқылы тек айналаны ретке келтіріп қана қоймай, туған өлкенің тарихына бейжай қарауға болмайтынын да көрсетеді», – деді «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жастар қанаты төрағасының орынбасары Мерей Жолдасбек.
Оралда тарихи орындарды ұқыпты ұстау мәселесі негізгі тақырыпқа айналды. Партия облыстық филиалындағы жастар қанатының белсенділері Жеңіс алаңы жанындағы мемориалдық кешенге барды. Онда олар Мәңгілік алау маңындағы жазуларды өшіріп, кейін Жайық өзенінің жағалауындағы қоқысты тазалады. Жуырда ашылған саябақта да вандализм іздерін жоюға тура келді. Мұндай жағымсыз әрекеттер жаңа нысандарда да орын алып жатқаны белсенділерді алаңдатуда. Тазалық жұмысы Жеңіс алаңында, А.С. Пушкин атындағы скверде және Пугачев көшесінің маңында жүргізілді.
«Тазалық жұмысын жүргізу арқылы қалаға деген жанашырлығымызды іс жүзінде көрсеткіміз келеді. Егер әрбір тұрғын қоғамдық мүлікті сақтау ісіне өз үлесін қосатын болса, қаламыз таза әрі көрікті болып қала береді», – деді «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалындағы жастар қанатының белсендісі Шұғыла Нұрмұханова.
«Әділет» партиясы үшін мұндай акциялар азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі саналады. Ол қалалардың қоғамдық өміріне жастардың белсенді араласуына ықпал етеді. «Вандализмге жол жоқ!» акциясы жалғасуда: жастар қанаты оны еліміздің өзге де өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.